- Advertisement -

Күре жолдың күрделі жөндеуі қашан бітеді?

28

- Advertisement -

Ел экономикасының қалыпты дамып, қарыштап ілгерілеуіне аудан, облыс, қала берді еларалық жолдардың маңызы айрықша екені айтпасақ та түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, күре жол – халықтың, қоғамның, мемлекеттің күнделікті тіршілігінің күретамыры. Соңғы жылдары облыс аумағындағы жолдардың сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар мен жоспарлар артып келеді. Дейтұрғанмен, жолға қатысты халықтың айтар сыны да аз емес. Осы тұста бірнеше жылдан бері аяқталмай келе жатқан ірі жобаның бірі – Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолының тағдыры да көпті алаңдатып отырғаны жасырын емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында автокөлік жолдарының құрылысы мен сапасына қатысты нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Өз сөзінде Мемлекет басшысы міндетін адал атқара алмаған мердігерлер заң бойынша жауапқа тартылатынын да баса айтқан еді. Бұл ескертуді әрбір жөндеуі жүріп жатқан жолдардың бойына жазып қойса да артық етпейтін секілді. Себебі, жоғарыда мән-маңызын атап өткен салмақты сала салғырттықты кешірмейтіні анық.

Қазіргі таңда ел аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұындығы 96 мың шақырымды құраса, соның 25 мыңы республикалық маңызы бар жолдар, ал 71 мыңы облыстық һәм аудандық маңыздағы магистраль. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша, Қазақстан жол сапасынан 141 елдің ішінде 93-орында екен, алайда отандық сарапшылар біздегі жолдардың сапасының Моңғолия, Уганда, Эфиопия, Кения мен Танзаниядан да төмен екенін айтуда.

Қалай дегенмен, 2025 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жолдардың 95 пайызы жөнделіп бітуі керек. Бұл бес жылдан бері бітпей келе жатқан Меркі-Шу-Бурылбайтал тасжолына да қатысты. Бес жыл бұрын сәуірде басталған жолды жауаптылар 2022 жылы маусымда аяқтаймыз деп баспасөзден жар салғаны де ел есінде, жұрт жадында. Десек те, «Нұрлы жол» бағдарламасымен бастау алған жұмыс әлі нәтиже бермей отырғаны қынжылтады. «Жол азабын жүрген білер» демекші, нәсібін жолдан тауып жүрген көлік жүргізушілерінің де бұл мәселеге қатысты өз айтары бар.

– Жолдардың сапасы нашар. Ең өкініштісі, жаңа жолдарға қатысты да айтарым осы. Қарапайым мысал ретінде айтайын, біз әлі күнге дейін көпір, өткел жасай алмаймыз. Неге? Алматы мен Шымкент, Тараз бағытында жиырма жылға жуық адам тасымалдап, зат тасып жүрмін. Екі өңірді бекер айтып отырған жоқпын, Алматы мен Шымкент жақта көпірлер жақсы жасалған. Ал, Жамбыл облысы аумағында сол республикалық маңызы бар жолдардағы көпірлер мерзіміне жетпей ойылып, жарылып жатады. Жаңа жолдың бойындағы көпірлер де оңып тұрған жоқ. Белгіленген жылдамдықтың өзінде көлікті «лақтырып», шайқап жібереді. Меркі-Бурылбайтал жолындағы көпірлер де сондай. Одан кейін тек біздің өңір аумағындағы елді мекендер маңындағы жолдар бекітілмеген. Күні кеше ғана бір әріптесіміз Меркі ауданындағы жолда жылқы қағып кетті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Ал, көршілес өңірлерде олай емес, ауыл аумағындағы жолдарға тиісті қоршаулар қойылған. Одан кейін қазіргідей қыстың көзі қырауда біздің өңірде ғана құм сеуіп жатады. Мұздың бетіндегі құм бір жүк көлігі өтсе жол шетіне шашылып қалады. Майда қиыршық тас себу қиын ба сонда, әлде табиғаттың тасын аяй ма? – дейді көлік жүргізуші Руслан Нарымбетов.

