- Advertisement -

Ауылдағы ауыз су мәселесі шешіледі

23

- Advertisement -

Қазіргі таңда бұрынғы мөлшерінен азайып кеткен суды егістікке жеткізу – аса өзекті. Бұл мәселемен талай ғылыми орталықтар да айналысып келеді. Мәселенің бір шешімі – жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиясын кеңінен пайдалану. Бұл туралы 15 жылдан бері айтылып келе жатыр. Тағы бір шешімі – егістікке су жеткізетін каналдарды жөндеу.

Егістікке су апаратын каналдарды жөндеу мәселесі Шу ауданында да өзекті. Әсіресе, Бәйдібек, Бөлтірік, Балуан Шолақ ауылдарына су жеткізетін канал барынша тозған. Аталған ауылдарды түгел қамтып есептесек, мұнда 13 мың халық тұрады. Бұл іс 13 мың тұрғынның болашақтан күтіп отырған үміті. Міне, осы мәселеге назар аударған жауаптылар қажетті қаражатын бөліп, аталған ауылдардың каналдарын жөндеп жатыр. Бірақ, жұмыстың бітуі уақытынан созылып кеткен. Әуелі түркиялық компания жұмыс істеп, шаруаны орта жолда қалдырған. Енді ирандық компания осы кезге дейін өз қаражаттарына аталған ауылдарға қатысты каналдарды жөндеп жатыр. Ирандық компанияның өкілі Эхсан Ходдамның айтуынша, қазіргі таңға дейін 200 миллион теңге қаражаты өз есептерінен жұмсалған. Одан бөлек, аталған ауыл тұрғындарына өз қаражаттары есебінен қол ұшын берген.

Жақында өңірімізде болған жұмыс сапарында осы шаруаны еліміздің Су ресурстары және ирригация вице- министрі Нұрлан Алдамжаров келіп көрді. Вице-министрге жағдайды түсіндірген жауапты өкіл Ержан Байсейітов: «Жұмыстың уақыты созылып кеткендіктен, құрылыс материалдары да қымбаттап жатыр. Енді қаражаты аударылса, аталған үш ауылға қатысты 15 каналдың жөндеу жұмыстарын келесі жылғы сәуір айына дейін бітіріп, тұрғындардың егістікке су алуына толық мүмкіндік жасаймыз», – деді. Ирандық компанияның өкілі Эхсан Ходдам: «Осы кезге дейін өз есебімізден жұмыс істеп келгенімізді айттым. Қазір жұмыс қаржы мәселесіне байланысты тоқтап тұр. Келісімшартқа сай жұмыс істеп отырмыз», – деді. Осы тұста Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев жасалған жұмыстың кейбір тұстары сапаға сай емесін, қажеттіліктермен толық қамтылмағанын айтып өтті. Мәселенің мәнісін түсінген Нұрлан Алдамжаров: «Аталған үш ауылды қамтитын каналдардың құрылысына қатысты қаражат тез арада бөлінеді. Бірақ, жұмысты тағы созбай, сәуірде осы ауылдардың егістігіне су баратын болсын. Жұмыстың сапасына да мән беріңіздер», – деді.

Аталған жоба аясында Бәйдібек, Бөлтірік, Балуан Шолақ ауылдарының каналдың жөнделуін күтіп жүргендеріне талай уақыт болды. Бұйырса, алдағы сәуірде бұл мәселе толық шешімін табатын түрі бар. Ол мезгіл де алыс емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support