- Advertisement -

Байланыс сапасы төңірегінде сұрақ көп

34

- Advertisement -

Биылғы тамыз айынан бастап ұялы байланыс операторлары тарифтің бағасын қымбаттатып жіберді. Дегенмен, тарифтің қымбаттағанымен ғаламтор байланысының аясы да, тынысы да тарылып бара жатқандай. Баға көтерілгеннен сапа жақсарып, облыс аумағындағы күні бүгінге дейін байланыс аясынан тыс жатқан елді мекендер қатарынан қалмай, хабар алмасатын шығар деп болжағанымыз рас. Өкінішке қарай, шалғай ауылдарға жетпек тұрмақ, облыс орталығында байланыс нашарлап, бұл мәселе көпшіліктің назарын аударып қана қоймай, наразылығын тудыруда.

Статистикалық мәлімет биыл елімізде 25,1 миллион ұялы байланыс абоненті бар екендігін растап отыр. Интернетті қолданатындардың үлесі де жыл санап өсіп келеді. Атап айтсақ, биыл елімізде интернет қолданатындардың саны 17,73 миллионға жеткен.

Бұл – жалпы халықтың 90,9 пайызы, ал 2022 жылдың басында көрсеткіш 85,9 пайыз, яғни 16,41 миллион пайдаланушы болған. Десек те, сан өскенімен, сапа төңірегінде сұрақ көп. Кейінгі кезде интернет қана емес, байланыс сапасы да жиі сыналып жүр. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамада халықтың 35,4 пайызы интернеттің сапасына, ал 29,7 пайызы телефон және мобильді байланыс сапасына көңілі толмайтыны анықталған. Өңірлер бойынша интернет сапасына көңілі толмайтындардың көш басында миллионнан аса тұрғыны бар Алматыдан кейін Жамбыл облысы тұр.

Бұдан кейінгі кезекте Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары көбірек шағымданған. Ал, тұрғылықты жеріне байланысты ауыл халқының 40,6 пайызы, қалалықтардың 32,1 пайызы интернет сапасына сын көзбен қарайтынын білдірген. Бұл тұста мүлде интернет желісі жетпеген елді мекендердің мәселесі өз алдына бір бөлек мәселе.

Бұл туралы жыл басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауылдардың 22,7 пайызы мобильді интернетсіз отырғанын айтқан болатын. Салалық министр Бағдат Мусиннің сөзінше, тариф арзан болғандықтан, халық желіде өте көп уақыт өткізеді, ал интернет те су секілді сарқылатын ресурс болғандықтан, жүктемені көтере алмай қалады.

Кейін министр осы мәлімдемесі үшін үлкен сынға қалды. Қалай дегенмен, соңғы кезде ұялы байланыстың да сапасы сын көтермей тұр. Бұрын жекелеген тұрғын үй кешендерінде байланыс нашар немесе мүлде ұстамайтыны туралы айтылатын. Қазір тіпті көшеде де байланыстан ажырап қалуыңыз ғажап емес. Соған қарамастан, ұялы байланыс операторлары тарифтерінің құнын жарыса қымбаттатып жатыр.

Әсіресе, министрдің «тариф арзан» деген сөзінен кейін оператордың барлығы бағаны өсіретіндерін айтып «сүйіншіледі». Осылайша, тамыздан бастап ұялы байланыс операторлары тарифтерінің бағасын 10-30 пайыз аралығында қымбаттатты. Кей тарифтің құны өзгеріссіз қалғанымен, кей әлеуметтік желілерде шектеусіз кіру мүмкіндігін шектеді. Бұл мәселе тараздықтарды да күнделікті толғандыратын мәселеге айналып келеді.

