- Advertisement -

Тараз өлкесі тарихының тамыршысы

46

- Advertisement -

Қазіргі әдебиеттану ғылымында профессор Жанғара Дәдебаевтың орны бөлек. Әдебиеттің тарихы мен теориялық мәселелерінде оның өзіндік айқын қолтаңбасы бар. Әсіресе, соңғы он жылдың бедерінде Абай ілімін жаңашыл концепция тұрғысынан қарастыруда зор ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстар атқарып келе жатуы – отандық ғылымға шын берілуін, сүйіспеншілігін, азаматтық-ғалымдық тұғырының биіктігін танытса керек.

Ж.Дәдебаевтың ғылыми потенциалы өте мол, әрі қуатты. Оның Тараз өлкесінің мәдени-рухани тарихына арналған еңбектері өз алдына үлкен сала, арнайы зерттеуді, бағалауды қажет етеді. Алматыда бүкіл шығармашылық өмірін өткізген кім-кімнің туған жері, өскен өлкесі бір сәтте де естен шықпайтыны белгілі. Ғалымның туған жер тарихы мен тарихи тұлғаларын келді-кетті, жүрдім-бардым қарастырмай, арнайы көп уақытын бөліп, терең зерттеп жүйелеуі, бір жағынан туған топырағына деген бүкіл ғұмырында суымаған ыстық ықыласын білдірсе, екіншіден, ғалымның Тараз өлкесіне арнаған зерттеулері Қазақстан тарихына қосылған филологиялық- тарихи зор үлес, бағалы еңбек деп білеміз.

Талас өлкесіне қатысты 50 аңызды жинақтаған «Талас аңыздары» еңбегінің құндылығы – ел аузынан жиналуында ғана емес, оның ғылыми негізділігінде, тарихи сипатында. Ғалым аңыздарды Махмуд Қашқари, В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, В.А. Каллаур, Л.П. Потапов, А.А. Диваев, Л.Н. Гумилев, М. Тынышпаевтағы басқа еңбектерінен, сондай-ақ ХІХ ғасырдың соңғы жылдары мен ХХ ғасырдың басындағы Қазан, Ташкент, Бішкек тағы басқа ғылыми орталықтарының жазбалары негізінде құрастырылған. Кітаптың артықшылығы да осында. Аңыздардың жариялану, жиналу деректері нақты көрсетіледі және мәтіндер өзгеріссіз берілген.

Тараз өлкесінің ескі тарихына арналған филологиялық-тарихи зерттеуі туралы да осыны айтуға болады. Қытай елінің көне жазбаларын, шығыстанушы ғалымдардың жазбаларын саралай, жинақтай келіп, бір ізге салып, қорытып, түйіп, оқырман үшін түсінікті де нақты деректермен баяндайды. Бұл процесс айтар ауызға жеңіл болғанмен, шын мәнінде үлкен еңбектің нәтижесі. Ғылыми еңбектерде Византия елшісі Земархтың Тараз өлкесіне келуі қысқа айтылады. Ал, Ж.Дәдебаев зерттеуінде сол кезеңдегі тарихи жағдай, Византия императоры Юстиннің ұстанған сыртқы саясаты, Ыстымы қағанның Ұлы Жібек жолын өзіне қаратудағы батыл әрекеттері нақты дерек көздеріне негізделе отырып таратылып баяндалады. «Ыстымы бұл елшілікті 568 жылы қабылдады. Елші хан алдына барарда, хан қызметкерлері ағаш үйіп, от жағады. Елшінің барлық заттарын оттың қасына үйеді. Хан бақсылары дұға оқып, елшінің заттарын кесір- кесапатты белгілерден арылтып, тазартады. Елші Земархтың өзін де от ортасынан өткізеді. Сарай қызметкерлері елшіні отпен осылай тазартып алғаннан кейін ғана оны ханның қабылдауына жібереді» деп жазады. Бұл осыдан XV ғасыр бұрынғы еларалық оқиғаны тірілту ғой. Бұдан ары автор: «Ыстымы Византия елшісін қабылдаған тұста ханның Таластағы жазғы ордасына Иран елшісі келеді. Талас өзені бойында елшілер құрметіне берілген қонақасы үстінде Ыстымы Византия елшісіне жоғары құрмет көрсетіп, оны төрге шығарады. Сондай-ақ, хан Земархқа шапқыншылық үстінде олжаға түскен бір сұлу қызды сыйға тартады. Иран елшісіне мұндай құрмет көрсетілмейді, тіпті ол хан тарапынан сөгіс сөз естиді» деп жазады. Оқиғаның осыншалықты тірілтіп баяндалуы автор қиялының жүйріктігінен емес, ол нақты дерекке сүйеніп, сілтеме жасайды. 1861 жылы жарық көрген «Византийские историки (Дексипп, Евнапий, Олимпиадор, Малх, Менандр и др.) материалдар жинағынан алынған.