Ал, Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликовтың айтуынша, қолданыстағы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин көшесімен өтіп, Бәйдібек ауылына дейінгі аралығын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Бұл жолдың жөндеу жұмыстары бойынша бас мердігер қытайлық «Синь-Синь» және отандық «АБК-АвтодорНС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, ал техникалық қадағалаушы «Аркада KZ» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Каздорпроект» ЖШС болып анықталған. Күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылдың 7 шілде күні басталып, аяқталу мерзімі 2024 жылдың 24 маусым күніне жоспарланыпты. Осылайша жоба тағы биылғы жылға өтпелі болып отыр. Меркі ауданындағы аталған жолдың «жыры» Тәтті ауылының тұсына дейін аяқталған. Алайда, оның өзі толық емес. Ондағы жолдың тек бір жолағы ғана көліктерге ашылған. Себебі, жолдың екінші жағының жөндеуі бұрын біткенімен, кемшіліктері кедергі болып отырған көрінеді.

– Алдымен жолдың Меркі бағытынан келе жатқандағы оң жолағы аяқталып, ашылған болатын. Кейін оны қайтадан жауып тастап, сол жағын ашты. Себебі, мердігерлердің өздері аяқтаған жолдарда ақаулар анықталды. Қазір көліктер осы ашылған жолдың жартысымен қатынап жатыр. Сонымен қатар, мердігерлер оң жолағындағы ойылып қалған жерлерді қайта қалпына келтірумен айналысуда. Республикалық маңызы бар жоба болғандықтан, ауыл ішімен өтетін жол да жөнделуі тиіс. Ауыл халқы болып соны күтіп отырмыз. Мердігерлер ол жұмысты биыл көктемде бастаймыз дегенімен, нақты уақытын әлі айтқан жоқ. Өздерінен сұрасақ, биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтайтындарын айтуда,– дейді Тәтті ауылдық округінің әкімі Талғат Әлметов.

Қарап отырсақ, жоғарыдағы атап өткен жоспарды бес жылға шегергеннің өзінде биыл маусымда мәреге жетеміз деген мердігерлер, ауыл халқына істі жыл аяғына дейін жылжытқанын аңғарасыз. Оған қоса, өз істерінің кемшілігін әлі күнге жөндеумен әлек. Жаңа жолы осы бастан ойылып жатқан олар, сапалы істеуді неге ойланбады екен дейсіз. Ақыры күрмеуі бітпеген күре жолдың жайын сұрап «ҚазАвтоЖол»-ға қайырылдық.

– Өздеріңіз білесіздер, «Меркі-Шу-Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау жобасы шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 2019 жылғы сәуір айынан басталды. Құрылыс жұмыстары келісімшартта қарастырылған мерзім шеңберінде іске асырылып жатыр. Алайда, 2020 жылғы коронавирус пандемиясы мен оның салдарынан болған негізгі құрылыс материалдарының, атап айтқанда темір, битум және жанар-жағармайдың қымбаттауы мердігердің әлеуетіне едәуір теріс әсерін тигізді. Десек те, соған қарамастан құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды, оның ішінде «Шу қаласы айналма жолы», «Шу-Хантау», «Хантау-Бурылбайтал» учаскелері бойынша жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді. «Меркі-Шу» учаскесі бойынша басынан аяғына дейін қозғалыс жаңа асфальтбетонмен қамтамасыз етілген, барлық көпірлер мен жолөтпелері бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылы жоғарғы асфальтбетон қабатын төсеу, реттеу жұмыстарын аяқтап, учаскені пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда қалған жұмыстарға 280 жұмысшы мен 175 бірлік арнайы жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған. Мердігерге құрылыс материалдарын құрылыс маусымы басталғанға дейін толық дайындау жүктелген,– деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Телеужан.

Қалай дегенмен, қытайлық-қазақстандық құрылыс консорциумы бірлесіп қолға алған іс биыл сәтті аяқталады деген сенімдеміз. Жоба үлкен болғанымен, бес жыл да аз уақыт емес. Бастысы – ел күткен екі тараптың әріптестік жобасы халықтың көңілінен шығып, сапалы болса игі.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support