– Үйімізге «Beeline» интернет роутерін орнаттық. Балаларымыз сол байланыс операторының тұтынушысы. Бұл оператордың интернеті жақсы. Өзіміз қанша жылдан бері Tele2 тұтынушысы болып келеміз. Бірақ соңғы жылдары интернет сапасы күрт нашарлап кетті. Оған қоса сырттан хабарласқандар көбіне ала алмаймыз дейді. Себебі, біздің телефон өшіп тұратын көрінеді. Ал, ол уақытта телефон қосулы болған және біреу хабарласқаны туралы кейін де бізге ескертпейді. Содан call-орталықтарына күнде хабарласатын болдым. Олар да күн сайын бір айласын табады. Бірінші күні «кінә телефоныңыздан» деп жаңа баптаулар жіберді. Екінші күні «ол баптаулар жаңартылды, енді басқа өзгеріс енгізіңіз» деді. Үшінші күні «мекенжайыңызға жақын маңдағы жүйемізде техникалық жағдай орын алды» деп сапаның нашарлағанын сонымен байланыстырды. Төртінші күні «техникалық жағдайдан кейін баптауларды қайта жаңартуыңыз керек» деді. Бесінші күні «5G орнатылып жатқандықтан байланыс төмендеп жатыр» десе, алтыншы күні «телефон баптауларыңыз 5G жүйесіне қосылып тұр, қалада ол толық орнатылмағандықтан қайтадан 4G баптауларын енгізіңіз» деді. Қалай жүйкең тозбайды? Қайдан шығара береді осындай сылтауларды, таңым бар. Мен осының нәтижесі қалай болады екен деп хабарласуымды тоқтатпадым. Күнделікті өзгертулерін теріп, енгізуден жалықпауға тырыстым. Ақыры маған «кінә бізден емес, телефоныңыздан да емес, тек телефондағы чипті жаңартсаңыз болды» деді. Ол чипті сатып алып салғаннан бері орнынан қозғаған емеспін. Оны да көрейін деп, арнайы Tele2 орталығына барып, жаңа чипін де салып көрдім. Ең өкініштісі – ешқандай нәтиже болған жоқ. Соншама уақыт уақытымды жоғалттым, айтқандарын істедім, сондағы нәтижесі осы. Әбден көңілім қалды. Қаланың қақ ортасы, орталық алаң маңында антеннасы жоғалып кеткеннен кейін не деуге болады. Ал, тарифі қымбат, ай сайын 4-5 мың теңгеден кем емес. Енді біржолата бұл оператордан бас тартуды жоспарлап отырмын. Бірден ауыстырып жіберейін десем ұзақ жылдар бойы ел осы нөмірімді біледі. Дегенмен, жақында жаңа операторға ауысарым анық, – дейді қала тұрғыны Оспан Ілиясов.

Байланыс операторларына деген көпшіліктің көзқарасы әртүрлі болғанымен, мәселе ортақ. Биылғы 25 миллион абонент пен 17 миллионнан астам интернет қолданушысын орташа 4 мың теңгеге, яғни 4000-ға көбейтсек, операторлардың қандай майшелпекке батып жатқанын аңғару қиын емес.

– Біздің отбасымызда барлық байланыс операторлары бар. Өзіміз «Аctiv», «Kcell» ұстасақ, ауылдағы ата-анамыз «Beeline» қолданады. Себебі, ауылға одан басқа операторлар жете қойған жоқ. Балаларымызда Tele2 бар. Осылардың барлығын саралап айтқанда, оңып тұрған ешбірі жоқ. Бірі нашарлап жатқанда, екіншісі істейтіні біздің үйде анық білінеді. Бірақ, жап-жақсы істеп тұрғаны да кейбір кездері көз тигендей күрт нашарлап кетеді. Бұрындары 3990 теңгеге тариф салу қымбатқа түсетін. Қазір соның шамасында тариф таппайсыз. Себебі бәрі екі, үш есе қымбаттап кеткен. Алматы, Шымкент секілді алып шаһарларда интернет байланысы төмендесе түсінуге болады. Халық саны көп болғандықтан тұтынушылар артып, желілер істен шығып жатыр дер едік. Ал, Тараз қаласында ондай нөпір халық жоқ қой. Мұндағы әрбір тұрғын бас-басына екі телефоннан ұстағанның өзінде анау айтқандай кедергі бола қоймауы қажет қой. Өткенде министр тұтынушылар саны артқандықтан сапаны жақсарту үшін 5G орнатуға көшіп жатырмыз деді. Таразда меніңше 5G жүйесіне мұтаждық бар деп айта алмаймын. Бар-жоғы төрт жүз мың шамасында тұрғыны бар қалада технология қарыштап дамып, бүгін-ертең ғарышқа ұшайын деп жатқан жоқпыз. Сондықтан, байланыс операторлары тарифті қымбаттатып, пайда көру, табыс табу үшін байланысты әдейі нашарлатып отырған секілді. Себебі, байланысты реттеу, жөндеу, бәрі олардың өз қолында. Бір тетікпен барлығын өшіре салуы да мүмкін. Сондықтан, операторлардың ығына жығыла бермей, олардың барлығына бірдей қатаң талап қойылуы қажет деп санаймын. Талап болмағандықтан осындай мәселелер туындап жатқаны,– дейді тұрғын Әлия Жексенова.

