- Advertisement -

Екпе алуға ерекше мән беру керек

42

- Advertisement -

Облыс әкімдігіндегі кезекті аппараттық кеңесте санитариялық-эпидемиологиялық жағдай мен су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды. Біздің аймақтың климатогеографиялық ерекшеліктері жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарының пайда болуына және кең таралуына мүмкіндік береді. Яғни, облыс аумағының көп бөлігі, нақтырақ айтқанда 60 пайызы шөлейтті болғаны, байырғы тұрғындардың көпшілігі ауыл шаруашылығымен, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысуы өңірімізде аса қауіпті, зооноздың жайылуына жайлылық туғызады. Облыс өңірлерінің аумағында 84 стационарлық қолайсыз пункт және 189 сібір жарасының топырақ ошақтары, карантиндік инфекциялардың, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары орналасқан. Адамдардың бруцеллез, эхинококкоз, безгек, құтыру, лейшманиоз жұқтыру қаупі жоғары.

Санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде мәлімдеме жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова өткен жылы өңір тұрғындары арасында карантиндік инфекциялар, атап айтқанда, оба, туляремия, тырысқақ аурулары, аймақтағы табиғи ошақтардың белсенділігіне байланысты жұқтыру қаупі жоғары тифо-паратифозды аурулар тіркелмегенін айтты.

– Өткен жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, сібір жарасы сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары белсенді болды. Нақты айтқанда, 2023 жылы кене шағуымен 672 адам медициналық көмекке жүгінді. Яғни шағу саны 2,4 есе өсті. Кене шағу фактілері облыстың барлық аймақтарында байқалды. Бұл ретте, кене шағу фактісі бойынша медициналық көмекке жүгінудің 42 пайызы Тараз қаласының және 16 пайызы Шу ауданының тұрғындары арасында байқалды. Кене шағып алған адамдардың ішінен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 37 науқас инфекциялық стационарға жатқызылды. Оның ішінде 3 өлім жағдайы зертханалық тұрғыда расталды. Шу ауданында 8, Байзақта 2, Жамбылда 1, Сарысуда 1 жағдай тіркеліп, үш өлім орын алды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бар 12 науқастың екеуі бала. Анамнезде барлық науқастарда кене шағу фактілері, кене басқан жануарлардың жанасуы мен күтімі, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошағында болуы байқалады. Ауру ошақтарында 250 байланысқан адам 14 күнге медициналық бақылауға алынды, олардың арасында аталған аурудың жұғуына жол берілмеді. Ал, сібір жарасына күдікті 38 науқас ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 9-ы Талас, 18-і Жуалы, 4-і Байзақ, 1-і Жамбыл, 1-і Шу, 2-і Сарысу аудандарынан болса, 3-і Тараз қаласынан кездесті. Оның 19-ында тері түріндегі сібір жарасы диагнозы зертханалық әдіспен расталған. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ. Сауалнама кезінде эпидемиологиядағы барлық науқастарда ауру жануарды сою, жұқтырған етпен немесе ауру жануармен байланыс орнату болғаны анықталды, – дейді Жанар Мықтыбекқызы.

Өткен жылы облыста мектепте тамақтанумен байланысты 84 науқас және осындай жағдаймен Тараз қаласының 2 кафесінде 19 науқас, барлығы 103 зардап шеккен адам, 3 топтық ішек инфекциясы, сальмонеллез тіркелген. Олардың бәрі де емделіп, сауығып шығыпты.

2023 жылы алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жалпы облыс бойынша инфекциялардың ішек тобымен сырқаттану көрсеткіші 22 пайызға төмендесе, «А» вирустық гепатиті 2,2 есе өскен. «А» вирустық гепатитімен сырқаттанушылықтың тіркелуі COVID 19 пандемиясы кезінде 2 жасында жоспарлы егулерді 2 рет алмаған балалар арасында байқалған. Облыс бойынша ішек инфекциясымен ауырғандардың жалпы санының 78 пайыздан астамы Тараз қаласындағы балалар арасында тіркелген.

Вакцинамен басқарылатын инфекциялардан Шу ауданында сіреспе және көкжөтел ауруына шалдыққан бір науқас, Жамбыл ауданында менингококк инфекциясын жұқтырған бір, іріңді менингиттің 4 жағдайы Байзақ, Қордай, Шу аудандарында және Тараз қаласында, серозды менингиттің 1 жағдайы Жамбыл ауданында және қызылшаның 3592 жағдайы тіркеліпті.

