- Advertisement -

Әдеби мұралардың тағылымы мол

29

- Advertisement -

«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» дейді түркі ойшылы Әлішер Науаи. Бұл ретте кітапты адам мәдениеті мен рухын қалыптастыратын бірден-бір құрал ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұстаздар мен мәдениет ұжымдары бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Игі жобаны қолдай отырып, Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері «Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді» әдеби сағаттар легін ұйымдастыруды қолға алды.

Мектеп ұжымдарымен, кітапханашы мамандарымен келісе отырып, Шерхан Мұртазаның шығармаларын оқушылармен бірлесе оқып, жазушының өзі туған ауылдағы үйі – бүгінде әдеби-мемориалды үйінде тағылымды сұхбат сағаттарын өткізеді.

Әр ұжыммен өткен ісшара өз алдына ерекше ұйымдастырылып, келген қонақтар мол әсермен қайтады. Жыл басынан бері облыс көлемінде жиырмаға  жуық мектеппен байланыса отырып, әдеби сағаттарда жазушы шығармалары бойынша пікір алмасу, шығармалардан үзінділер жаттау, кейіпкерлерге талдау жасалды.

Әдеби сағаттың алғашқысы Тараз қаласындағы №11 орта мектептің, Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның оқушыларымен, кітапхана меңгерушілерімен және қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздарымен бірлесе жазушының Жуалыдағы үйінде ұйымдастырылса, бұл үрдіс одан әрі Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылының орта мектеп оқушыларымен бірге тұрақты негізде өткізілетін болды.

Сонымен қатар, шалғай аймақтарға жазушы мұраларын таныстыру мақсатында көшпелі көрме жасалып, таныстырылым әдемі әдеби-сазды кештерге ұласты. Былтыр «Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді» әдеби сағаты 22 рет ұйымдастырылды. Әдеби сағаттар тек мектеп жасындағы балаларға ғана емес, «Ұлан» ұлттық әскери бөлімінің сарбаздары мен жоғары оқу орындары студенттеріне де ұйымдастырылды.

Жалпы, былтыр жазушы үйіне 1500-ден аса қонақ арнайы атбасын бұрып, Шераға мұраларымен танысқан.  Аталмыш жоба биыл да өз жалғасын тауып, өзге де форматтарда жазушы шығармалары насихатталатын болады.

 

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы» «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support