Автордың филологиялық-тарихи зерттеулеріндегі стилі де сүйсінтеді, әрі қызықтырады. Қаншама еңбектегі деректер бір-біріне қосылып, асты- үстіне түсіп, араласып жатқанда, ғалымның майдан қыл суырғандай қажетті мәліметтерді тауып алып, оларды жүйелеп, қиыннан қиыстырып, оқырманға әдемі тұтас дүние етіп ұсынуы – екінің бірінің қолынан келе бермес шеберлік.

«Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бұмын қаған, Ыстымы (Істемі) қаған отырған. Отырып, түркі халқының елін, жұртын қалыптастырған, иелік еткен» деп мәтін бойынша «Күлтегін» жазуын оқитынымыз бар. Ал, осындағы Бұмын қаған, Ыстымы қаған кім? Сөз арасында аты құрметпен аталып, аруағына бас ию байқалғанмен, оның шын мәнінде кім болғаны, басынан қандай тарихи оқиғаларды өткергенін жыр мәтіні айтпайды. Ал ғалым Ж.Дәдебаевтың «Ыстымы қаған» филологиялық-тарихи зерттеуін оқығанда, оның тарихи тұлғасы, әдеби образы жөнінде кең көлемді мәлімет алдыңнан шығады.

«535 жылдан бергі уақытты Ыстымы жорық үстінде өткізді. Елі мен жерінен ауған қандастарын қуа соғысып, Талас пен Асаны кешіп, Сырдан асып, Еділ мен Жайыққа дейін барды. 553 жылы ағасы Бұмын қаған дүниеден өткенде, Ыстымы ел басқару, қол бастау ісіне әбден төселген, көреген мемлекет қайраткері деңгейіне дейін көтерілген еді», деп жазады.

Бұдан әрі Қадырқан қойнауынан Темір қақпаға дейін көк түріктердің қуатты мемлекетін құрған Ыстымы қағанның бірде дипломатиялық жолмен, бірде қарулы күшпен жүргізген қажырлы күрес жолы баяндалады. Даңқты бабаның асқақ тұлғасы көрініс береді. Тарихи кезеңде өзіне бас имей, ауа көшкен, барған Еуропа жерінде өзгелерге сес көрсетіп, мықты жауынгер халық екенін танытқан қандастары туралы Ыстымы қаған былай дейді: «Ауарлар аспанға ұшып кететін құс емес, суға секіріп, тереңге жүзіп кететін балық та емес. Олар жер басып қыбырлап жүретіндіктен, менің қылышымнан қашып құтыла алмайды», – деп сәлем жолдайды. Ғалым Ыстымы қаған сөзінің дерек көзін нақты келтіре отырып, скиф патшасы Иданфирстің парсы патшасы Дарийге жіберген «сыйымен» салыстыра талдайды. Ыстымы қағанның ақыл-парасатын, сөзге шешендігін, сөз құдіретін жоғары бағалауын білдіреді. Мақалада қағанға қатысты бұдан да басқа деректер келтіріледі. 576 жылы Рим елшісі келгенде, Түркісан әкесі Ыстымыны жер қойнына беріп, аза тұтып отырған еді дейді.

