- Advertisement -

Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу маңызды

164

- Advertisement -

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстанның «Ауыл» социал- демократиялық партиясы мен Патриоттар партиясының қосылуы нәтижесінде құрылған. Бүгінде «Ауыл» партиясы соңғы өткен Парламент Мәжілісінде депутаттар сайлауы қорытындысы бойынша екінші орынға ие болған еліміздегі жетекші саяси ұйымдардың бірі.

Бүгінде Парламент Мәжілісінде «Ауыл» партиясының өз фракциясы жұмыс істейді, «ауылдық» депутаттар ондағы барлық 7 комитеттің де мүшесі. Ал, партия төрағасы Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының фракция жетекшісі, Парламент Мәжілісі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. Осы ретте атап өтерлік мәселе – «Ауыл» партиясынан Мәжілістің депутаты атанған 8 депутаттың екеуі – Жигули Дайрабаев пен Ерболат Саурықов Жамбыл облысының өкілдері.

Мәслихат депутаттарының соңғы сайлауы қорытындысы бойынша «Ауыл» партиясы атынан аудандық және облыстық, сондай-ақ, Тараз қаласы мәслихатына 13 депутат сайланып, облыста екінші орынға ие болдық. Бұл мерейлі мәреге партияның жетуіне себеп, бір жағынан сайлаушылардың «Ауыл» партиясының бағыт-бағдарына, сайлауалды бағдарламасына деген сенімі мен ықыласы болса, екінші жағынан партия басшылығы мен белсенділерінің партия идеологиясына жан-тәнімен беріле сайлауаралық, сайлауалды науқандарда жасаған қажырлы жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Өз кезегінде партияның облыстық өңірлік филиалының бүгінгі жұмысы – «Ауыл» партиясының саяси мақсаттарына қол жеткізу бағытында іс-шараларды жүзеге асырып, сайлауалды бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне тікелей атсалысу. Бүгінде өңірде тұрақты негізде жұмыс істейтін филиал аппараты, облыс, республика деңгейінде танымал, ауылдың тұрмыс- тіршілігіне жанашыр азаматтардан құралған филиалдың саяси кеңесі, сонымен қатар, әрбір ауданда партияның жұмысын үйлестіретін өкілдеріміз бар. Партиямыздың жақтастары күн арта көбеюде, бүгінгі таңда облыс бойынша партияның 27 мыңнан астам мүшесі бар.

Бүгінде өңірлік филиал жанында ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жұмыс тобы, отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі, сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиялар құрылып, тұрақты жұмысын жүргізуде. Жыл басынан бері өңірлік филиалдың ұйымдастыруымен 70-тен астам ауыл тұрғындарымен кездесулер, мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдаулары, шаруашылық ұжымдарға бару, «дөңгелек үстелдер» мен мерекелік, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Біз үшін әрбір ауыл тұрғынымен, шаруа адамымен кездесу – ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, мұң-мұқтажын білуге зор мүмкіндік. Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табуда. Қазіргі таңда депутаттарымызбен бірлесе отырып, тұрақты негізде аудан орталықтары мен ауылдарға барып, өңірлік филиалдың көшпелі қабылдауларын өткізудеміз.

Сол кездесулерде жиі көтерілген мәселелердің бірі – биыл өңірде орын алған су тапшылығы мәселесі. Осы ретте, «Ауыл» партиясы бұл мәселені кеңінен зерделеп, облыстағы су саласының мамандарымен, облыс басшылығы мен шаруалардың қатысуымен келелі талқылау ұйымдастырды. Аталған іс-шарада көтерілген маңызды мәселелер – облыстағы ирригациялық жүйелердің жағдайы, су жетіспеушілігінің себептері, көршілес Қырғыз елінен келетін судың азаюы сияқты мәселелер қыркүйек айында партияның ұйымдастыруымен республикалық деңгейде өткен алқалы жиынға ұйытқы болды. Жалпы, өңірлік филиал жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын іздестіру, шаруаларды заманауи су үнемдейтін қондырғылармен, атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологияларымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

«Ауыл» партиясының негізгі басымдықтарының бірі – отбасы институтын нығайту аясында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, отбасы, әйел және бала құқықтарын қорғау. Бұл бағытта биыл «Ауыл» партиясының облыстық өңірлік филиалы жанында құрылған ауыл әйелдерінің мәселесі жөніндегі «Мейірім құшағы» комиссиясы өз жұмысын бастады. Осы ретте, 23 қарашада облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, «Ұлт рухының ұясы – Ауыл-Ана» тақырыбында ауыл әйелдерінің облыстық I форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ауыл–еліміздің бесігі, ұлтымыздың берекесі. Осы ретте, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, қала мен ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты азайту, елімізде өмір сүріп жатқан 40 пайыздан астам халықтың жағдайын жақсарту болып табылады. Дана халқымыздан қалған «келісіп пішкен тон келте болмас» деген жақсы нақыл сөз бар. «Ауыл» партиясының облыстық филиалы алдағы уақытта да ауыл тұрғыны мен шаруа адамдарының көкейіндегі мәселелерді шешу бағытында облыс басшылығы және депутаттармен бірлесе отырып жұмыстарды жалғастыратын болады.

Елімізде дәстүрлі түрде қарашаның үшінші жексенбісінде «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні» аталып өтеді. Осы орайда, облыстың ауыл шаруашылығы саласында талмай еңбек етіп келе жатқан барлық шаруалар мен қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толайым табыс тілейміз!

 

Берікбол МӘНДІБАЕВ,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support