Қызылша індетімен ауырғандардың ішіндегі 85,5 пайызы екпе алмағандар болса, 951 адам екпеден бас тартып, сенімсіздік білдіргендер екен. Ал, 737-сі медициналық көрсетіліммен екпе алмағандар, 618-і екпе алу жасына жетпегендер. Мамандар қызылша дертінің дендеуіне дер кезінде екпе алмаудың салдары тиіп отырғанын айтады.

Жалпы, өткен жылдың 11 айында облыста 53151 бала жоспарлы түрде егілген. Денсаулық сақтау министрлігі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, республикада қызылшаға қарсы халықтың тиісті топтарын қосымша жаппай иммундау жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыстың орындалуы Тараз қаласында өте төмен, Сарысу ауданында да нашар жүзеге асырылыпты. Тұрғындар арасында екпе алудан бас тартушылықты зерттегенде, көбіне діни наныммен екпеге сенімсіз көзқарас қалыптасқаны белгілі болған. Сондықтан, медицина мамандары дін істері басқармасының қызметкерлерімен, мешіт имамдарымен бірлесіп, екпенің зиянсыздығын, керісінше жұқпалы аурудың алдын алуға көмегі барын түсіндіруді қолға алған.

Қаралған мәселені талқылай келе, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халық арасында жұқпалы дертті таратпаудың тиімді жолдарын табуды, қосымша вакцинациялауды жандандыруды және екпеден бас тартқан ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Кеңесте қаралған екінші мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Тоқанов облыс аумағында көктемгі су тасқыны кезеңінде су басуы мүмкін 42 елді мекен барын жеткізді. 2022-2023 жылдары су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілгеніне байланысты 34 елді мекеннің қаупі алынып, тағы екеуінің қаупі төмендетілген. Су басуға бейім 6 елді мекен қалыпты, олар – Жамбыл ауданындағы Жасөркен, Қызылқайнар, Байзақ ауданындағы Талас, Казпоселок, Түймекент және Тараз қаласындағы Тектұрмас аймақтары. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасы іс-шаралары орындалып, аталған алты елді мекеннен де уәкілетті органдардың комиссия шешіміне орай қауіп алынады.

– Өткен жылдың талдауына орай, облыс аумағында температураның күрт көтерілуіне және қардың қарқынды еруіне байланысты 11 елді мекендегі 58 тұрғын үйдің ауласын, Мойынқұм ауданындағы республикалық автожолды (Алматы-Екатеринбург) су басу оқиғаларына орай, елді мекендерді су басу қаупін алдын алу және жою мақсатында мынадай іс-шараларды ұсынамыз. Яғни, су басу қаупі бар елді мекендерде уәкілетті органдармен комиссиялық зерделеу жұмыстарын жүргізу керек. Тасқын және еріген қар суларының жоғары көлемін өткізуге көпірлер, инженерлік және басқа да су өткізу құрылыстарын, өзен арнасының арық-канал жүйелерін және қорғаныс бөгеттерін дайындап, тау етегінде орналасқан елді мекендерді көлбеу ағынның қалыптасуынан сақтау үшін айналма каналдары мен топырақ үйінділері жүргізілсе дейміз. Қарды уақтылы тазалау және шығару жұмыстарын қамтамасыз ету қажет. Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының және темір жолдарының үстінен су ағуына жол бермеу керек. Көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел ден қою мақсатында облыста 1459 адам, 397 техника, 112 су айдау құралы, 10 қайық және 4 аспалы мотор төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын күштер мен құралдар топтамасы құрылды. Департамент бойынша 158 жеке құрам, 29 жоғарыға өтімділігі бар техника, 30 мотопомпа, 309 комбинезон, су өткізбейтін ботинкалар әзірленді. Тараз қаласының аэропортында әрдайым «Еврокоптер» «Казавиаспас» акционерлік қоғамының ЕС-145 тікұшағы ұшуға дайын тұрады, – деді Арман Құмарұлы.

Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кеңес хаттамаланып, берілген тапсырмалардың уақтылы орындалуын жауапты тұлғаларға қадағалауды міндеттеді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support