- Advertisement -

Жалған ақпарат тарату кімге тиімді?

69

- Advertisement -

Қазіргі таңда кез келген ақпараттың бүкіл әлемге таралуына 10 секундтың өзі-ақ жеткілікті. Өйткені, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алудамыз. Бұл – техниканың жетістігі. Десе де, зияны да жоқ емес. Мұндай жалған ақпаратты қасақана тарату азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс-әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірері сөзсіз. Сонымен қатар, мұндай әрекет ел тұрғындарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бұдан адамдардың өмірлік жағдайларын қиындататын, оларға елеулі залал келтіретін, зардап шектіретін жайлар туындауы өз алдына бөлек әңгіме. Жасыратын несі бар, бұл күнде ойнап жүріп от басқан талай жанды көріп жүрміз. Өкініштісі, жалған ақпарат тарататындар бұл қылықтарының қаншалықты ауыр екенін саралап жатпайды. Олар мұндай ісі үшін жауапкершілікке тартылатындарын біле бермейді.

ФАКТЧЕКИНГ – ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРДЫ ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ ӘШКЕРЕЛЕУ

Фактчекинг – медиа саласындағы тренд сөздің бірі. Сондай-ақ, шетелдік медиа кеңістікте верификaция деген термин бар. Бұл технологияны меңгеру маңыздылығы көбіне еркіндік, объективтілік, бейтараптық және нақтылық сынды этикалық қағидалармен байланысты. Нақ о сы екі терминнің айырмашылығын тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл ажыратып берді.

«Фактчекинг – жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу. Саяси әдістерді, өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған құрал деуге болады. Сайтта саясаттағы шенеуніктердің айтқан мәліметтеріне, келтірген деректеріне фактчекинг жасалады. Бұдан бөлек, қоғамда, ел арасында манипуляцияға толы дүниелерге о сы әдіс қолданылады. Журналистің материалы әлі жарық көрмеген болса, онда фактчекинг жасамайды, ол кезде верификация жасайды. Осы екі нәрсені шатастырмау керек. Фактчекинг деген жарияланып қойған, жарық көрген мәліметке, дерекке жасалады. Ал, верификация әлі жарық көрмеген деректерді тексерудің тәсілі», – деп түсіндірді Х.Тәжіқұл.

Ал, фактчекер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов жалған ақпараттың тарауы жасанды интеллект дамуымен өрши түскенін атап өтті. «Соңғы кезде жалған ақпарат көбейіп бара жатқанын өзіміз де көріп отырмыз. Бұған тек адамдардың күнделікті тарататын фейк ақпараты ғана емес, жасанды интеллект синтездейтін ақпараты қо сылып жатыр. Мыс а лы, дипфейк деген секілді. Дипфейк – жасанды интеллект арқылы өңделген фотосуреттер, бейнелер немесе аудиожазбалар. Сондықтан фактчекинг сіз бен біздің өмірімізді жеңілдету үшін, жалған ақпаратқа, алаяқтарға және басқа да алдауға тырысатын адамдардың қақпанына түсіп қалмас үшін өте маңызды. Тіпті, пәтер жалға алсаңыз да, фактчекинг арқылы пәтер иесі жайлы бар деректі тексеріп алуға болады. Сондықтан бұл – біздің өміріміздегі журналистиканың ең маңызды форматтарының бірі», – дейді маман.

Оның айтуынша, ақпаратты тексеру кез келген адамның қолынан келеді. Тек қажетті техникаларды үйренсе болғаны. «Фактчекингтің өзі төрт бөліктен тұрады. Жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексеру, шенеуніктердің уәдесін тексеру, мифтерді сейілту, бұл қоғамда қалыптасқан стереотиптердің, мифтердің рас-өтірігін анықтай отырып, күдіктен сейілту. Фактчекинг жасау кез келген адамның қолынан келеді, негізі форматы оңай. Бірақ, өкінішке қарай, фактчекингте шыдамдылық, төзімділік керек. Егер бір ақпаратты таппасаңыз, оны іздей беруіңіз қажет. Мысалы, журналистік зерттеу сияқты форматтарда сіз астыртын алған ақпаратты немесе ашық әдістен өзге де ақпаратты қолдануға моральдық құқығыңыз бар, ал фактчекинг бұған мүмкіндік бермейді. Бірақ шын мәнінде, бұл өте жеңіл», – деді ол.

