- Advertisement -

Интернеттің жылдамдығы артып келеді

69

- Advertisement -

«Цифрлы Қазақстан» елдің әлеуметтік-экономикалық салаларының барлығына үлкен өзгерістер алып келеді. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланушылар саны елімізде 20 пайызға артқан. Жалпы, бүгінде облысымызда жергілікті атқарушы органдар тізімі бойынша халыққа мемлекеттік қызметтің 172-ден астам түрі көрсетіледі. Атап айтсақ, оның 58-і мемлекеттік корпорация арқылы, 158-і электронды, 14-і қағаз түрінде атқарылады. Жыл санап олардың түрі де, сапасы да автоматтандырылуда.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Жуалы ауданында денсаулық, білім, көлік, бақылау бейнекамералары салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Атап айтар болсақ, ауданда барлық саланы қоса алғанда жүзден аса мекеме және мемлекеттік мекемелердің филиалдары бар, олардың барлығы интернетке қосылған.

Бүгінгі таңда ауданда 8 дәрігерлік амбулатория, 34 медициналық пункт пен 4 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетуде. Барлық медициналық орталықтар компьютерлермен жабдықталған. Бұдан бөлек, «Damumed» мобильді қосымшасы құрылған. Ал, өткен жылдың қорытындысымен мыңдаған электрондық денсаулық паспорты құрылып, бұл «Тіркелген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесін толық автоматтандыруға алып келген. Ауданның бірнеше медициналық ұйымына «Е-Kezek» электрондық кезегі енгізілген.

Білім беру мекемелерінің барлығы компьютермен қамтылған. Аудан мектептері кең жолақты интернетке қосылған және Wi-Fi желісімен жабдықталған. Мектептерде «Күнделік» электрондық журналы енгізіліп, «Дарын Онлайн» платформасына қосылған. Сондай-ақ, мектептердің алпыстан астам пайызы мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған. «Қауіпсіз мектеп» жобасы бойынша мектептерге турникеттер орнатылған.

– Оқушылардың қауіпсіздігі – басты орында. Сондықтан, республикада «Ата-ана бақылауы» қанатқақты жобасы іске қосылды. Енді ата-аналар баланың мектепке барар және кері қайту жолын телеграмботтың көмегімен бақылай алады. Ата-аналар баланың қай автобуспен, қай мектепке (немесе басқа жерге) жеткені туралы хабарлама алады. Турникеттер арқылы мектепке кіреберісте тұлғаның биометриялық параметрлерінің (FaceID) көмегімен ғана емес, сонымен қатар аудан орталығы мен қалаларда TulparCard автобустарында жол жүру карточкасының көмегімен де өту мүмкіндігі пайда болды. Сондай-ақ, камералар тепловизормен жабдықталған, бұл дене температурасы нормадан жоғары адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Асханаларда мектеп мәзірінен тағамдар, сусындар және тағы басқаларды таңдау үшін арнайы аппараттар орнатылған, – дейді аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрмахан Тыныбеков.

Сонымен қатар, мектептерде кадр сапасы жақсы және барлық бейнежазбалар облыстың ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына шығара отырып, цифрлық бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. «Болашақта мектепке келушінің кез келген қару түрін танитын бейне-аналитика жасалынуы мүмкін. Осы пилоттық жобаға біз ең табысты ІТ-компанияларды тарттық, олар өздерінің барлық дерекқорларын қорғалған мемлекеттік серверлерге қосу арқылы интеграциялай алды», – дейді аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев.

– Бақылау бейне камерасымен қамту да ауданда жақсы жолға қойылып келеді. Мәселен, ауданда барлық елді мекеннің кіреберісі мен шығаберісіне, жол қиылыстарына, халық көп жиналатын орындар мен сауда орталықтарының алдына жүздеген камера орнатылған. Жедел басқару орталығының ақпараттық- бағдарламалық кешенін жаңғырту бойынша Жедел басқару орталығына интеграцияланған бейнекамералар барлық ауылдарда орнатылуда. Соның көмегімен ашылып жатқан қылмыстар да бар, – дейді ол.

Дегенмен, бұл бағытта оң өзгерістер бар. Қазақстанда цифрландырудың бастауы 2013 жылы «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасы қабылданған кезде қаланды. Ол ақпараттық қоғамға көшуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, «ашық және мобильді үкімет» институттарын құруға, корпоративтік құрылымдар үшін ғана емес, сонымен қатар ел азаматтары үшін де ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталды. Одан кейінгі қадам «Цифрлы Қазақстан» жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу болды.

Жаңа бағдарламаның басты мақсаты – тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, экономика мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін цифрлық экожүйені үдемелі дамыту. Бағдарламаны іске асыру төрт негізгі бағыт бойынша, атап айтсақ, цифрлық Жібек жолын іске асыру (сенімді, қолжетімді, жоғары жылдамдықты және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды дамыту), креативті қоғамды дамыту (цифрлық экономика үшін құзыреттер мен дағдыларды дамыту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс, АКТ мамандарын даярлау), экономика секторларындағы цифрлық трансформациялар (бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін цифрлық экономиканың әртүрлі секторларына технологияларды кеңінен енгізу), проактивті жағдайға көшу (электронды және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру) жүзеге асырылуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support