Қышқыл шоколад

Қышқыл шоколад
ашық дереккөз
Қышқыл шоколад
Студент кезді бірге өткізген құрбыммен оқу бітірген соң көріспей кеттік. Жуырда қызметке тұрғанын естідім. Мені іздепті. Арада өткен 15 жыл бізді алыстатпапты. Жаңа жыл қарсаңында қоңырау соғып, келуімді өтінгенде үнінен жақындық сездім. Құшағымыз айқасқанда, расында, бәз баяғы балауса қыздарға айналып кеттік. Ұзын әрі аппақ көйлегі еденнің бетін жеңіл желпіп, жүгіріп жүр. Әлдебір қорапты қолыма ұстатып: «Анаңа апарып берші», – деді. «Бұл не?» – дедім түсінбей. Жанарын көзіме қадап, үнсіз тұрып қалды. Жүзі алабұртқан сәт ойына әлдене түсе кеткенін сездім. – Ауылға бүгін барасың ба? – деді. – Иә! – Базарлық қой! – деді елеусіз. Ол әңгімешіл емес. Үнсіз тыңдағанды ғана ұнататын. Бұл жолы олай болмады. Алыс қалған күндерді есіне алса керек, күлімсіреп, терезеге қарап тұрып әңгімесін бастады: – Студент кезімде бір үйге қызмет етуге баратынмын. Таңнан түн ауғанша құрбым екеуміз бар тірлігін жасаймыз. Қарнымыз қатты ашады. Ол әйел болса: «Тамақтарыңды үйлеріңнен ішіп келіңдер», – дейтін. Жатақханада тұратын студентте қайбір тамақ?! Тірлігін үнсіз істеп жүре береміз. Таңға жуық ілініп-салынып студенттер жатақханасына жаяу қайтамыз. Ол кісіге артық сөз айта алмаймын. Себебі, ұстазым еді. Аптасына үш рет барамыз. Үстелінің үстінде үнемі шоколадтар тұратын. Қызыл, жасыл, түрлі түсті. Жылтырақ қағазға оралғаны, тіпті, көздің жауын алатын. Апай шығып кеткенде біреуін аршып, аузыма саламын. Не деген дәм?! Тәттілігі сондай, жей бергім келеді. Бірақ, екіншісін алуға батпаймын. Сонда «Оқуды жақсы аяқтап, қызмет етіп, айлығыма осындай шоколад алып жесем ғой» деп армандаушы едім... Оқуды жақсы оқыдым. Қызмет еттім. Осы күнге дейін сондай шоколадтың түр- түрін алып жедім. Бірақ, сол дәм жоқ! Ашқұрсақ кезімде тығып жеп, таңдайымда қалған тым тәтті шоколадтың дәмімен салыстырғанда, мен сатып алып жеген шоколадтың дәмі түкке тұрғысыз,– деп сарғыш қораптағы шаймен шоколадты орап, сөмкеме салды. – Мен жақсылықты ұмытпайтын адаммын! Жамандық та жүрегімде дақ болып қатып қалатыны бар. Сенің анаңның дастарқаны жиналған емес. Ұсынған қою шайының дәмін ешқашан ұмытқан емеспін! Анаңа сәлемімді жеткізерсің, – деді сосын. Мен ауылға барғанда анамның туған күні еді. Құрбымның сыйлығын көріп, балаша мәз болды. Ол сыйға тартқан шашақты орамалды басына шарт байлап, шай демдеді. «Сол қыздай бастық болсын» деп ырымдап, тәттілерді немерелеріне үлестіріп берді. Бірақ, маған шоколадтың дәмі қышқыл көрінді. Сөйтсем, жылап отыр екенмін...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар