- Advertisement -

Ғалымның хаты өлмейді

107

- Advertisement -

Жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында марқұм, академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің жұбайы Рафия Дербісәлиева және бір топ алматылық ғалымдар мен Тараз қаласы зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың кездесуі болды. Басқосуда ғалымның дүниеден өткеннен кейінгі жұбайының бастамасымен шыққан 3 кітап көпшілікке таныстырылды. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы болса керек.

Бірінші кіт ап «Забытые мыслители Великой степи (ІХ- ХХ вв.)» деп аталса, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген екінші кітап – «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және Таразилер (Х-Х ғғ.)» деген атаумен жарық көрген. Үшінші кітап «Әбу Насыр әл- Фараби Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеулерінде» деп аталады.

Бұл–бүкіл ғұмыр бойы ғылыммен белсенді айналысқан ғалымның ұлан- ғайыр еңбектерінің бір бөлігі ғана. Себебі, қазақ жұрты мен ғалымдарына бұрын белгісіз болып келген Х-ХVIII ғасырлардағы 260 ғұлама ойшылдар мен ғалымдардың мұраларын тауып, көпшілігін ғылыми ортаға енгізді. Жалпы, Әбсаттар ағамыздың артына қалдырған бай ғылыми мұрасы – 40-қа жуық кітаптардан және 800-ден астам ғылыми көпшілік мақалалардан тұрады.

Дегенмен, осы кітаптардың ішінде тараздықтар үшін ең қымбаттысы – «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және Таразилер (Х-ХХ ғғ.)» атты кітабы. Ғалымның Тараз қаласына деген ықыласы ерекше болатын. Түркістан қаласына өтіп бара жатып, Тараз қаласына соғып кетуді әдетке айналдырған. Өйткені, мұнда Әбсаттар ағаның бүкіл өміріне темірқазық болған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати атымен аталатын ғылыми-зерттеу орталығы бар еді. 1994 жылы Қашқариға, 1995 жылы Пәкістанға, 1998 жылы Үндістанның Джамму Кашмир штатының орталығы Сринагар қаласындағы «Мазар-и Салатин» (сұлтандар) ұлы бабамыздың қабірін тапты. Құлып тасынан эпитафиясын шешті. Осыдан кейін М.Х.Дулати мұрасын зерттеу барысында Үндістанға 4 рет ұйымдастырылған арнайы ғылыми іссапарлардың бастамашысы болды.

Кездесулерде тың идеяларын айтып, игі істердің ұйытқысы болып жүргенінің талай куәсі болғанбыз. Енді, міне, ақырғы еңбектерінің бірін де Тараз қаласы мен осы өңірден шыққан ғұламаларға арнапты. Бұл ұзақ жылдар бойғы еңбектің нәтижесі еді. Египет, Сирия, Марокко, Тунис, Түркия, Үндіст ан, Пәкіст ан, Иран, Испания, Франция, Ұлыбритания, Германия кітапханалары мен сирек кездесетін қолжазбалар қорында жұмыс істей отырып, тапқан жауһарлар болатын. Кітаптың аннотациясында:

«2001 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен екі мың жылдық тарихы салтанатпен аталып өткен ежелгі Тараздың тарихы бай. Әр ғасырда өмір сүрген араб, парсы, осман тарихшылары сан өліп, сан тірілген шаһардың тарихын үнемі хатқа түсіріп отырған. Олардың жазуынша, Тараз сан ғасырларда түрлі шапқыншылықтарға ұшыраса да, үнемі қайта бас көтеріп, еңсесін тіктей алған. Тараз және оның маңындағы Шелжі, Жікіл секілді қалаларда медреселер мен мешіттер жеткілікті еді. Онда көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар оқып, білімдерін жетілдіріп отырды. Олардың ішінде ойпаздар мен руханият, мәдениет қайраткерлері және филолог-әдебиетші, филолог- тілші ғалымдар да болды. Олар ғылым, білім іздеп, Самарқан мен Бұхара, Хамадан мен Исфаһан, Иезд пен Шираз, Бағдад пен Басра, Дамаск мен Халаб, Байт әл-Құдс (Иерусалим) пен Каир, Александрияға дейін барды. Әбсаттар қажы Дербісәлі сондай дәуір даналарының өмірі мен шығармаларын мұсылман шығысы тілдерінен аударып, ғылыми айналымға енгізуді жалғастырып келеді.

Иә, Тараз маңындағы Атлах, Шелжі, Жікілмен қатар, тарихи шаһардың шығысындағы Құлан, Меркі және Шу бойындағы Баласағұн секілді қалалардың да өзіндік шежіресі мол тарихы бар.

Тараздың шетелде ғұмыр кешкен соңғы перзенттерінің бірі – ХХ ғасыр басындағы Кеңес үкіметінің зорлық-зомбылығына ұшырауына байланысты әуелі Ауғанстан, содан кейін Пәкістан, одан кейін Египетке қоныс аударып, Мысыр елінде тұрып, бірқатар құнды еңбектер қалдырған Мүбашширхан Тарази мен оның ғалым ұлы Насруллаһ Тарази (1922-2002). Ол Каирдегі «Дар әл-кутуб әл-мысрийа» кітапханасының қолжазба қорының араб, парсы, түрік-шағатай тілдеріндегі жазба лардың білгірі, каталогшысы атанған. Насруллаһтың араб тіліндегі «Түркістан – кеше және бүгін» атты еңбегі қазақ тіліне шығыстанушы, PhO докторы Ықтияр Палтөре тарапынан аударылып, Әбсаттар қажы Д ербісәлінің а лғысөзімен Алматыда жарық көрді.

