- Advertisement -

Балық шаруашылығының қарқыны қандай?

21

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор, бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз… Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды, агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті», деп отандық өнім өндіруді ерекше атап көрсеткен еді.

Соның ішінде «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңында айтылғандай, отандық өнімнің бір түрі балық өсіру шаруашылығы – акваөсірудің кәсіпкерлік қызмет мақсатында балықтардың өсімін жасанды молайту және өсіру жөніндегі бағыты. Заң аясында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын мемлекеттiк басқарудың бассейндiк принципi – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiне қарамастан қолданатын, балық ресурстарының және басқа да су жануарларының өсiмiн молайту мен өрiс аудару ерекшелiктерi ескерiлген. Ал, асыл тұқымды балық шаруашылығы – ба лықт ардың тұқым қуалаушылық қасиеттерін жақсартуға және өнімділігін арттыруға бағытталған балық өсіру іс-шараларының кешені болып саналады.

Өңірімізде балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғаумен, өсімін молайтумен, акваөсірумен, балық аулаумен, сондай-ақ қайта өңдеумен және өткізумен байланысты шаруашылық қызмет түрімен көптеген кәсіпкерлер айналысады. Соған сәйкес, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңында жасанды түрде балық өсіру және балық өнімін өңдеу мақсатында агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында несие берудi дамыту көзделген.

Елімізде былтыр бекітілген «Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау қағидаларына» сәйкес, субсидиялар жергілікті бюджет есебінен бөлінеді.

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған «2023 жылға арналған акваөсіру, яғни балық өсіру шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай- ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялар көлемін бекіту туралы» қаулы жобасы қаралған болатын. Кеңестің мониторингтік топтары облыс аумағында балық өсіру – акваөсірудің кәсіпкерлік қызмет мақсатында балықтардың өсімін жасанды молайту және өсіру жөніндегі бағыты бойынша жүзеге асырылатын жобаларға бөлінген субсидияның мақсатты жұмсалуына қоғамдық мониторинг жүргізуде.

Басқарманың мәліметі бойынша, облыс аумағында акваөсіруді дамыту мақсатында жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеге 1402 тонна өсіретін және 1156 тонна өңдейтін, 21 жаңа инвестициялық жоба жұмысы ұйымдастырылған. Оның ішінде 9 карп, 9 форель, 1 африкалық жайын және 2 бекіре балықтарын өсіру шаруашылықтары бар. Атап айтқанда, Байзақ ауданы бойынша 3 жоба жүргізіліп жатыр. Соның бірі – «Арслан» жеке кәсіпкерлігі Талас өзені бойынан форель балығын өсіру үшін облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арқылы 5 миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алған.

2022 жылы көлемі 1000 текше метр болатын 5 балық өсіру тоғанын қазу жұмыстарын аяқтап, 80 мың дана шабақ жіберді. Осы жылға қосымша 3 балық өсіру тоғанының қазу жұмыстарын жүргізуді және 100 тонна балық өнімін алуды жоспарлап отыр. Одан кейін «Үлгілі Нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр 10 миллион теңгеге 10 тонна тұқы балығын өсіруді бастаған. Биыл су айдындарын балықтандыру жоспарлануда. Ал, «Асамбеков Д» шаруа қожалығы осы жылы мемлекеттен алған 100 миллион теңгеге 40 тонна тұқы балығын өсірмек. Биыл 3 балық өсіру тоғанын қазып қойған, алдағы уақытта балықтандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда.

Жамбыл ауданында 8 жоба, атап айтқанда, «Алтынай» шаруа қожалығы осы аудандағы Көлқайнар ауылдық округі Қостөбе ауылына қарасты Төлексаз аумағында 4 гектар жер телімінде карп және форель балығын өсіру, өндіру мақсатында тоғандарын қазу жұмыстарын жүргізіп, 7 мың дана форель балығының шабақтарын жіберген. Тоғандарға су көздері жерасты бұлағынан келеді. Жоба құны 30 миллион теңгені құрайды. «Янтарь» жеке кәсіпкерлігі болса Жасөркен ауылында Талас өзенінің бойында 50 миллион теңгеге 150 тонна форель өсіруді көздеп отыр. Қазіргі таңда 380 мың форель шабағымен балықтандырды. Жыл соңына дейін 120 тонна балық өндіруді жоспарлап отыр. Дәл осы Талас өзенінің бойындағы «Айжан» жеке кәсіпкерлігі 50 миллион теңгеге 50 тонна форель өсіруді негізге алып, қазір 225 мың форель шабағын жіберді. Ал, жеке кәсіпкерлік «Алтын бұлақ» компаниясы Шайқорық ауылында демалыс орнымен бірге балық шаруашылығын жүргізеді. 6 миллион теңгеге 100 тонна форель және тұқы балығын өсіруді жоспарлап, биыл Дания мемлекетінен форель балығының жалпы 1 миллион дана уылдырығына тапсырыс берген. Қазіргі таңда 200 мың данасы сатып алынды. Нәтижесінде 50 тонна тұқы, 60 тонна форель балығын өндірмекші. Одан бөлек, «Жанбота Қ», «Сауранбаев» жеке кәсіпкерлер форель өсіру жұмыстарын тыңғылықты атқаруда. Ал, «Сандель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шөлдала ауылы маңында аумағы 4,2 гектар жер телімінде 3 тоған соқты. 2021 жылы тоғандарға 20 мың дана тұқы шабағын жіберген. Сондай-ақ, «Сандель» шаруа қожалығы Гродеково ауылы маңында Талас өзенінің е скі арнасында аумағы 4 гектар болатын тоғанға балық асырауға ниетті. Осы өзендегі тоғанға рұқсат алу, заңдастыру мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасарымен кездесіп, келіссөздер жүргізген. Алайда, сұралып отырған 4 гектар жер учаскесі Талас өзенінің су қорғау белдеуінде орналасқан. Осыған байланысты Жамбыл ауданы әкімдігі аталған жер учаскесін бекітіп беру мүмкіндігін таппай отыр.