Мамандардың сөзінше, қоғам естіген әрбір ақпаратты қабылдамас бұрын, қарапайым ғана ой елегінен өткізіп, сыни ойлауға тырысуы қажет. «Жалған ақпараттың салдары туралы айтқанда, біріншіден, бұл азаматтардың экономикалық қауіпсіздігіне байланысты. Мысалы, әлдебір банкте депозитте ақша болса, ол банк жабылайын деп жатыр деген ақпарат тараса, сіз ақшаңызды түгел шешіп аласыз және депозиттегі үстеме ақыңыз да жойылады. Тіпті, банк банкротқа ұшырауы мүмкін. Екінші салдар, денсаулыққа қатысты. Коронавирус пандемиясы кезінде түрлі шөптермен, адыраспанмен, жемістермен емделуге болады деген ақпарат тарады. Соның салдарынан осындай жолмен емделемін деп бақилық болып кеткендер де болды. Қанды Қаңтар кезінде саяси фейктер таралды. Жалған ақпарат тарату және қасақана ақпарат тарату деген баптар бар», – деп атап өтті Думан Смақов.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату яғни, бұғаттау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас- өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, құзырлы органдарға шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

– Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер қоғамдық тәртіпті бұзу азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі», – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

ДЕРЕККӨЗДЕРДІ ТЕКСЕРУ

Сонымен, жалған ақпараттың жетегінде кетпеу үшін нені ескеру қажет? Оның қандай жолы бар? Ең алдымен, ақпаратты таратушы дереккөзге аса мән берген жөн. Айталық, жалған ақпарат веб-сайттарда кейде логикалық, орфографиялық немесе грамматикалық қателерге толып жүреді. Сол үшін ашылған беттің веб-мекенжайына назар аударып, тексеріп алған дұрыс. Егер ол сайтпен таныс болмасаңыз, «Біз туралы» бөліміне өтіп, жоба жөнінде ақпаратты қарап шығу қажет.

АВТОРДЫҢ ЖҰМЫСЫН БАҒАЛАУ

Ақпарат таратқан автор туралы да білу маңызды. Автордың сенімді екеніне көз жеткізу үшін ол туралы қосымша ақпарат қарастырған абзал. Оның басқа да материалдарын қарап шығу қажет. Жарық көрген мақалалары бар ма, соған назар аудару керек.

БАСҚА ДА АҚПАРАТ КӨЗІН ТЕКСЕРУ

Басқа беделді ақпарат көздері немесе бұқаралық ақпарат құралдары бұл фактіні жарялаған ба? Мақалада сенімді дереккөздерге сілтеме жасалған ба? Егер мақала халық арасында сенімді саналатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланса, демек шындыққа жақын деуге болады.

СУРЕТ НЕ БЕЙНЕЖАЗБАНЫҢ ШЫНАЙЫЛЫҒЫН ТЕКСЕРУ

Фейк ақпараттарда кездесетін тағы бір күмәнді дүние – сурет немесе видеоның шынайылығы. Суреттері немесе видеосы өңделген болуы да ықтимал. Мәселен, сурет деформацияланып (фондағы түзу сызықтар қисық болып көрінеді), көлеңке, түстің қанық болуы секілді дүниелерден суреттен шынайы не фейк екенін анықтауға болады. Сонымен қатар, фото не видеоның қайда түсірілгенін, ондағы майда детальдарға да мән берген жөн. Сол арқылы фотоның қандай локацияда түсірілгенін тексеруге мүмкіндік бар.

