- Advertisement -

Сарысулық шаруалар қысқа дайын

52

- Advertisement -

Адамның арқауы болар асты таза табиғи дайындайтын ауыл шаруашылығы саласы қашан да маңызға ие. Әсіресе, аграрлық өңір саналатын біздің облыста барлық ауданның негізгі кәсіп көзі – егіншілік пен мал шаруашылығы. Басқа аймақтарға қарағанда өндірістік зауыты көбірек Сарысу ауданының өзінде 1045 шаруа қожалық тіркелген.

Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатында 639 мың 125 гектар жер бар болса, оның 24 717,63 гектары егістік. Ал, 156,84 гектар жер көпжылдық екпелерге арналса, 34 106,61 гектар шабындық, 532 715,19 гектар жайылым бар, 47 428,56 гектар бөгде жерлер. Биылғы өнім үшін егілетін дақылдар 24 508 гектар алқапқа орналастырылған. Оның ішінде 9 850 гектар дәнді дақылдардың 4100 гектары жаздық арпа, 1250 гектары жүгері, 4500 гектары күздік бидай. Сонымен қатар, 8300 гектар майлы дақылдар, 45 гектар картоп, 220 гектар көкөніс, 293 гектар бақша дақылдары мен 5 800 гектар көпжылдық шөп егілген. Көктемгі дала жұмыстары наурыз айының басында ерте басталған. Бұл шаруашылықтардың ұйымдасқан сапалы жұмысы мен шаруаларды уақтылы тұқыммен, жеңілдетілген дизельмен, несиелік қаржылармен қамтамасыз етудің нәтижесі. Мамыр айының 20-на дейін көктемгі дала жұмыстары толық аяқталған, оған 350-ден астам шаруашылық қатысты.

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабековтың айтуынша, бұл салаға биылғы он ай ішінде 414 миллион теңге инвестиция тартылыпты.

– Көктемгі дала жұмыстарына 740 тонна жаздық арпа, 205 тонна мақсары, 32 тонна дәндік жүгері, 40 тонна жоңышқа тұқымы дайындалып, қажеттілік толық шешілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін литрін 212 теңгеден 780 тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді. Қазіргі таңда операторға 728,7 тонна дизель жеткізіліп, 59 шаруа қожалыққа сұраныстарына сәйкес толық босатылды. Қосымша, жазғы жиын-терім және күзгі дала жұмыстарына 976 тонна жеңілдетілген дизель отынына шаруашылықтар тарапынан сұраныс енгізілді. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы бойынша 87,3 миллион теңгеге 13 өтінім түсіп, қаржыландырылды. Ал, техникаға келсек, ауданда барлығы 683 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Көктемгі дала жұмыстарына 510-ы қатысты. Егін шаруашылығының өнімді болуына минералды тыңайтқыштың да тигізер әсері мол. Биыл 1207,4 тонна тыңайтқыш алып, егістік алқаптың 13 600 гектарын тыңайту жоспарланған. Бүгінгі күнге 1606,8 тонна селитра және аммофос тыңайтқыштарын сатып алуға келісімшарт жасалып, 1386,9 тонна тыңайтқыш сатып алынды. Оның ішінде 892,9 тонна аммиак селитрасы, 59 тонна аммофос және 435 тоннасы басқа тыңайтқыштар. Жоспар 114,9 пайызға орындалып отыр. Ауданда егістік жерлерді суғаруға арналған екі су қоймасы (Ынталы мен Бүркітті) және 16 су жеткізуге арналған магистральды каналдар бар. Су қоймалары «ҚазСуШар» РМК мекемесінің теңгерімінде, ал каналдар толық аудандық коммуналдық меншікте. Аудандағы су жүйелері каналдарының жалпы ұзындығы 109,4 километр. Бүгінде 3 каналға лоток жүйелерін орналастыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жалпы 652,3 миллион теңгеге облысқа бюджеттік өтінім беріліп, қаралуда. Қалған 12 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттарын жасауға биыл аудандық бюджеттен қаржы қарастырылды. Ауданда суармалы егістікке пайдаланылатын 109,4 километр ұзындықтағы 16 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, Шабақты мен Бүркітті өзенінен суармалы егістік жердегі көпжылдық шөптер мен жүгері алқаптарына су берілді. Сәуірдің 1-і мен 20-сы аралығында қызыл су арқылы 903 гектар естік алқабы суарылды. Оның ішінде, 628 гектары жүгері болса, 278 гектары жоңышқа дақылдары. Бүгінде Ынталы су қоймасындағы судың көлемі 4,8 миллион текше метр (16 пайыз), ал, Бүркітті су қоймасындағы судың көлемі 7,2 миллион текше метр су жиналып, бүгінгі күнге таусылды. «ҚазСуШар» РМК Сарысу аудандық филиалымен 171 шаруа қожалық 2461,62 гектарға су пайдалану үшін келісімшартқа отырды, – дейді бөлім басшысы Нұрлан Оңғарбекұлы.

