- Advertisement -

Бағала оны, бағала!

17

- Advertisement -

Облыс полицейлері үш күн ішінде 400-ге жуық азаматты отбасылық жанжал үшін жауапқа тартқан. Ал, былтыр дағдарыс орталықтарына 165 бала мен 68 әйел орналасып, «Ана үйі» орталығына баласы бар 23 әйел барған. Айдың, күннің аманында кішкентай, тіпті, құндақтағы баласымен аналарымыз не істеп жүр? Сананы сілкінтер сұрақтың жауабына келгенде жанымызды жейтініміз тағы бар. Қыз-келіншектерге, әйел-аналарға пана болар дағдарыс орталықтары жайдан-жай ашылды дейсіз бе?! Қазақ азаматы отбасына, қарындасына, әпкесіне қорған болудан қала бастаған тұста осы қадамға бардық емес пе?!

Тұрмыстық зорлық-зомбылық етек жайған елдердің қатарына өзіміз де қосылдық. Бүгінде еліміз бойынша 50-ге жуық дағдарыс орталықтары бар. 2000 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 22 367 болса, 2023 жылы 134 000 болған.

БҰҰ-ның Әйелдер қоры таратқан дерек бойынша, Қазақстанда өз отбасында зорлық- зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны бір жыл ішінде 500-ге жетеді екен. Әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін қазақ қоғамы қайда барады өзі?

Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, көп жағдайда отбасының тыныштығы үшін бәріне төзуге әзір. Бірақ, қоғамда ер адамдардың дені бәрібір әйелдердің өздерін кінәлайды екен. Бұған енді сала мамандарының, психологтар мен имамдардың да айтар уәжі бар. Қанша қорлық көрсе де, шағымдануға дәті бармай жүрген қаншама әйел бар? Ашумен арыз жазып қойған әйелдердің өзінің 90 пайызы шағымдарын кері қайтарып алады екен.

«Бұл статистиканы екі еселеп айта берсек болады. Өйткені, бұл сандардың артында «Ұят болады» деген өзіміздің ұлтымызға ғана тән түсінік тұр. Бір айтпайды, екі айтпайды, үш айтпайды. Бұл мәселе жылдар бойы жалғасып, әбден ушығып барып жария боп жатуы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Аудан, ауылдарда дағдарыс орталықтары жоқ. Сондықтан, жиындар, форумдар өткізіп, ел-жерді аралап бәрін жақсылап жеткізуге, түсіндіруге мәжбүрміз», – дейді «Ауыл» партиясы жанынан құрылған «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы жөніндегі комиссияның төрайымы Қарақат Әбден.

Психологтар бұл мәселені ер немесе әйелдің сонау өзі өсіп-өнген отбасынан алған тәрбиесімен байланыстырады. «Тәрбие отбасынан басталады. Кейбір ата-аналар баласын аямай ұрып жатады. Келісім жоқ, керіс бар. Бұл көріністің жиі қайталануы дұрыс емес. Өйткені, ол бала есейгенде, осыны қайталайтын болады. Сонда ғана сол баланың болашақ отбасын әлсіретіп, отбасындағы бірлікке сызат түсіруіне себепкер болғанын байқамай қалады», – дейді психолог Жанат Әшім.

«Кез келген агрессор жасаған әрбір соққысы үшін заң алдында жауапты екенін білсін. Өкінішке қарай, біз жанжалдасқан екіжақты татуластырып жатамыз. Осы дұрыс па? Жоқ. Туған-туыстардың өздері «ұят болады» деп, жазған арызынан бас тартуын сұрайды. Ал ол қайталанып-қайталанып, соңы қылмысқа барса, оған кім жауап береді?» – дейді ол. Психологтардың айтуынша, жанұядағы ұрып- соғудың салдарынан, балалардың 90 пайызы стокгольм синдромына шалдығады екен.

Сөзіміздің басында дағдарыс орталықтары туралы айттық. Алайда, олар қазір зорлық- зомбылық көрген келіншектерге, аналарға толыққанды көмек бере алмай отыр. Статистикаға сенсек, дағдарыс орталығының сенім телефонына күніне 20-30 әйел хабарласады екен. Оларға дағдарыс орталықтары тегін заңдық-психологиялық тұрғыдан кеңес береді. Бірақ, оларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ. Өйткені, Қазақстандағы 50- ден астам дағдарыс орталығының жартысынан көбі баспанамен қамти алмайды.

