- Advertisement -

Тірліктің ретін тапқан шаруа

37

- Advertisement -

Біз Төле би ауылында тұратын жеке кәсіпкер Бахадур Масайтевтің ауласына бардық. Жергілікті азаматтар мұнда түйетауық өсіріледі деген соң аялдаған едік. Түйетауық дегенге өзіміз көзіміз көріп жүрген жағдайды көз алдымызға елестеткенбіз. Сөйтсек, мұндағы шаруаның барысы мүлдем бөлек.

Жеке кәсіпкер Бахадур Жорабайұлы былтыр Алматыдан қоразын 1 миллион теңгеге, үш аналық түйетауықты әрқайсысын 750 мың теңгеден сатып әкеліпті.

Бұл Африканың қара түйе құсы деп аталады екен. Килограмы 15 мың теңгеден өтіп, тауық етінің таза табысы 1 миллион 250 мың теңгені құраған. Ал, терісінің өзі 90 мың теңгеге сатылып кетіпті. Түйе құстың бұл түрі тамақты көп талғамайды. Пияз, сәбіз, нан, арпа, бидай, жоңышқа жей береді. Құм мен тасты да шоқиды. Олардың ағзасына құм мен тастың да қажеті бар болғаны. Бахадур Масайтев кәсіпкерлігінен бөлек, аспазшы болып істейді. Сондықтан, оған тамақ қалдықтарын табу қиын шаруа емес. Ал, тауықтарға тамақ қалдықтары – таптырмас азық.

Түйетауық өсірумен айналысуына Алматыда тұратын дәрігер баласы Әлішер кеңес беріпті. Бұл түйетауық тұқымы 10 айлығында союға жарайды. 1 жасар түйетауық 60 килограмм ет береді. Сонда 1 жасар түйетауық 900 мың теңге тұрады деген сөз. Әне, табыстың көзі қайда жатыр?

– Екі түйетауық биыл жұмыртқа басады. Әрқайсысы 60 жұмыртқаға дейін туады. Екеуіне 100 жұмыртқа бастырып, 90 балапан аман өссе де, аз табыс емес. Бір жұмыртқасының бағасы 10 мың теңгеден кем емес. Бұл түйетауық құсының еті қант диабетіне мыңнан бір ем. Ішкі майлары да – денсаулыққа пайдалы. Бұл тауық түрінің көзі де, өзі де, сүйектері мен тырнақтарына дейін ақша. Жұмыртқасының қабығы да кальций, үлпілдеген үкісі де ақша. Тырнағының өзінен қымбат сырт киімдерге түйме жасалады екен. Ал, жазатайым сыртқа шығып кетсе жеткізуі қиын. Бір шапқанда, төрт сағатқа дейін үзіліссіз жүгіре алады. Оны шығып кетсе тек атып қана ұстай аласыз. Енді осы түйетауық түрін дамытсам деймін. Оған мемлекет тарапынан субсидия берілсе. Алаңсыз кәсіпкерлігімді дамытар едім, – дейді жеке кәсіпкер.

Бахадур Масайтев Төле би ауылындағы сұранысқа ие аспазшының бірі. Қай жерде ас- жиын болса, күріш бастыруға Бахадурды іздейді. Қазан-қазан күріш басып, тәулігіне 35-40 мың теңге табатыны бар. Бұйырса, Бахадур түйе тауықтың африкалық тұқымын өсіруден де мол табысқа кенелгелі тұр. «Тірліктің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген осы болар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support