Бүгінгі таңда 8600 гектар астық дақылдары алқабы толық жиналған. Нәтижесінде, 5246 тонна жаздық арпа және бидай дақылы жиналып, орташа өнімділік гектарына 6,4 центнерден айналған. Шаруалардың айтуынша, бұл ауа райының қолайсыздығы және жауын-шашын мөлшерінің аздығынан орын алып отыр. Бұдан бөлек, майлы дақылдар алқабының 7 мың гектары (жалпы алқап көлемі 8300 гектар) жиналып, 2800 тоннадан астам өнім жиналған. Орташа түсім гектарына 4 центнерді құрайды. Дәндік жүгері алқабының 1250 гектары толық орылып, 10 мың 625 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 85 центнерді құраған. Көкөніс және бақша алқаптары да жиналып, жалпы өнім 15 мың 224 тоннаны құрап, орташа өнімділігі гектарына 296,6 центнерден айналған.

Сарысу ауданында 576 шаруа қожалық мал өсірумен айналысады. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысында аудандағы мал саны 329 мың 492 басты құраған. Оның ішінде 29 мың 801 бас мүйізді ірі қара болса, 227 мың 209 уақ мал, 9 616 жылқы, 3 386 түйе және 25 мың 850 құс бар. Осы мал шаруашылығынан 10 айда 5 873,6 тонна ет, 5 264,8 тонна сүт, 3 404,8 мың дана жұмыртқа алынған.

Қазір шаруалар малдың қысқы азығын дайындап, күздік бидайды да сеуіп қойыпты. Биылға мал азығын дайындау үшін 43180 гектар шөп шабуға белгіленген. Оның ішінде 37380 гектары табиғи шабындық және 5800 гектары жоңышқа алқабы. Бүгінде 37380 гектар табиғи шабындық алқабы толық орылып, жоңышқа ору барысында алғашқы орымда 5800 гектар, екінші орымда 2700 гектар және үшінші орымда 1500 гектар жоңышқа алқабы шабылыпты. Ағымдағы жылы 123 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген. Бүгінде аудан тұрғындары 128 мың тонна шөп жинапты. Бұдан бөлек, 2022 жылдан қалған 12 мың тонна қалдық шөп қоры бар және 27 мың тонна қосымша арпа, бидай, мақсары сабандары жинақталды. Міне осылай сарысулық шаруалар қысқа әзірлігін сайлап отыр.

Ал, 2024 жылдың өнімі үшін 4500 гектар күздік бидай еккен. Тұқым ретінде 810 тонна бидай дайындалған. Күзгі дала жұмыстарына 42 шаруа қожалық қатысыпты.

– Мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді. 2021 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында 227,2 миллион теңге көлемінде шаруа қожалықтар қайтарымсыз субсидия қаржысын алды. 2022 жылы субсидия көлемі 340,6 миллион теңгеге жетті. Ал, биыл жыл басынан бері шаруа қожалықтар 71,7 миллион теңге субсидия алды. Резервте 182,5 миллион теңгенің өтініші тұр. Ауданда бүгінде асыл тұқымды мал өсіруші 9 шаруа қожалық, атап айтқанда «Жарасбек ата», «Сәт-Сағын», «Раш», «Тәуекел», «Әлішер», «Бірлік», «Елдос-2004», «Айтуған» және «Абылай» шаруа қожалықтары тіркелген. Бұлардың бәрі де республикалық асыл тұқымды малдардың палаталарына тіркеліп, толық заңдастырылған. Мал шаруашылығын асылдандыру бағытында тұқымды өндіруші бұқа немесе қошқар сатуға толық құқылы. Биылғы жыл басындағы санақ бойынша 45 мың 877 бас асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері тіркелген. Ал, асыл тұқымды және будандасқан мүйізді ірі қара саны 4314 бас. Оның ішінде 3176 басы Қазақтың ақбас тұқымы болса, 6 бас әулиекөл тұқымы және 1132 бас Абердин ангус тұқымы, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков.

Қазіргі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердегі тіркелген барлық 683 техниканың 361-і дөңгелекті трактор, 22-сі шынжыр табанды трактор, 271-і басқа да техникалар мен тіркеме және 29 комбайн. Биыл 12 пайыз ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға тапсырма беріліпті. Бүгінгі күнге жалпы соммасы 340 миллион теңгеге 46 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Оның ішінде 18-і трактор және 28-і қосалқы техникалар. Жаңарту көрсеткіші 6,7 пайызды құрап отыр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support