СЫН КӨЗБЕН ҚАРАУ

Фейк ақпарат көбіне адамдардың бойында қорқыныш, ашу сынды эмоциялар тудыруға бағытталады. Осындай ақпаратты оқығанда бірден сын көзбен қараған дұрыс. Мақаланың немесе жаңалықтың түпкілікті мақсаты не? Белгілі бір көзқарасты немесе мәселені алға тартып тұр ма? Болмаса мақала оқырманды басқа веб-сайтқа өтуіне мәжбүрлейді ме? Осындай сауалдарды өзіңізге қойып, оған жауап іздеуге тырысыңыз.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ФЕЙК АҚПАРАТПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСІП ЖАТЫР?

Бұл күнде әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы, әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін үдей түсті. Тіпті, 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігі бойынша, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанған еді. Осы орайда, бүгінде шет мемлекеттер жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанын қарастырып көрейік.

Швеция өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап фейк ақпаратпен күресетін агенттік құрды. Бұл психологиялық қорғаныс агенттігінің миссиясы – Швецияға, оның мүдделеріне қарсы бағытталған және басқа да адамды жаңылыстыратын ақпараттарды анықтау, талдау әрі оларға жауап беру арқылы елдегі ашық, демократиялық қоғам мен еркін ойды қорғау.

Ал, Франция үкіметі 2021 жылы шетелдік дезинформациямен және фейк ақпараттармен күресетін агенттік құрған еді. Сондай-ақ, Франция 2018 жылы фейк ақпараттың алдын алу үшін оған қарсы екі заң қабылдады. Ел президенті Эммануэль Макрон бұл қадам азаматтық бостандықтарға қауіп төндіреді деген сынға қарамастан, әлеуметтік желілердегі фейк ақпаратпен де күресу үшін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң да қайта қаралатынын айтқан.

Көршілес өзбек елінде де Қылмыстық Кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Атап өтейік, президент Шавкат Мирзиеев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.

Сингапурда қабылданған жаңа заңда ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді. Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жек көрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Ал, Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс Wikitribune жобасын іске қосты. Онда журналистер жаңалықтарына не материалдарына жарияламас бұрын ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуы керек.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ

Екі жыл бұрын яғни, 2021 жылы еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған Stopfake.kz сайты оқырмандардың медиасауаттылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Аталған ведомствоның мәліметінше, сайт Қазақстанның ақпараттық алаңында таралған 900-ге жуық фейк ақпаратты жоққа шығарған. Жалпы, бұл сайт 2020 жылдың шілдесінен бері қазақ және орыс тілдерінде 2000-ға жуық фейк ақпаратты анықтаған. Атап айтсақ, StopFake жұмысының нәтиже сінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, COVID-19 вакцинациясының қауіптілігі туралы ақпарлар, 2021 жылғы парламенттік сайлауы туралы жалған жаңалықтар уақтылы тексеріліп, халыққа сенімді дереккөзден шыққан хабарламалар ұсынылып отырды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторингі жүргізілуде. Бұдан бөлек, аталған порталда сараптамалық сұхбаттар да жарияланып, онда белгілі бір хабарламалар ғылыми тұрғыдан түсіндірілуде.

Жалпы, Stopfake.kz жобасы «Медиаға арналған Медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Күн сайын сайттағы материалдарды Қазақстанның ірі басылымдары, сондай-ақ шетелдік ақпараттық ресурстар пайдаланады. Бұдан басқа елімізде жарияланған ақпараттардың дұрыс не жалған екенін анықтайтын Factcheck.kz жобасы да жұмыс істейді. Онда ел алдында жүрген тұлғалардың спичтерінде келтірілген деректер мен статистика тексеріледі. Сонымен қатар, елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты да ақпараттардың жалған не шын екенін анықтап, көлемді материалдар жарияланады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support