- Advertisement -

Балаларға үстел теннисін сыйлады

61

- Advertisement -

Жақында облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты қуанышқа кенелді. Зағиптар мен көздері нашар көретіндерге арналған «Шоудаун» үстел теннисі республикалық федерациясының президенті Марат Қожахметов «Дара» қайырымдылық қоры және «Шеврон Мұнайгаз» компаниясының қолдауымен аталған мектеп-интернаттың оқушыларына үстел теннисін сыйлады.

Іс-шараның ашылу салтанатында аталған федерация президенті Марат Қожахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмағұл Ахметов құттықтау сөз сөйледі. Мектеп- интернат басшысы Эльмира Жақсылықова балаларға қуаныш сыйлаған демеушілерге алғысын білдірді. Мұнан соң облыс әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мен облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Набира Сүйманова лента қию құрметіне ие болды.

Мұнан соң жиналғандар «Шоудаун» үстел теннисіндегі ойынды тамашалады. Бұл теннис түрі дыбыс доптары және қорғаныш құралдары арқылы ойналады екен. Мектеп-интернатта білім мен тәрбие алып жүрген балалар ойынға қызығушылық танытты. «Шоудаун» үстел теннисі спортының төрешісі Жұлдыз Қожахметова аталған спорттың бағыттары мен тарихы жөнінде балаларға қысқаша әңгімелеп берді.

«Болашақ» мектеп-интернатында өнер мен спортта жетістікке жетіп жүрген балалар көп. Атап айтқанда, Еламан Қыдырбаев Түркістан қаласында өткен халықаралық көпжанрлы балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқауда «Вокалда ән салу» аталымы бойынша бас жүлдені иеленсе, «Ән – көңілдің ажары» атты республикалық байқауда Жұмәділ Жаңабай жүлделі бірінші орынмен оралыпты. «Ата-анаға құрмет – перзенттік парыз» атты республикалық байқауда Наргиза Тұрлыбаева жүлделі екінші орынға қол жеткізген. Ал, қалалық, облыстық байқауда топ жарып жүрген жүйріктер өте көп. Спорт жарыстарында да бұл білім ошағының оқушылары үнемі жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Енді «Шоудаун» үстел теннисі спортының чемпиондары да осы мектеп- интернаттан шыға береріне сеніміміз зор.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support