Рим елшісіне қаралы күйде отырып Түркісан: «…Өтірік жамылып келген сендер де, сендерді маған жіберіп отырған қожайындарың да жалғаншы. Мен сендерді тап қазір өлтіруге бұйырамын. Ал, патшаларың маған достық сөзін айтып, менің ауып барған құлдарыммен келісімшартқа отырғаны үшін әлі де сазайын тартады» деп айбат шегеді. Түркісанның бұл ашу сөзі оның әкесінің өлер қарсаңындағы көңіл- күйімен үндес. Түркісан Рим елшісіне әке ренішін жеткізгендей сөз айтты. Валентин Түркісанның түсінен де, сөзінен де сескеніп, іш жиып қалып, жұмсара, жалына сөйлеуге мәжбүр болады. Сонда ғана Түркісан аздап жібігендей райланып: «Сендер маған әкем өліп, қатты қайғырып отырғанда келдіңдер. Әкем Ыстымы жақында ғана дүние салды. Сондықтан сендер, римдіктер, біздің өлім-жітімге байланысты әдет-заңымызға сай қанжарларыңмен беттеріңді тілгілеп, қайғыруларың керек!» – дегенде, елшілер сол сәтте жапа-тармағай қанжарларымен беттерін тырналап, қайғыларын білдіреді. Қаралы күндердің бірінде Түркісан төрт әскери тұтқынды ереуіл аттарымен бірге әкесі Ыстымының аруағына арнап құрбандыққа шалып, дұға оқиды. Тұтқындарды құрбандыққа шалар алдында Түркісан оларға өзінің сәлем сөзін әкесіне айта баруды бұйырады.

Бұл желі оқиғалы, диалогке құрылған. Ыстымықағанның сөзінен де, оның баласы Түркісанның сөзінен де қаһарманның өжет мінезі, Еуропаның өзін тітіренткен қаһарлы айбары көрініс береді. Ыстымы қағанның да, Түркісанның да былай сөйлеуі тегін емес. Өз заманындағы қуатты мемлекеттің Елбасшысы. Жаһанды тітіренткен қуатты әскері бар. Тарих сабағы осылай деп сыр шертеді. Осы бір тарихи деректі жүйелеп, бір ізге салып, алдыңа жайып с алған Ж.Дәдебаевтың қалам қуатына сүйсінесің. Тағы да сұрақ туындауы мүмкін. XV ғасыр бұрынғы оқиғаны дәл қасында болғандай былай таратуы қалай деп. Ғалым дерексіз сөйлемейді. Нақты сілтемесін көрсетеді. Бірі жоғарыда айтылған 1861 жылғы «Византийские историки» болс а, Геродоттың «История в девяти книгах», А.Н.Бернштамның «Очерк истории гуннов», Ю.А.Кулаковскийдің үш томдық «История Византии» кітаптары, Л.Н. Гумилевтің, Ә.Марғұланның, М.Жолдасбековтің еңбектері пайдаланылған.

Автордың «Әулиа ата», «Алаша хан» мақалалары да қызықты оқылады. Абай: «Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай «мынау бір алашы болды ғой» депті жан алушы болды дегеннің орнына. Сондықтан, ол кісі Алаша хан атаныпты… Сонан соң хан бұл атты қалмақ қорыққаннан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «алашы-алашы» деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, бұларға айғай салғанда, көп жанның айқайымен «алаш-алаш» деп кетіпті. Сондықтан «алаш-алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік» деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен» дейтін Алаша хан кім еді, оның уақытындағы тарихи кезең қандай болды, тағдыры немен аяқталды деген сұраққа ғалым М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сүйене отырып, тұшымды таратып жазады.

