- Advertisement -

«Жастарға жайлы орта қалыптастырған жөн»

516

- Advertisement -

Біртұтас, зайырлы мемлекетімізде бүгінде бір емес, бірнеше партия бар. Еңбек адамының құқығын қорғауды мақсат тұтқан партияның бірі – Қазақстан Халық партиясы. Сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік басқару тетігін жетілдіру, стратегиялық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару, жаңа Еңбек кодексі мен жастарға арналған Тұрғын үй бағдарламасын қабылдау, зейнет жасын төмендету сынды бірқатар мәселелерді көтерген партияның облыстық филиал төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Жанат Бастаубаевамен сұхбат құрудың сәті түскен еді.

– Жанат Әбдуәліқызы, қазір сіз облыстық филиалын басқарып отырған партия еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылып, коммунистік идеялардан бастау алғаны белгілі. Осыған орай бір сауал, бізде тіркелген бірнеше партия бар, Қазақстан Халық партиясын таңдауыңызға не түрткі болды? Бүгінгі таңда партия бағдарламасы қалай жүзеге асып отыр?

– Мен Кеңес одағында дүниеге келгенмін, ол кезде жас ұрпақтың идеологиясы мықты болатын. Кез келген мансап төменнен, жұмысшыдан басталатын. Оқуда, жұмыста өз қатарымның алды болдым. 1983 жылы компартияның мүшесі атандым.

Мені 2017 жылы Қазақстан Халық партиясына – екінші хатшы ретінде жұмысқа шақырды, партияның бағдарламасы маған ұнады, қарапайым азаматтардың өзекті мәселелерін көтеретіні және оны билікке жеткізіп жататыны көңілімнен шықты. Себебі кез келген адам шындықты шырқырата айтам дегенімен, елдің мәселесін билікке ойдағыдай жеткізу оңай шаруа емес. Кейінірек партия атауы өзгертіліп, құрылымы өңделген соң, 2019 жылы Қазақстан Халық партиясы Жамбыл облыстық филиалының бірінші хатшысы, төрағасы болып тағайындалдым.

Қазақстан Халық Партиясы облыстық филиалының соңғы бір жылдық жұмысының өзінде бірқатар істер атқарылды. Филиалдың аймағымызда 13207 мүшесі бар. 1 адам облыстық мәслихатында, 3 адам Тараз қалалық мәслихатта, 1 адам Байзақ аудандық мәслихатында, 2 адам Жамбыл, 2 адам Жуалы, 2 адам Т.Рысқұлов, 1 адам Қордай аудандық мәслихаттарында, яғни, облыс орталығы мен 7 аудан бойынша 12 депутатымыз бар.

Бір мүшеміз Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының әкімі. Облыстық Қоғамдық кеңесіне 2 адам және Тараз қаласы Қоғамдық Кеңесіне бір адамымыз мүше. Облыста 11 партиялық ұяшықтарымыз ашылған. Филиал депутаттары тарапынан өңірдің тиісті мемлекеттік органдарына 67 депутаттық сауал жолданды. 667 адам мүшелікке қабылданды. Халықпен 240-тан астам кездесу өткізілді, оның 138-і облыс округтерінің сайлаушылары мен ректоралдық кезеңіндегі кездесулер. Өткен жылы әлеуметтік желілерде 685 пост жарияланды.

Партия бағдарламасы барлық кездесулерде халықтың қолдауына ие. Жалпы, «ҚХП» ҚБ облыстық филиалы өңірдің түрлі іс-шараларына белсенді атсалысады. Барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен өзара бірлесе іс-қимыл жасауда.

Өңіріміздегі белсенді жұмыстарымыздың нәтижесінде біздің Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы жергілікті атқарушы органдар мен халық алдында үлкен құрметке ие.

2023 жылы облыстық филиал «Нәтижеге арналған жұмыс» Құрмет дипломымен марапатталып, соңғы 3 жылда «ҚХП» республикадағы ҚХП филиалдары рейтингінде көшбасшы орынға ие болуда.

Активпен ауылдық округтер мен аудандардың әкімдеріне кандидаттарды іріктеу, сондай-ақ партияның мүшелігіне тарту жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

– Партия өзінің жаңадан құрылған Жастар қанатымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын көзі қарақты жұрт көріп, естіп-біліп отыр. Елдегі бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

– Қазақстан Халық партияның облыстық филиалы 2023 жылдың қараша айында Жастар қанатын құрды. Жастар қанаты әлеуметтік, экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық және қайырымдылық бағыттары бойынша өз жұмысын жүзеге асыруда.