Қолыңыздағы еңбекте Әбсаттар қажы Дербісәлі Тараздың 10 ғасырлық тарихы мен шығармаларын араб, парсы тілдерінде жазған жетпіске жуық ойшыл перзенттерінің өмірі мен шығармашылығын барынша зерделеуге тырысқан. Еңбек сонысымен де бағалы, қызықты әрі тың дүние» деп жазылған.

Кітап «Тараз–тарих толқынында», «Қашғар мен Түркістан» атты кіріспеден және 4 тараудан тұрады. І тарау «Х-ХХ ғасырлардағы Тараз және Тараз өлкесінің ойшыл перзенттері», «Александр Македонский мен Шу қаған» тақырыптарынан, ІІ тарау «Һибатулла ат-Тарази (1272-1333) және оның рухани мұрасы», «Имам ат-Таһауидің (ғ.с.) өмірбаяны», ІІІ тарау «Һибатулла ат-Тарази (1273- 1333) тағылым алған, сүйенген, дәйектемелер келтірген ғалымдар», IV тарау «Жаңа ғасырдың дара Таразилері» тақырыптарынан тұрады.

Академик Әбсаттар Дербісәлі кезінде екі мың жыл тарихы бар Тараздың рухани өміріне әрдайым белсенді қатысып, бас мешітке «Һибатулла ат-Тарази» атын беруге үлкен ықпал жасады. Мұның үлкен рухани әлеуметтік- ғылыми негізі болатын. Бұл ретте ғалым Таразда туып-өскен XIII-XIV ғасыр перзентінің ілімі мен рухани мұрасын терең зерттеп, танып, ардақ тұтар ғұлама есімінің туған жеріне оралуына жол ашты. Мешіттің шариғат мәселелеріне арналған маңызды ғылыми еңбектің авторының атымен аталуы – қала тарихының жарқын беттерінің бірі болды деп білеміз. Бұл қаланың ертеден ғылым мен мәдениеттің, руханияттың орталығы болғандығының басты дәлелі.

Әбсаттар Дербісәлі: «Ғұламаның аталмыш еңбегінің Пристон университеті (АҚШ) кіт апханасында сақталған қолжазба көшірмесін тауып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізіп отырмын.

Һибатулла ат-Тарази Каирдегі Сұлт ан аз-Захир Бейбарыс медресесінде мударис (оқытушы) болып қызметін атқарып, Египет астанасында дүниеден өткен соң, сонда жерленген.

Имам Һибатулла ат-Тарази шығармаларының ішінде Ұлы имам Әбу Ханифа мазһабын ұстанушы сүнниттердің (Аһл ас- сунна уа-л жамаға) догматтарын (ақида) сөз етуге арналған бірегей туындысы бар. Бұл туынды ертеректегі ханафи ғалымы Имам ат-Таһауидің ақида бойынша трактатын түсіндіруге арналған» деп жазады. Кітапта Һибатулла ат-Тарази мен оның рухани мұрасына арналған үлкен тарау берілген.

Дөңгелек үстелде Ә.Дербісәлінің рухани-ғылыми еңбегі туралы жан-жақты әңгіме қозғалды. Әбсаттар қажының жұбайы, еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Рафия Бәкірқызы бұл еңбекті дайындауға ғалымның өмірінің соңғы кезеңінде көп күш- қайратын жұмсағанын айтты. Жүрекке операция жасатқан соң да ғалым үстел үстінде тапжылмаст ан ұзақ уақыт жұмыс істеген. Өмірлік серігінің жағдайын өте жақсы білетін жұбайы оның жұмыс сәтін бұза алмаған. Еңбекті компьютерде тергізіп, редакциялап, баспаға дайындағанда, түрлі себеппен электронды нұсқасы қолға тимеген. Қағазға басылған, кейбір жерлері түзетілген 3 нұсқасын тауып, кітапты қайта құрастырып дайындаған. Оған жанашыр ғалымдарды кірістірген. Кітап, міне, осындай қиындықтармен оқырманына жол тартып отыр.

Өткізілген іс-шара барысында көптеген ұсыныс-тілектер айтылды. Соның бірі және бағаласы – Тараз қаласының бір көшесіне академик Әбсаттар қажы Дербісәлі аты берілсе деген ұсыныс болды. Бұл ұсынысты Жамбыл облысы мен Тараз қаласының зиялы қауымы, қала, облыс басшылығы мен ономастикалық комиссия қолдайды деп ойлаймыз. Шындығында, лайықты құрмет болар еді. Ол Тараз қаласының тарихы мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалы ғалым, айтулы қайраткер болды. Оның еңбектерін зерттеу, насихаттау алдағы уақыттың жұмысы. Дулатидің 525 жылдығына орай өтетін халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференцияны Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати және академик Әбсаттар Дербісәліге арнауға болатыны туралы да ойлар қозғалды.

Киелі өңіріміздің қазақ мәдениеті мен тарихына ғана емес, әлемдік өркениетке қосқан үлесін зерттеуде көрнекті қоғам мен дін қайраткері, академик Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлінің есімін ұлықтау бәріміздің ортақ парызымыз деп түсінеміз.

 

Асқар ӘБДУАЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support