- Advertisement -

Жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары

37

- Advertisement -

Биыл жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында 65 мың 722 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 96,7 пайызға орындалған. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыста 62 мың 274 адам жұмысқа қабылданған. Ал, субсидияланатын жұмыс орындарына 15 мың 84 адам орналасса, жұмыс берушінің сұранысымен 971 жұмыссыз кәсіптік оқытуға жолданған. Сондай-ақ, осы жылы облыс аумағында 2,5 пайызбен микрокредит беру аясында 379 жасқа 1 мың 735 миллион теңге қаржы берілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қосымша жүз адамға 500 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов баяндады.

Оның айтуынша, биыл өңірде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1044 адам 1440,4 миллион теңге грант алған. Облыстан жұмыс күші тапшы өңірлерге 190 отбасы, 605 адам қоныс аударған. Ал, атаулы әлеуметтік көмекпен 58 мың 340 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Осы жылдың 1 қарашасына атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларындағы бір жастан алты жасқа дейінгі 12 мың 312 балаға қосымша 404,6 миллион теңге төленген. Сондай-ақ, бүгінге облыс көлемінде 45 мың 601 мүгедектігі бар адам тіркелген.

– Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына бюджеттен 3,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Он айда әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 93 пайызды құрап отыр. Яғни, порталға тіркелген 24 мың 719 өтініштің, 22 мың 967-сі қанағаттандырылды. Одан бөлек, өткен жылы басқармаға қарасты 12 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 мың 291 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілсе, биыл 1 мың 578 адам қызмет алды. Айта кету керек, биыл Сарысу ауданында сыйымдылығы 25 орындық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылса, Тараз қаласында 150 орындық оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілді, – дейді Ғалижан Советұлы.

Сондай-ақ, «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған. Орталық егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ және зейнеткерлік жастағы адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын ұзарту мақсатында, оларды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіруді жүзеге асыру арқылы қызметтер көрсетеді. Жиын соңында басқарма басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support