- Advertisement -

Ақсудың ардақты азаматы

41

- Advertisement -

Ақсу ауылында тұратын Сәт Мәлібекұлы – еңбектің адамы. Қырық жыл бойы ұстаз болды. Ақсудағы орта мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берді. Жер көгеріп, көктем шықса, иығына кетпенін асынып, егіс даласын бетке алады. Жүгері, қызылша, жоңышқа егеді. Бақшалығы тағы бар. Жаздай шекесі күнге күйіп, егістікте жүргені. Мұғалімнің міндеті – тек сабақ беріп қайту емес. Бәлкім, Сәт Мәлібекұлы осы еңбекқорлығымен де оқушыларға үлгі. Жаздай алқаптан шықпайды. Есесіне, күзде есігінің алды сап-сары жүгері дәніне толады. Бидай, арпа өз алдына. Бақшалығынан жиналған қауын-қарбызды тоғыз таратып тауыса алмай жатады. Қысқа қарай сол өзі егіп өсірген жүгері, бидай, жоңышқаны пайдаланып, мал бордақылайды. Жылқы, өгіз бордақылап, соғым іздегендерге сатады. «Жұмыстың көзін тапқан – байлықтың өзін табады», деген осы. Айтпақшы, кейінгі жылдары үй салумен де шұғылданып жүр. Осы заманға лайық зәулім үйді бала-шағасымен жабылып өздері салып алады. Ешкімге жалынбайды. Балалары да өзіне тартқан – еңбекқор.

Сәттің мектептегі жұмысы да жеміс берді. Өзінен білім алған Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтер облысқа кеңінен танымал айтыскер болды. Айым Көшербай да шықты. Кейіннен өзі ақындар үйірмесін ашып, Азиза Аманбай, Әділет Медетқұл, Альбина Зұлбахар секілді талантты жас айтыскер ақындарды баптап шығарды. Оның айтысқа баптаған оқушылары облыстық, республикалық оқушылар айтысынан жүлде алып жүрді. Еңбегі ақталды. Сәт – өте білімді адам, сыршыл ақын. Осы кезге дейін төрт өлең жинағы шыққан. Сол жинақтарға мүйізі қарағайдай қаламгерлер Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы алғысөз жазған. Сәт Мәлібекұлының қолы қалт етсе, Тараз қаласына келіп, марқұм Болат Бекжановпен сырласып кететін қасиетін әдебиетке іңкәрлігі, рухани орта іздегені деп түсіндік.

Жақында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековтің қолдауымен және аудандық мәслихат депутаттарының шешімімен Сәт Мәлібекұлы «Шу ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ақынның бұл марапатына Шу топырағында қуанбаған жан жоқ шығар. Себебі, Сәт Мәлібекұлы – үлкен құрметтерге лайық.

 

Шу ауданы

Дайындаған Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support