- Advertisement -

Күрделі мәселеге көңіл бөлінсе…

43

- Advertisement -

Адам денсаулығы қай кезде де маңызды. Сарысу ауданына сапарымызда аудандық орталық аурухананың мәселесін барып көрдік. Аталған ауруханаға аудан бойынша 38 мың 258 адам тіркелген. Ауданда 27 медициналық ұйым бар. Бас дәрігер Айнұр Каликованың айтуынша, кардиолог, дерматовенеролог, хирург, онколог, эндокринолог, отоларинголог, маммолог мамандар халыққа қызмет көрсетіп келеді.

САРЫСУ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНДАҒЫ САЛҒЫРТТЫҚ

Бас дәрігермен бірге аурухананың ғимараттарын аралап шықтық. 1969 жылы салынған аурухананың тозығы жеткені көрініп тұр. Науқастармен де сөйлестік. Алайда, талай жылдан бергі күрделі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. «Ғимараттарымыз ескі. Бірақ, жылы. Жаңатас қаласының кіреберісінен жаңа аудандық аурухана салынғалы жатыр. Әзірге сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданды. Бұйырса, келесі жылдары жаңа аурухана құрылысы жүргізілетін болады», – деді бас дәрігер.

Бірақ, аталған ауруханаға қатысы бар жайсыз ақпарат әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Аудан тұрғыны Айгүл Қасымбекова інісі Дархан Баяновтың өмірден өтіп кетуіне осы аурухана дәрігерлері мен қызметкерлерінің салғырттығы, немқұрайлы көзқарастары себеп болды деп санайды. Ол: «Інімнің аттан жығылып қатты жарақат алғаны рас. Бірақ, ол аудандық орталық ауруханаға есін біліп келді. Дәрігерлер ЖСН нөмірін сұрағанда, жатқа айтып берді. Дәрігер Ержан До с алиев: «Науқастың сүйегі сынбаған» деп мәлімет берді. Содан кейін де інім аталған ауруханада үш күн жатып қалды. Үшінші қабаттан өзі түсіп, шығып жүрді. Тек соңғы сәтте жағдайы күрт нашарлап, ауданда ота жасалды. Ақ халаттылар інімді аман алып қала алған жоқ. Бұл жерде ота жасалғанына кінә артып тұрған жоқпын. Неге сол ота ерте жасалмады, болмаса өздері ештеңе білмейтін болса Тараз қаласына неге ерте жібермеді? Таразға ертерек жібергенде інім аман қалатын ба еді? 28 жастағы азаматтың өмірі қиылып кетіп отыр. Ауданның дәрігерлері тікелей кінәлі деуден аулақпын, бірақ салғырттықтары бар деп айта аламын», – дейді Айгүл Қасымбекова.

Жап-жас азаматтың өмірден мезгілсіз өтіп кеткені өкінішті. Маңдайына жазылып тұрған тағдыры сол шығар. Дегенмен, жұрттың Алладан кейінгі сеніп, үміт артатыны – дәрігерлер. Олардың отаны кешіктіріп жасағаны бақилық болған азаматтың жақындарының көңілінде күдік қалдырды. Сарысу аудандық ауруханасындағы салғырттықтың соңы кісі өліміне апарса, күрделі мәселенің де күрмеуінің шешіле қоюы екіталай.

ТОҒЫЗКЕНТТІҢ ЖАЛҒЫЗ ДӘРІГЕРІ ТОҒЫЗ АУЫЛҒА ҮЛГЕРЕ МЕ?

Жауаптылардың айтуынша, ауданның ең шалғай Қамқалы ауылдық округінде ғана дәрігер жоқ. Бірақ, аталған округті де Тоғызкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, терапевт маман Әбдіраман Үсенов қамтып отыр. Бұл амбулатория Тоғызкент және Досбол ауылдық округтеріне қарасты Тоғызкент, Әбілда, Майлыкөл, Досбол, Көкдала -1, Көкдала -2 ауылдарын қамтиды. Оған Қамқалы ауылдық округіндегі Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарын қосыңыз. Сонда тоғыз ауылға бір ғана дәрігер қызмет жасап отыр деген сөз. Әрине, бұл жағдай ауылдарға жас дәрігер мамандар бармағандығынан, амалсыздықтан жасалып отыр. Дегенмен, тоғыз ауылға бір дәрігер бекітілуі ешқандай ақылға сыймайды. Тоғыз ауылды қамтып отырған дәрігердің жасы жетпіс бірде. Былтыр 70 жасына орай аудан көлемінде біраз марапатқа ие болған. Әрине, бұл кісінің 42 жыл бойы сіңірген еңбегіне қандай алғыс айтса да артық болмас. Алайда, жетпіс жастан асқан дәрігер аяңдап жетем дегенше, алыс ауылдардағы науқастардың жағдайы қандай болады. Бұл да ойландыратын сауалдың бірі. Бұл кісінің жасы ұлғайғаны аздай, осы күнге дейін тозығы жеткен ескі «Нива» және ескі «Жедел жәрдем» көлігімен жүрген. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы Марат Жұманқұловтың қолдауымен жаңа «Жедел жәрдем» көлігіне қол жеткізіпті. Ол туралы дәрігер Әбдіраман Үсеновтің өзі: «Қазіргі таңда үш ауылдық округпен жұмыс істеп отырмын. Тоғыз ауылды қамтимын. Оның ішінде Қамқалы ауылдық округінде дәрігер болмағандықтан, 0,5 жүктемемен жүрмін. Барлық ауылда орта буынды медициналдық мамандар жеткілікті. Шу бойына 396 шақырым жол жүріп жетемін. Кейде Досбол ауылы арқылы жақын жағымен барамын. Кезінде берілген «Жедел жәрдем» көлігі көп жұмысымды жеңілдетіп отыр. Ал, қосымша жүрген «Нива» көлігіне жиырма жылға жуық уақыт болған, ескі. Облыстық басқармадағылар жаңа «Нива» көлігін береміз деп уәде етіп отыр. Маған сол «Нива» ыңғайлы, «Жедел жәрдем» көлігіне осы жаста мініп, түсуім де оңай емес. Шу бойындағы ауылдарға кестеге сәйкес үш аптада екі рет барып тұрамын. Жақында ғана барып қайттым», – деді.