Жуалы ауданындағы «Ислам» шаруа қожалығы 30 миллион теңгеге 30 тонна форель өсіруді жоспарлап отыр.

Ал, Қордай ауданындағы «TarazEcoFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 141,5 миллион теңге инвестиция тартып, яғни Сортөбе ауылында форель өсіретін шаруашылықты ұйымдастыруды, консерві цехын салуды және жылына 67 тонна балық алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда олар 5 гектар жер телімін алып, диаметрі 11 метр, тереңдігі 3 метр болатын 2 бассейн құрылысын жүргізді. Одан кейін, «Kordai Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы ауылда бассейндерде форель балығын өсіруде. Биыл тоғандарға 600 мың шабақ әкелген. Жыл соңына дейін 150-180 тонна балық өндіруді көздеп отыр. Дания мемлекетінен 5,5 миллион форель уылдырығына тапсырыс беріп қойған екен.

Меркі ауданында да 2 мекеме балық шаруашылығын дамытып отыр. «Bester Yard» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекіре және африкалық жайын балығын өсіру үшін 2 гектар жер телімін қоршап, жоба бойынша орнатылатын қондырғыларды қоса есептегенде құны 50 миллион теңгеге 5 ғимараттың құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Осы қаржыға 50 тонна бекіре және 50 тонна африкалық жайын балығын өндірмек. Одан кейін «Рузиев» шаруашылық қожалығы 30 миллион теңгеге Меркі өзенінің бойынан форель балығын өсіру үшін сыйымдылығы 4000 текше метр болатын тоған қазып, құрылыс жұмыстарын аяқтаған. Шаруашылық 2021 жылы өз күшімен Меркі өзенінен су тарту жұмыстарын жүргізіп, көктем айында 5 мың форель шабағын салып, балықтандыру жұмыстарын жүргізіп, 2 тоннаға жуық балық өндіріпті.

Т. Рысқұлов ауданындағы «NOMAD» Фермерлік шаруа қожалығы өткен жылы Сұлутөр тау шатқалындағы 10 гектар жер теліміне балық жіберуге арналған тоғандарын әзірлеп, жұмысын жүргізуде. Олардың мақсаты – 150 миллион теңгеге 400 тонна форель балығын өсіру. Биыл 500 мың форель шабағын жіберіп, жыл соңына дейін шамамен 350-400 тонна балық өндіруді жоспарлауда. Осы аудандағы «Fishing industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де былтыр Сұлутөр тау шатқалында 2 гектар жер теліміне балық жіберуге арналған 10 тоған әзірлеп, 150 миллионға 40 тонна форель балығын өсіруді көздеп отыр. Ал, «Kaspi Bekiresi Limited» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекіре балығының уылдырығынан балық отырғызу материалын өсіреді.

Сондай-ақ, Шу ауданындағы «Жамболат» шаруа қожалығы 2021 жылы 180 миллион теңгеге 100 тонна тұқы балығын өсіруді бастаған болатын. Мойынқұм ауданы бойынша «Максутова» жеке кәсіпкерлігі биыл 260 миллион теңге балық өңдеу цехы мен тұқы балығын өсіруді бастады.

Балық шаруашылығы өңіріміздің экономикасын дамытып, тұрғылықты халықты жұмыспен қамтып отыр. Отандық балық өнімдеріне қол жеткізудің бірден-бір жолы – акваөсіруді дамыту. Себебі, бұл сала ақуыз өнімдерін өндіруде дүние жүзінде ең қарқынды дамып жатқан өндіріс түрі. Кеңес мүшелеріне кәсіпкерлер бүгінгі таңда осы шаруашылықтарда өсірілетін балық өнімдері, асыл тұқымды балық – форель үлкен сұранысқа ие екендігін, Меркі ауданында, Тараз қаласында, Түркістан облысында, Шымкент қаласында тұрақты тұтынушыларының көптігін атап айтты.

Мониторинг жүргізу барысында кеңес мүшелері аталған шаруашылықтардың жай-күйімен танысып, акваөсіруді дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді зерделеді. Атап айтқанда, осы шаруа қожалықтары орналасқан аумақтар инфрақұрылыммен, жол, газ, жарық, жылумен қамтамасыз етілмеген. Жеке кәсіпкерлердің балық өсіруді дамыту мақсатында алдағы уақытта балық азығын дайындау цехын ашу туралы жоспары бар. Бірақ азық дайындауға қажетті жер телімі жетіспейді. Оны шешу жергілікті атқарушы биліктің құзырында. Сонымен қатар, балықты өсіру, өңдеу білім мен мол тәжірибені қажет ететіндіктен, бұл өндірісті дамыту үшін білікті мамандарды даярлау қажет. Сондай-ақ, балық шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерде арнайы курстардан өтудің маңыздылығын атап өтті.

Кеңес мүшелері тарапынан алдағы уақытта өңірімізде акваөсіруді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға қатысатын балық өсіру шаруашылықт арына қоғамдық мониторинг жүргізу жалғасатын болады. Бұл жобалардың аймақ экономикасын дамытуға тигізетін пайдасы мол болатынына сенімдіміз.

 

Әуесхан ЗӘУІРБЕКОВ,

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support