- Advertisement -

Табиғаттың тазалығы – өмірдің өзегі

35

- Advertisement -

Қоршаған орта тазалығын сақтау мен табиғи ресурстарды қорғау – адам өмірі үшін аса қажетті нәрсенің бірі. Жұтатын ауамыз, ішетін су мен жейтін асымыз тікелей денсаулыққа әсер ететіні бесенеден белгілі. Кез келген жерде бей-берекет шашылған күл-қоқыстың ауаны ластайтыны, ол арқылы адам өміріне зиян келтіретіні бұрыннан айтылып келе жатқан және өмір өзі дәлелдеген қағида. Қысқасы, ақындарша айтқанда «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтар табиғаттың тілі жоқ». Өмір үшін осыншалықты құнды болғандықтан да «жасыл» экономиканы қалыптастырып, оны одан ары дамытудың маңызы зор.

Облыста 2020-2024 жылдарға арналған Экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасында 15 іс-шара көзделген. Оның ішінде бүгінге дейін 10-ы орындалыпты. Тамыз айында жол картасы жаңартылған, ол қазіргі уақытта орындалып жатқан 25 іс-шарадан тұрады. Жақында ғана облысымызға арнайы іссапармен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірдегі экологиялық жағдай тұрақты екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, биылғы 9 айда облыста зиянды заттар шығарындыларының көлемі 44,805 мың тоннаны құрапты.

Экологиялық жағдайларға байланысты келіп түскен өтініштерді талдау барысында облыс халқын толғандыратын бірқатар жүйелі экологиялық проблемалар бар екенін көрсеткен. Оның біріншісі – Тараз қаласының айналасында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен шығатын фосфогипс қалдықтарының орналастырылғаны. Көне шаһарымыздың маңында қазіргі уақытта көлемі 16 миллион тоннадан асатын фосфогипс жинақталған 2 үйінді бар екен. Тараз қаласынан 20 шақырым жерде үшінші үйіндіні іске қосу жоспарланып жатыр. Бірақ, ол үйіндідегі қалдық фосфогипсті ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу үшін пайдалануға болатынын атап айтқан жөн. Бүгінгі таңда аталған мақсаттарға 140 мың тоннасы пайдаланылыпты. Осыған байланысты «Жамбыл облысының әкімдігі ауыл шаруашылығында және жол құрылысында фосфогипсті пайдалану бойынша жұмысты жандандыруы қажет», деген еді министр. Экологиялық жағдайға қатысты облысымыздағы екінші мәселе – ірі кәсіпорындардың атмосфералық ауаға шығарындыларын бақылау. Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті ірі кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарынан тыс жерлерде үнемі ауа сынамаларын алып отырады. Атап айтқанда, «Казфосфат» МУ», «Казфосфат» НДФЗ», «Казфосфат» ГПК «Каратау», «Жасыл-Ел Тараз», «TalasInvestmentcompany», «ЕвроХим-Каратау», «ЕвроХим-Удобрения» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Т.Батуров атындағы Жамбыл мемлекеттік аймақтық электр стансасы» акционерлік қоғамының ауаға келтірер әсері бақылауда ұсталынды. Бұдан басқа, Экологиялық кодекстің нормаларына сәйкес I санаттағы объектілерге міндетті түрде эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу қажет дейді министр Ерлан Нұралыұлы.

Айта кетейік, Т.Батуров атындағы мемлекеттік аймақтық электр стансасы кәсіпорнында тазарту құрылыстарының тиімділігін бақылау үшін сутегі көрсеткіштері, сарқынды сулардың температурасы мен шығыны автоматты түрде анықталады. №1 және №2 түтін құбырларында автоматты мониторинг үшін азот оксидтерінің, күкірт оксидінің және мазут күлінің жалпы шығарындыларын анықтауға арналған датчиктер орнатылған. Ал, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Минералды тыңайтқыштар зауытында автоматты жүйе жұмыс істейді. №11 (аммофос цехы) және №219 (аммофос цехы) көздерінде өнеркәсіптік шығарындылардағы зиянды заттардың концентрациясын анықтау үшін датчиктер орнатылған. Күкірт қышқылын өндіру цехында №209 көзінде азот оксидін, күкірт оксидін және күкірт қышқылының буын анықтау үшін датчиктер орнатылған. Қазіргі уақытта қоршаған ортаның жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне Т.Батуров атындағы мемлекеттік аймақтық электр стансасы ғана қосылған.