Қазіргі заманда балалардың, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі өте өзекті тақырып. Білім беру орындары, тәлім-тәрбие мекемелері мен отбасы институттары арасында тығыз байланыс орнатылып, барлық деңгейлі оқу мен білімді жүйелі қамтамасыз ету үшін дұрыс жағдай жасалуы қажет. Көп нәрсе отбасындағы тәрбиеге байланысты ғой. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне көбінесе көңілім толмайды. Себебі, нарықтық өмір адамдар психологиясына қатты әсер етуде, ұлттық идеологиядан жұрдай адамдар пайда болды, айналамызда нарықтың қатыгез кейіпкерлері толып жүр. Ал олар біздің жас ұрпағымызға өзінің нашар ықпалын тигізбей қоймайды. Қазір заман басқа, мобильді уақыт, жастар заман ағымына ілесіп, ұялы телефондарынан бастарын көтере алмай жүр. Бүгінгі жастарымыз биліктен әділдікті талап етуде. Жұмыссыздық та бар. Еліміз шет елдерге кетіп жатқан ақылды жастардан жыл сайын айырылып барады. Сол өкінішті. Сол ақылды жастарды өз елімізде қалдыру үшін, оларға ыңғайлы орта қалыптастыру үшін күресу біздің басты мақсатымыз.

– Облыстық мәслихат депутаты ретінде атқарушы билік өкілдерін сынға аласыз ба? Сайлаушыларыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай? Қоғамдық қабылдауыңызға жазылушылардың дені қандай бұйымтаймен келеді?

– Партия филиалының төрағасы әрі облыстық мәслихат депутаты ретінде аймақ тұрғындары мен сайлаушылардың атынан тұрғындар тұтынатын ауызсуды, табиғи газды пайдалануды жүзеге асыру, әлеуметтік тұрғын үй құрылысын көбейту, жерді шетелдіктерге сатпау, білім мен денсаулық сақтау саласының тегін болуы, әйелдердің зейнетке шығу жасын 55-58-ге қысқарту туралы, қауіпті зауыттарда еңбек ететін азаматтардың зейнетке ерте шығуы жайлы, техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру, өңдеуші секторды дамыту және отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау туралы, экология, кұрылыс саласының сапасын арттыру және сол секілді түрлі мәселелерді көтеріп жүрмін.

Атқарушы билікті әр сессияда сынға алатыным рас. Әр адам өз жұмысын тиімді әрі сапалы атқару керек деп ойлаймын. Егер ол көшбасшы болса, ол мықты, жан-жақты басшы болуы тиіс. Басшы адам іскер болуы керек. Әрбір басшының атқаратын өз функциялары бар болғанымен, басшы ретінде халықпен кездескенде диалог жүргізе білуі керек және халықтың проблемаларының шешімін таба алуы тиіс. Мысалы, құрылысшы болсаң – нысандар сапалы салынуы керек, дәрігер болсаң – адамдарды дұрыс емдей білуің керек. Әр саладағы басшы өзіне лайықты орнында болса деймін. Жоғары білімді ғана емес, жоғары білікті де маман болса екен. Бірақ, барлық басшы бір-бір ұжымға басшылық етіп отырғанымен, ел көңілінен шығып, халықпен етене жұмыс істей бермейтіндігі бәрімізге белгілі. Ал халық – сарапшы.

Мен сайлаушылармен үнемі кездесемін, 2023 жылдың өзінде менің жеке қабылдауымда екі жүзден астам азамат болды. Олардың дені инфрақұрылым, жолдар мен тротуарларды асфальттау, ауыз су, көше бағаналарында жарықтың болмауы, әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу, жер мәселелері, кәсіпкерлік, тұрақ, иесіз кәріз, қаңғыбас иттер секілді мәселелермен жүгінген. Қолымнан келгенше барлық мәселелердің түйінін тарқатуға тырыстым. Мүмкіндігінше ешкімнен көмегімді аяғым келмейді.

– Отбасыңыз, балалық шағыңыз жайлы есіңізден ешқашан шықпайтын қандай естеліктер бар?

– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Анам Гүлжахан Сұлтанқызы он екі баланың анасы, батыр ана. Әкем Әбдуәлі Қоржынбайұлы бас құрылысшы болып жұмыс істеген. Кезінде Кеңес одағы бойынша және шетелде элеваторлар, диірмендер, жем зауыттары, дөңес көпірлер, көпқабатты үйлер және сол секілді ірі жобаларды салған.