Бұл жерде білікті дәрігер Әбдіраман Үсеновті кінәлаудан аулақпыз. Ол өзінің міндетін шамасы келгенше атқарып келеді. Дәрігер тапшы болған соң, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Дегенмен, осы тұста айтарымыз бар. Ол жақтағы 2 мыңға жуық тұрғын кесте бойынша ауырмайтын шығар. Бізге осы жағы түсініксіз болды.

Жасы келген дәрігерлерді лажсыз ұстап отыру жағдайы бір бұл емес. Саудакент ауылдық ауруханасында қызмет етіп жүрген Дүкен Наурызбаев, Зина Аймағанбетовалар білікті дәрігер болғанымен, жас мөлшері тоғыз ауылды емдеп жүрген дәрігермен шамалас, зейнетке әлдеқашан шығып кеткен кісілер. Бұл ретте ауданның бас дәрігері Айнұр Тұяқбайқызы: «Біз қолымыздан келгеннің бәрін қарастырып жатырмыз. Былтыр ауданымызға 4 жас дәрігер маман келді. Бұл мәселені алдағы уақытта жолға қоятын боламыз», – деді.

БАЙҚАДАМДАҒЫ АУРУХАНА БОС ТҰР

Байқадам ауылдық ауруханасында да болдық. Мұнда да біраз мәселелер бар. Былтырғы жылдың соңында аталған аурухананы жауып, ол ғимаратты оңалту орталығына беру туралы да сөз болған. Мәселеге облыстық, аудандық мәслихаттың бірқатар депутаттары араласып, мән-жайды зерделеп, Байқадамның ауруханасы жабылмай қалыпты. Бізді мұндағы жұмыстармен аталған ауылдық аурухананың аға дәрігері Гүлира Сұлтанова таныстырды. Мұнда біраз жаңа аппараттар алынды деп естіген едік. Бірақ, аға дәрігер бізге жаңа қойылған рентген бөлмесін көрсете алмады. Неге екенін қайдам жұмыс уақытында рентген бөлмесінің есігі кілттеулі тұрды.

Бір байқағанымыз, мұнда емделушілер саны аз. Бір сөзбен айтқанда, Байқадам ауылдық округіндегі аурухана бос тұр. 1987 жылдары салынып, он жылға жуық аудандық аурухана болған нысан мықты, сапалы. Ауыл тұрғыны, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова: «Байқадам ауылдық округіндегі бұл аурухананы кеңінен пайдаланған дұрыс. Кейбір бөліктерін күрделі жөндеуден өткізіп жіберсе, менің ойымша, аудандық аурухана болуға да жарап тұр», – деп өзінің ойын білдірді.

Айта кетерлігі, Сарысу ауданы әкімінің идеология, әлеуметтік сала бойынша орынбасарының орны біраздан бері бос тұр. Мұндай маңызды орынның бос тұруы біраз іске кедергі болатыны да рас. Сондықтан, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың өзіне де хабарласқан едік. «Бізде Байқадам ауылдық округіндегі аурухананы жабу туралы әңгіме жоқ. Ол ауруханаға біраз аппараттар алдырдық. Игілік, Жаңаталап, Тоғызкент ауылдарының тұрғындары да қамтылады. Жаңатастағы аудандық аурухана апатты жағдайда деген қорытынды бар. Сол себепті жаңа аурухана соғуға бес гектар жер берілді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Қалай десек те, Жаңатас қаласында да аурухана керек қой», – деді аудан басшысы.

Жаңасы салына ма, Саудакенттегі ауруханаға көше ме, аудандық аурухана сақталатыны анық. Оған күмәніміз жоқ. Біздің айтпағымыз, Сарысу ауданында да дәрігер мамандар жеткілікті болып, олардың білім сапасы да жоғары болса деген тілек. Адам – қоғамның басты байлығы екенін ескерсек, оның денсаулығы да мейлінше маңызды болуы тиіс деп ойлаймыз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support