- Advertisement -

Су үнемдеу технологиялары енгізілуде

37

- Advertisement -

Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 56,9 миллиард теңге қаржы қаралса, оның ішінде субсидияға 27 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда оның 20 миллиард теңгесі облыстағы 10 мың 310 шаруашылыққа төленген. Қаржының 74 пайызы игеріліп, қалған қаражат қант қызылшасын жинау жұмыстарының нәтижесі бойынша өтеледі деп күтілуде. Одан бөлек, несие және трансферттерге 24,9 миллиард теңге, басқа да кіші бағдарламаларға 1,3 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, қуаңшылыққа байланысты Үкіметтің резервінен бөлінген 3,6 миллиард теңгенің 2,1 миллиард теңгесі 283 шаруашылыққа өтеліп берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Нәтижесінде жыл басынан бері 498682,9 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Осы жылдың қаңтар айынан бері ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 33,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 170,5 пайызға артса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тиісті қаржы салынып, 147,4 пайызға өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мұқашев мәлімдеді.

Оның сөзіне сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 6,5 мың гектарға ұлғайған. Нақтырақ айтқанда, егін жинау науқанында 379,7 мың гектар масақты дәнді дақылдардан 362,8 мың тонна өнім алынып, 446,3 мың тонна бақша дақылдары, 1181,8 мың тонна көкөніс, 257,2 мың тонна картоп жиналған. Ал, қант қызылшасынан 150,3 мың тонна өнім жиналып, 135,6 мың тоннасы қант зауытына өткізілген. Айта кету керек, осы жылы 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы пайдаланылған. Жалпы, биыл 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген.

– Биыл облыста 1885 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарланып, бүгінде барлығы 1283 техника алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, мал қыстату науқанына 2104,5 мың тонна пішен, 87,3 мың тонна пішендеме, 413,4 мың тонна сабан, 81 мың тонна сүрлем дайындалды. Жыл басынан бері облыстағы жалпы мал саны 4,5 миллион басқа жетіп, өсім 7,9 пайызды құрап отыр. Ет өндірісі 3,6 пайызға, сүт өндірісі 1,4 пайызға ұлғайды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жол картасы аясында биыл 8,6 миллиард теңгеге жеті жоба іске асырылып, 159 жұмыс орындарын құру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 4,2 миллиард теңгені құрайтын үш жоба іске асырылды. Қалған төрт жоба жыл соңына дейін іске қосылатын болады, – дейді Нұржан Нұрланұлы.

Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрланұлының мәліметінше, келер жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен қолдану мақсатында 19,2 миллиард теңгеге 14 жобаны іске асыру көзделуде. Сондай- ақ, жалпы 2023-2026 жылдары 28 жоба іске асырылып, 969 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Жиын соңында спикер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support