- Advertisement -

Болашағы жарқын балуан

48

- Advertisement -

Балаға жақсы есім қоюдың маңызы зор. Біз кейде осы жағына мән бере қоймаймыз. Танымал адамның жолын берсін деп, ниеттенгеннің өзі жақсылық. Осыдан 20 жыл бұрын өңірімізге танымал заңгер Абдолла Бақбергеновтің үлкен әулетінде немересі өмірге келеді.

Өмірден түйгені көп атасы Абдолла сол уақытта Парламент Сенатының депутаты болып жүрген жерлесіміз Шамсат Исабеков және Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевпен дәмдес болып қалады. «Өмірге келіп жатқан немеремнің есімін сіздің құрметіңізге «Серік» деп қоямын», – дейді. Сонда Серік Қонақбаев: «Сізді барша жамбылдықтар таниды. Сіздің әулетіңізде Серік есімді сәби жетіліп өссе, қуаныштымын. Барлық тілегі орындалсын», – деп ықыласымен батасын берген екен.

Бата-тілектің қабыл болғаны шығар, сол бала Серіктің спортқа жасөспірім кезінен ниеті ауды. Ниеті ауғанда бокс емес, күрес түрлерін таңдапты. Жаттықтырушысы Досберген Тамбиевтың де осы балаға бірден назары түскені рас.

Осылайша, спорт әлеміне келген Серік Даниярұлы 2019 жылы самбодан 2002- 2003 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігінде чемпион атанды. Жастар арасында республикалық жарыстарда жүлдемен оралып жүрді. 2022 жылы 19 жасында самбодан ересектер арасындағы облыс чемпионы атанды. Биыл самбодан ересектер арасында өткен облыс чемпионатында күмістен алқа тағыныпты. Дегенмен, республикалық кезеңге жолдама алған. Жақында Қарағанды қаласында самбодан ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бұл жарыста еліміздің әр аймағынан 700-ден аса спортшы бақ сынаған екен. Осынша мықты балуандардың арасынан өз салмағында үздік үштікке кірген Серік Абдолла болашағынан үміт күттіреді. Ол дзюдо күресінен Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер. Қазақ күресінен облыс чемпионы. Қазақ күресінен Тараз қалалық «Жас барыс» турнирінің күміс жүлдегері.

– Бапкер үшін шәкірттердің жаманы жоқ. Дегенмен, Серік Абдолланың болашағынан үлкен үміт күтемін. Маған оның еңбекқорлығы ұнайды, – дейді жеке бапкері Досберген Тамбиев.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support