Елдегі алғашқы дағдарыс орталығы үкіметтік емес ұйым тарапынан ашылды. Енді дағдарыс орталықтарымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, мемлекет тарапынан қолдау жасалуы тиіс. Ол жер еңсесі езіліп, дағдарысты ахуалда жүргендердің жаңа өмірге бет бұрып, бақытты болу үшін күресуге шақыратын жеріне айналуы керек. Сондай-ақ, дағдарыс орталықтары облыста ғана емес, қалалар мен аудандарда болуы тиіс.

«Зорлық-зомбылық құрбандарының 70-90 пайызы құзырлы органдарға шағымданбайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 3 шағымның тек біреуі ғана сотқа дейін жетеді екен. Жиі кездесетін негізгі себептің бірі – жәбірленушілердің шағымын қайтып алуы. Тек алты шағымның біреуі ғана әкімшілік қамау түрінде жазаланады. Яғни, жасалған зорлық үшін берілетін жаза сәйкес келмейді. Бұл жәбірленушілерді құзырлы органдарға шағымдануға мотивация бермейді. Өздерінің қорғансыз әрі жүйенің оларды қорғауға кепілдік бермейтінін көрген соң райынан қайтады екен», – дейді облыстық Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының басшысы Жамал Қалыбекова.

Бүгінде аймақ бойынша 15-26 қаңтар аралығында «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Iс-шара отбасылық- тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алады.

Аталмыш шара барысында полиция қызметкерлері ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдармен «қорғау нұсқамасы», «ерекше талаптар», «маскүнем», «нашақор», «қолайсыз отбасы» санаттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударуда.

Сондай-ақ, полицейлер азаматтарға құқық бұзушылық жасағаны үшін қандай жазалау шаралары қарастырылатынын түсіндіреді. «Жалпы, іс-шара барысында 399 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған 950 тұлға қамтылды. Бұрын есепте тұрмаған 20-дан астам тұлға анықталып, тізімге қойылды. Отбасы тұрмыстық қарым-қатынастарда құқық бұзушылықтарға жол берген 58 тұлғаға қатысты қорғау ұйғарымы, сот шешiмiмен 10 адамға мінез-құлқы бойынша ерекше талаптар орнатылды», – дейді облыстық ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Мананбаев.

Қалай десек те, әйелдердің әлеуметтік ахуалы – әлем бойынша басты назарда. Өйткені әлемдегі әрбір бесінші әйел еркек кіндіктіден жәбір көреді немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал бізде әйелдердерді кемсітушілікке қарсы атқарылып отырған шаруалар көп болғанымен, қыз-келіншектеріміздің дені өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіне алмай отыр. Тіпті олардың көп бөлігі әлі күнге дейін өз құқықтарын қалай қорғауды білмейді. Сарапшылардың айтуынша, күнделікті күйбең тіршілікте зорлық-зомбылық көретіндердің басым бөлігі әйелдер екен. Әйел мүддесі қорғалмай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық немесе демографиялық ахуалының дамуы мүмкін емес.

Бүгінде еліміз бойынша ел халқының 55 пайызын әйел адамдар құрайды. Олар ер адамдармен қатар еңбек етіп, ұлттық экономиканың дамуы мен елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына өздерінің үлесін қосып отыр. Бірақ, олардың еңбектері тиісінше бағаланып отырған жоқ.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны 90 мыңнан асты. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,4 пайызды құрайды. Басшылық лауазымдарды әйелдердің 39,2 пайызы алады. Көріп отырғандарыңыздай, бұл сандар үлкен көрсеткіш емес. Билік пен басқару құрылымдарында, әсіресе квазимемлекеттік секторда әйелдердің жеткіліксіздігі байқалып отыр», – дейді «Мейірім құшағы» комиссиясының облыс бойынша төрағасы Әйгерім Сәрсенбаева.

Ер-азамат – отбасы үшін жауапты адам. Үйдегі тәрбие ер адамның өзінен басталады. Дін қызметкерлері отбасында қандай жағдай болмасын, сабыр сақталу керегін айтады.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support