Алаша ханның шын аты – Сұлтан Ахмет хан (1464-1465 жылы туған). Моғолстан ханы Жүніс ханның екінші ұлы. Жүніс хан 1485 жылы Ташкент хандығын үлкен ұлы Сұлтан Махмұтқа, Моғолстан хандығын кіші ұлы Сұлтан Ахмет ханға береді. 1486- 1487 жылдары хан қайтыс болады. Моғолстанның кейбір ірі әмірлері Сұлтан Ахмет ханның билігін мойындағысы келмей, қарсылық көрсетеді. Хан Арлат әмірі, Шорас әмірі, Қалұш әмірі әскерлерімен соғысып, жеңіске жетеді. Қалұш әмір әскеріне қолдау көрсетіп, паналатқан қалмақтарды да әлденеше рет шауып, Исан тайшыға ойсырата соққы береді. М.Х.Дулати мен Бабырдың жазбасына сүйене жазылған еңбекте Алаша хан-Сұлтан Ахмет хан мен Бабыр Падишахтың, ағасы Сұлтан Махмұтпен ке зде суі қызықты суреттеледі. Кейін Бабыр Падишах Алаша ханды былай суреттейді: «Кіші хан, менің ағам, шымыр, батыл да айбынды, тамаша адам еді. Қару-жарақтан қылышты артық санайтын және: «Айбалта, шоқпар, найза, семсер бір ұрғанда бір-ақ жерді жаралайды, ал қылыш сілтесең болды – бастан табанға дейін қақ бөліп түсетін», – дейтін. Ол қанжарын ешуақытта жанынан тастамайтын. Алыс аймақта өскен кіші хан аздап ебедейсіз, тік сөйлейтін кісі болатын» деп сипаттама береді. Зерттеу мақаласында екі ханның қарама- қарсы іс-әрекеті бейнеленеді. Сұлтан Махмұт хан билікте алдамшылардың, жағымпаздардың сөзіне еріп, зардабы мол адасушылыққа ұшырайды. Елдің ішкі жаулары Ахмет Таңбал, Шәйбани хан күшейе бастайды. Шайбани ханның айлалы тактикасына алданған, ағалы-інілі екі хан қолға түседі. Екеуінің Шәйбаниге пенде болуына себеп Махмұт ханның ел басқарудағы берекесіздігі еді. Шәйбани хан соңындағы ел-жұртын алып қалып, Сұлтан Махмұт хан мен Алаша ханға кеңшілік жасап, Моғолстанға қайтарады. Намысты Алаша хан Моғолстанға келген соң төсек тартып жатып қалады. Мұхаммед Хайдар Дулати кітабында бұл жай Қожа Таджадин шейх атынан былай баяндалады: «Хан ауырып жатқанда, мен оңаша келіп, жұрттың оған Шәйбани у бергені жайлы айтып жүргенін естіртіп, өзімнің Қытайдан уға қарсы ем алдыртып, удың зардабын қайтаруға ниет қылып отырғанымды білдірдім. Хан: «Иә, Шәйбани хан маған у берді, жай емес, мынадай у: Шәйбани табан астымда жатқан біреу еді, төбемізге шығарып алдық. Ол ағайынды екеумізді бірдей тұтқынға алды, одан екеумізді де босатып, екеумізге бірдей еркіндік берді. Мен осы қорлықтың күйігінен ауру таптым. Егер мұндай удың уытын қайтаратын ем табылса, онда оңды болар еді» дейді.

Алаша хан осы күйіктен 1504 жылы отыз тоғыз жасында дүниеден озады.

Тұлға тану – Ж.Дәдебаевтың филологиялық зерттеулерінің өзекті арнасы. «Тараз өлкесі» кітабына енген мақалалар қазақ тарихына қосылған зор үлес. Қадырғали бек, Төле би, Бөлтірік шешен, Байзақ датқа, Батырбек датқа, Сыпатай би, Күнтумыш батыр, Көшек батыр, Қойгелді батыр, Саңырық батыр, Жауғаш батыр, Өтеген батыр, Бауыржан батыр, Ұлбике, Майкөт ақын, Жамбыл, Кенен ұлт тарихы мен руханиятында, батырлық дәстүрі мен ақын-жыршылық өнерінде қазақ елінің даңқын асырған алуан түрлі тағдыр иелері. Ғалым осы тұлғаларды көптеген деректердің негізінде қорытып, ой түйіп, тыңнан арна тартып, жан беріп, сәулелендіріп жазады. Жеңіл де қызықты оқылады. Көз алдыңа диалогпен салмақтандырылған образ келеді. Қажетті тұста автор жарыса ой толғайды. Абай айтқандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тигенмен», көп ізденіспен, толағай еңбекпен жазылған қажетті дүниелер.

Сөз соңында автор: «Тараз өлкесі туралы көп жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмыстарымыздың басты нәтижелерін жинақтадық. Ескі тарихтың қойнауында жатқан шындықтың шырайы әрқашанда шынайы қалпында болады. Ақыл көзімен қараған кісі одан білім алып қана қоймайды, сонымен қатар ғибрат табады. Біз өз ізденісімізді осындай оймен жүргіздік» дейді.

Иә, тарих – ғибрат. Бүгінгі ұрпақ осыны көкірегіне түйіп өссе, міндетіне адал, ойы жарқын, жүрегі таза ғалым парызының орындалғаны.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика және филология кафедрасының профессоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support