Шу ауданындағы бұрынғы Ленин селосының топырағында аунап-қунап өткен балалық шағымды бұл күндері сағынышпен еске аламын. Ата-анам мені мектепте жақсы оқып, үлгілі тәрбие, жоғары нәтиже көрсеткенім үшін мектеп жолдамасымен демалуға жиі жіберетін. Содан мектепте білім алып жүріп, демалыс кезінде Кеңес одағының он бес республикасының барлық қалаларында болдым. Қазір ойлап қарасам, ата-анам бізді тәуелсіз өмірге дайындапты. «Мынау болады», «мынау болмайды» дейтін қатаң тәртіп пен қазақы тәрбиеге негізделген ұлтымыздың тыйым сөздерін санамызға қатты құйды. Сонымен қатар, бетімізден қақпай, белімізді буғызып, біздің ашық ойымызбен санаса отырып, еркін өсірді. Әсіресе, әжеміз бен атамыздың жанына үйір едік. Ол кісілер айналасына ісмер-іскерліктерімен танылған, бүкіл ауылға сыйлы кісілер болатын.

Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде «Әр халықтың сәндік-қолданбалы өнері» атты халықаралық байқауға қатыстым. Жарыс Мәскеу қаласында, орта мектеп оқушылары арасында өтті. Мен он бес республиканың арасынан 1-орынға ие болдым, сонда бұл жүлдемді бұйымдармен жұмыс істеуді үйретіп, кішкентайымнан қол өнеріне баулыған әжеме арнап едім.

Студент кезімде 1989 жылы Мәскеуде ЮНЕСКО-ның демеушілігімен «Ұлы Жібек жолы – диалог пен ынтымақтастық жолы» халықаралық археологиялық экспедициясына қатыстым. Делегация құрамында Бельгия, Ватикан, Египет, Иран, Ұлыбритания, Үндістан, Ирак, Италия, Қытай, Пәкістан, АҚШ, Түркия елдерінің көрнекті ғалымдары – тарихшылар, археологтар, этнографтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Германия, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея, Жапония, Оман, Кеңес одағы сынды бірнеше мемлекет атсалысқан керемет шара еді.

Есімнен ешқашан кетпейтін тағы бір кез бар. Ол – бүкіл жер жүзінің күнтізбесі ауысып, желтоқсан айының соңғы сағаттары соғатын сәт. Біздің үйде жаңа жыл қарсаңындағы дастарханда қарбыз жеу дәстүрі болатын, оны әкем 31 желтоқсанға дейін қалай сақтауды білетін. Осы керемет суреттер менің нағыз бақытты да алаңсыз балалық шағымның көркем көріністері.

– Есейген шағыңыз, студенттік жылдарыңыз қайда өтті?

– Орта мектептен соң 1980-81 жылы Көкшетау техникалық училищесінде оқыдым. 1981-87 жылдары Бірлік нан қабылдау кәсіпорнында лаборант, аға мастер, комсомол және партия хатшысы боп жұмыс істедім. 1987-1992 жылдары – Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтында оқып, инженер-механик мамандығын алдым. 2002 жылы «Аулие-Ата» университетін экономист-қаржыгер мамандығы бойынша, 2003 жылы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдадым.

Вашингтон қаласында АҚШ-тың сауда министрлігінің «SABIT» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметтегі жас басшыларға арналған іскерлік тағлымдамасынан өттім. Одан бөлек, 35-тен астам біліктілікті арттыру сертификаттарын алғанмын.

– Қоғам өмірінде сізді қандай мәселелер толғандырады?

Сайлаушыларыммен кездесулерде көбінесе қымбатшылық мәселесі айтылады. Мен бұл пікірге толықтай қосыламын. Бізге көптеген тауарлар мен өнімдер әлі де шетелден жеткізілетіні қынжылтады. Осы қатарға жастардың өзге елге жұмыс іздеп кетуін де қосуға болады. Жалпы, жер жаһан тағдыры, әр жерде су тасқыны, жер сілкінісі, соғыс болып жатқандығы да толғандырады.

Мені мұндай күдіктер мен күмәндардан біздің халқымыздың аппақ пейілі мен таза ниеті ғана алып шығуда. Алға тек жақсы үмітпен қараймын.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Сұхбаттасқан Үміт БИТЕНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support