- Advertisement -

Ана тілін ардың ісі санаған ұстаз

21

- Advertisement -

Тараз қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Мырзабекова бала жүрегіне ізгілік пен білімнің нәрін егіп, мамандығын мақтанышқа айналдыра білген білікті ұстаз. Ұстаздық еңбегінің таразысы – өзі дәріс беретін оқушыларының үлгерімі мен білім сапасы екенін жастайынан бойына сіңіріп өскендіктен, мұғалімге тән барлық асыл қасиетті бала күнінен-ақ бойына сіңіре білді.

Оқу-тәрбие үрдісінің барлық қырларын меңгеруде шәкірт бойына құйған білімі ғана емес, сондай-ақ ізденімпаздығы мен жаңашылдығымен, көшбасшылығымен де көзге түсіп, балаға бар жақсыны үйретуден жалықпаған мақтаулы мұғалім – өз пәнін жетік меңгерген білікті маман, ардақты адам ретінде де абырой биігінен түскен емес.

Әдебиетті ардың ісі санаған Қарлығаш Ерғарақызының педагогикалық ұстанымы – өз халқының тағылымды тарихын, тілі мен әдебиетін сүйіп оқитын, білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеп, қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге үлес қосу. 30 жылға жуық ұстаздық еңбек жолында еткен еңбек, төгілген тер бүгінде жемісін беруде. Бүгінде шәкірттері облыстық, республикалық пән олимпиадасының, сондай-ақ ғылыми жобалар мен түрлі шығармашылық байқаулардың, ғылыми-практикалық конференция, байқаулардың жеңімпаздары.

– Тәжірибелі ұстаз ретінде жас мамандарға білгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Тәлім алушы шәкіртім Айдана Рахманбердиева осы күнде мұғалімнің кәсіби деңгейінің дамуына бағытталған түрлі педагогикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Расында үздік нәтижені үнемі бір қалыпта ұстап тұру қиын. Ұстаз беделі әрдайым ізденісте жүріп, шығармашылыққа ұмтылып, өз ісіңді сүйіп, көпке үлгі ете білгенде ғана нәтижелі болмақ. Дарынды ұрпақ – ұстаз ұлағаты екенін де білемін. Менің сан жылдар бойғы еңбегімнің жемісі – білімді шәкірттерім, солардың шыққан биігі мен жеткен жетістігі арқылы өлшенеді. Мен ілім үйреткен шәкірттерім бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келгенде жүрегімді қуаныш кернейді. Мәселен, республикалық Қ.Бітібаева атындағы пән олимпиадасының жеңімпазы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика факультетін тәмамдаған Ұлдана Жұбай осы күнде облыстық танымал телеарнаның жүргізушісі болып, жарқырап жүр. Сондай-ақ, күні кеше ғана оқушым, 10-сынып оқушысы Жұлдыз Жұбаныш республикалық балалар оқуы байқауында Ақпарат және мәдениет министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Міне, осының бәрі ұстаздың мәртебесін арттырып, еленген еңбегінің арқасы деп білемін, – дейді Қарлығаш Ерғарақызы.

Тәжірибелі ұстаз өз ізденісінің нәтижесінде «Эссе жазудың теориясы мен практикасы» тақырыбын қамтыған көмекші құрал, «Оқушыларды олимпиадаға дайындау жолдары» атты дидактикалық құрал, 9-сыныптарға арналған қазақ тілінен «Жиынтық бағалау тапсырмалары» атты әдістемелік құралдарды жазып шыққан. Аталған әдістемелік құралдар облыстағы қазақ тілді орта мектептерінде көмекші еңбек құралы ретінде қолданылып, ұстаздар мен оқушылар арасында өз бағасын алып келеді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген аталы сөз бар. Қарлығаш Ерғарақызы да өзінің бар уақытын қазақ балаларының ана тілінде сауатты сөйлеп, жазуына, ел ертеңінің мерейін асыратын қазақ тілі мен әдебиетінің кеңістігін кеңейтуге арнаған ардақты ұстаз. Әдебиеттің тұңғиығынан тереңінен тәлім алып, өзі еңбек еткен гимназияның білім көшін алға жылжытып, ұрпағының ұлы арманын арқалаған ұлағатты ұстаз Қарлығаш Ерғарақызының бұл салада әлі де берері мол.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support