Қалдықтарды басқару саласында қалдықтарды басқарудың нашар дамыған инфрақұрылымы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың қатары едәуір артып бара жатқаны да негізгі проблемалардың бірі. Облысымыз бойынша түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 2023 жылдың 9 айында 38,4 мың тоннаны құраған. Оның 6 мың тоннасы қайта өңделіпті, бұл түзілген қалдықтардың 15,7 пайызын құрайды. Бұл ретте сұрыпталған коммуналдық қалдықтар Шымкент қаласына қайта өңдеу үшін жіберіледі, өйткені Жамбыл облысында қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны жоқ.

Бұдан басқа, полигондардың едәуір санында қоршаулар, рұқсат беру құжаттары, тарату қоры, таразы жабдықтары жоқ. Көптеген полигондардың иелері мемлекеттік мекемелер болып табылатынын атап өткен жөн. Осы саладағы мәселелер ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде Үкіметтің отырысында талқыланып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Атап айтқанда, барлық өңірлердің әкімдіктеріне коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өз тарапынан мынадай жүйелі шараларды жүзеге асырған. Яғни, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде арнайы кәсіпорындарды субсидиялау тетігін қайта іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Экологиялық кодексіне түзетулер қабылданған, заңға тәуелді актілерді қабылдау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірлерді (әкімдіктердің) қажеттіліктеріне сәйкес Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыруды іске қосу, Экологиялық кодекске түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, бүгінгі таңда қалдықтар бойынша жобалардың алдын ала пулы қалыптастырылуда. Стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау үшін Экология министрлігі заңнамалық деңгейде бірқатар шаралар қабылдапты. Оларға тоқталып өтсек, қалдықтарды басқару жөніндегі кәсіпкерлік субъектілері үшін лицензиялау және хабарлама жасау тәртібі енгізілген. Фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау бойынша міндеттеме енгізілген. Сондай-ақ, жеке тұлғаларға қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін айыппұлдар 10 айлық есептік көрсеткішпен 50 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған. Ал, шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалар үшін 100 АЕК (кәсіпкерліктің орта және ірі субъектілері үшін экономикалық пайдалылығының сәйкесінше 100 және 200 пайыз мөлшерінде айыппұлдар қарастырылады.

Орман шаруашылығы саласында 2023 жылға бекітілген Кешенді жоспарға сәйкес Жамбыл облысы бойынша жалпы ауданы 19,1 мың гектар ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Оның ішінде көктемгі кезеңде 6020 гектарға сексеуіл және қарағаш көшетін отырғызу жүзеге асырылыпты. Қазіргі уақытта сексеуілді 13 147 гектарға отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, облыста балық шаруашылығын дамыту мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда балық шаруашылығын жүргізу үшін 81 пайдаланушыға 88 су қоймасы бекітілген. Оның ішінде 34-і көл-тауарлық балық шаруашылығын жүргізу үшін болса, тағы 34-і спорттық (әуесқойлық) балық аулауға арналған, ал 20-сы кәсіптік балық аулауға негізделген. Бұл нысандарда 168 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы 76 тоннаға жуық балық ауланыпты.

Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде өсірілетін тауарлық балық көлемі 2021 жылы жоспар бойынша 105,9 тонна болғанымен нақты 383 тонна (362%) өсірілген. 2022 жылы жоспар 464 тонна, нақты 483 тонна (104,1%) өсірілген, ал биыл жоспар бойынша 666 тонна, нақты 858 тонна (128,8%) өсіріліпті, 2030 жылға қарай 8 000 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланған. Акваөсіру субъектілерін субсидиялау үшін биыл Жамбыл облысы бойынша жергілікті бюджеттен 281 миллион теңге бөлінген.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support