Ал, операторлар тарифтің бағасын инфляция, валюта бағамының әлсіреуі, телекоммуникация жабдықтарының бағасының өсуі, жалға алу, электр энергиясы, трансмиссия, мобильді желіге қызмет көрсету шығындары сияқты факторлармен байланыстырып отыр. Мәселен, 2023 жылғы бірінші тоқсандағы электр энергиясының бағасы шамамен 27 пайызға қым-баттаған. Бір базалық станса шамамен 20 пәтерге кететін электр қуатын тұтынады. Сонымен қатар, мобильді деректерге сұраныс соңғы жылдары бірнеше есе өскен, яғни операторлар интернет қолданушыларының саны көбейгені инфрақұрылымға ауыртпалық түсіріп отырғанын алға тартып отыр.

Бұл қосымша базалық стансаларды орнатуды қажет етеді. «Біз де азық-түлік, жанар-жағармай және жылжымайтын мүліктің бұрынғы бағасын еске аламыз. Бірақ әлем бір орында тұрмайды және жақсы қызмет көрсету үшін біз де өзгеруіміз керек. Бағаны көтеруге жауапкершілікпен қараймыз. Біз нарықтағы орташа деңгейден барынша төмен бағадағы тариф жоспарларына ғана өзгеріс енгіземіз. Қолайсыздық туындамас үшін бір ай бұрын абоненттерді хабардар етеміз», – деп айтылған Beeline-нің ресми жауабында. Ал, Tele2 «бірқатар факторға, соның ішінде экономикалық жағдайға байланысты тариф жоспарларының бағасын аздап өзгерту туралы шешім қабылдауға мәжбүр» екенін айтады.

Оператордың мәлімдемесінше, «өзгеріс инфрақұрылымға негізделген шығынның өсуіне, жаңа технологияның іске қосылуы мен дамуына, жаһандық логистика тізбектерінің бұзылуына, инфляцияға, электр энергиясының қымбаттауына, жаңа технологияны енгізу жиіліктерінің қымбаттауына және белгілі бір сын-қатерлер тудырған басқа жайтқа байланысты».

Сонымен қатар, операторлар қызмет құнының өсуі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тарифтердің арзан екенін айтқан мәлімдемесінің арасында мүлде байланыс жоқ екенін айтады. Дейтұрғанмен министрлік те, операторлар да интернетті тұтыну деңгейі өсетініне, ал 5G технологиясын енгізу бұл процесті үдете түсетініне сенімді. Сонымен қатар, қазір қордаланып отырған мәселені 5G шешетінін де айтады. Дегенмен, шағын ауылдардағы халық қарапайым интернетке келесі жылдың аяғында ғана қол жеткізе алуы мүмкін. Ал баға мен сапаның сәйкессіздігіне назар аударған құзырлы органдар саланы мемлекет реттесе дейді. Онсыз да монополияланған салаға бұл қаншалықты оң әсер ететіні беймәлім.

Себебі, былтырғы жылдан бері байланыс қызметінің сапасына байланысты ұялы операторларға 1 492 тексеру жүргізіліп, 3 миллиард 44 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бірақ, одан оңалып кетіп жатқан байланыс жүйесі жоқ. Сондықтан мәселе әлі де түбегейлі зерделеуді қажет етіп отыр. Ал айдың-күннің аманында орталық көшелерде кетіп бара жатып байланыссыз қалу қалыпты жағдайға айналған тараздықтар үшін әлі де тарифтің қымбаттауына төзіммен, сапаның нашарлағанына сабырмен қарауға тура келеді. Себебі, байланыс операторларының жұмысына нақты бақылау болмаса бұл мәселе 5G орнатылғаннан кейін де бітпеуі мүмкін…

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support