- Advertisement -

Берекелі Бірлік ауылы

56

- Advertisement -

Мойынқұм ауданында экономикалық жағынан алға басқан ауылдық округтің бірі – Бірлік. Ауылдық округтегі тұрғындар саны 3595 адамды құраса, аула саны 618. Сонымен қатар, 399 зейнеткерлерге көңіл дұрыс бөлінсе, 109 көпбалалы анаға да құрмет көрсетіліп келеді. Ауылдық округ әкімі Қуаныш Оспановтың да қолынан іс келетін азамат екені көрініп тұр. Бірлік ауылының тұрғындарының да округ әкімінің жұмысына көп жағдайда көңілі толатынын байқадық.

Бұл ауыл осы атамекеннің топырағына аунап өскен танымал тұлғалары мен есімі елге белгілі перзенттерімен мақтанады. Атап айтқанда, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, генералдар Берік Асылов, Шаймұрат Исаев, Нұржан Исақов та үлгі болған азаматтар. Елімізге танымал Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов та Бірлік ауылында балалығы өткен азамат.

Берекесі артқан Бірлік ауылында кәсіпкерлік саласында да ілгерілеу бар. Атап айтқанда, 25 дүкен, 6 тойхана мен кафе, 2 наубайхана, 3 шаштараз, 2 автокөлік жөндеу орталығы, ағаш өңдеу цехы жұмыс істеп тұр. Аталған кәсіпкерліктерде 95 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылған. Ауылда 22 көше бар. Ал, 22 көшенің көпшілігіне асфальт төселген. Көше жарықтары да жарқырап жанып тұр.

Бірлік ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 23 адам еңбек етсе, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектепте 120 маман қызмет атқаруда. Олар 620 балаға білім беріп келеді. Аталған мектепте құқықбұзушылық және қиын бала ретінде есепке алынған оқушылар тіркелмеген. Ал, «Ақбота» балабақшасында 6 топта 110 бала тәрбиеленуде.

Ауылда 80 шаруа қожалық тіркелген. 1450 гектар суармалы жер бар. 30 шаруа қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдық округте 500 жылқы, 1600 ірі қара, 15 мың қой, 1 мың ешкі бар.

Бірлік ауылдық округінің тұрғындары биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бұл жобаға Бірлікте тұратын барлық азаматтар ризашылық білдіріп отыр.

Ауылдың саябағын да аралап көрдік. Көрікті саябақ маңайға сән беріп тұр. Ішіне арнайы тастар төселіп, орындықтар қойылған. Тұрғындардың ертелі-кеш серуендеп, қыдырып қайтуына қолайлы. Мұнда танк техникасы ескерткішке қойылған. Оны да тамашалайтындар, осында келіп суретке түсетіндер аз емес.

– Ауылда бала тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Өздеріңіз білесіздер, аталар мен әжелер мектебі ауылда жақсы қалыптасқан. Сол мектепке жететін мектеп жоқ. Қазіргі бастауыш сыныпта оқитын балалардың сабағы едәуір қиын. Оларға бір мезгіл асыр салып ойнап алмаса болмайды. Бүгінгі бейбіт, жақсы заманда ойын баласы уақыт тауып ойнауы керек. Оған мұнда барлық мүмкіндік бар, – дейді округ әкімі Қуаныш Мәлібекұлы.

Бастысы, мұнда жақсы жабдықталған ойын алаңы бар. Онда алтыбақан құрылған. Одан бөлек, балалардың алаңсыз ойнауына қажетті құралдардың барлығы бар. Біз барғанда да бірнеше бала ойынның қызығына беріліп жатты. Көңілдерінен шаттық лебі еседі.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support