- Advertisement -

Кемел ағадан қалған сөз

72

- Advertisement -

«Қалпе ауылын бір көрсем, ел-жұртымен, жер-суымен бір таныссам, шіркін!» деп жүргем. «Жолаушының жолы жүрсе бітеді». Талдықорған сапарында осы арманым орындалды.

Қаратал, Қалпе ғибраты

Жетісу өңірінің атына заты сай: ірілі-ұсақты кілең өзендерден тұрады. Солардың бірі – Қаратал.

Қалпе ауылына бара жатып соның көпірінен өттік. Суы қап-қара боп арнаның кемерінен келіп ағып жатыр. Мол суды көріп сүйсіндім, риза болдым. Өйткені, Киров су қоймасының салдарынан суы мен нуынан айырылған Талас өзенінің мүшкіл хал-жағдайы есіме түсіп кетіп, көңілім жабырқамасы бар ма. Сондай көңіл-күйден бе, Талдықорған жақтағы Көксу, Тентек өзендерінен өткен кездерімде де көліктің терезесінен мойнымды созып, олардың арналарына да біздің Талас сияқты емес пе екен деп күдікпен қарағам, жоқ, олар да толып, толықсып ағып жатыр. Ең суы жоқ деген Мұқыры өзенінің табанында да су жатыр. Осыдан болар, Жетісу өңірінің сулы, ылғалды, сазды жағының талдары өте көп. Талдықорған деп тауып қойылған қаласының атына өте лайық.

Қалпе ауылына жеткенше бірнеше елді мекендерден өттім, бәрінің іргесінде өзен, арық, арна, бәрінің көшесінде сапқа тұрған жауынгерлердей боп қатар түзілген сұлу талдар. Асфальт жолдарының да ой-шұңқыры жоқ, тақтайдай тегіс.

Қалпенің түбінен теміржол өтеді. «Түрксібіңіз» осы» деді жолсерігім. Бір жағы Ібір-Сібірден, екініші жағы Түркістаннан басталған теміржол желісі сонау 1930 жылы осы Қалпе ауылының маңайындағы Айнабұлақ бекетінде түйісіпті. Ол үлкен мерекеге айналыпты. Атақты суретші Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб» деген суретіндегі аттылы, түйелі, жаяу-жалпылы қыр қазақтарының бу пойызын алғаш көрген сәтіндегі балаша таңғалған алаңсыз бейнелері бар емес пе, тура сондай көңіл- күйде болған ғой. Үлкен жолдың соңғы темірқазығы да сол кезде қағылыпты. Ауылдарының іргесінен өтетін шойын жолды жергілікті жұрттың «Түрксіб» дейтіні сондықтан екен.

Бірақ біздің Жамбыл жақтағылар Тараздан, Луговойдан, Шудан, Шығанақ, Мойынтыдан өтетін теміржолды неге «Түрксіб» демейтіндерін ойлап, ішімнен таңғалып қойдым. Әйтпесе, Семейден шыққан теміржол да кезінде Жамбыл, Луговой жақтан басталған теміржолмен түйіскен жоқ па?! Оның басы-қасында басқа емес, жерлесіміз Тұрар Рысқұловтың өзі жүрді емес пе? Ол тұңғыш кәсіби теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаевты қолдап, оның теміржолды Қордай асуы емес, Шоқпар арқылы салу керек деген пікіріне оң қабақ танытты емес пе? Бірақ, мәселенің бәрі тарихқа деген көзқарастың кей жерде артықтау, кей жерде кемдеу соғып жататындығынан- ау…

Қаратал ауданының орталығы – Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы орта мектептің мұражайынан қаламгер ұстаған, тұтынған жәдігерлерді суретке түсіріп алғаным да, әрине, мен сияқты журналист-жазушы үшін біраз олжа. Бірақ, Қаратал өңірінің табиғатынан алған әсерім, тіпті, бөлек. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген рас-ау, сірә.

Үштөбе ұлағаты

Валентина Григорьевна Спиридонова Үштөбе қаласында тұрады. Ол осындағы орта мектепте көп жыл директор болған. Үштөбе орта мектебі деп аталып келген білім ұясына 1996 жылы майдангер- жазушы Кемел Тоқаевтың аты-жөні берілгеннен кейін жерлес жазушының детектив жанрының тұңғышы екенін оқушы ұрпақтары мақтан тұтып, біліп жүрсін деп музей жасаудың қамына кіріседі.

Ол үшін, әрине, ең алдымен құнды экспонаттар керек. Валентина осы талапты түсініп Алматыға барып, жазушының туған-туыстарымен, артында қалған ұл-қыздарымен сөйлесіп, Кемел ағадан қалған көз деуге болатын біраз жәдігерлерді музейге алып келеді.

Музей төрінде тұрған ол жәдігерлердің бәрі түпнұсқа: жазушы киген сұр кәстөм-шалбар, ақ көйлек, соғыс кезінде майдангерге берілген бірінші және екінші дәрежелі «Даңқ» ордендері, екі бірдей «Ерлігі үшін» медалі, сол кездегі билік тарапынан алған Алғыс хаттары, сонымен бірге қаламгердің шығармаларының дүниеге келуіне себі тиген жазу мәшіңкесі, жазушы үйінің сәні болған жиһаз (ол кезде «стенка» деп атайтын еді ғой), жазушы қолы боста тыңқылдатып отыратын қоңырқай домбырасы және басқа да заттар. Музейде, сондай-ақ, жазушы бюсті де тұр.

Қаламгер өмірге келген Қалпе ауылына сапарда жол-жөнекей, міне, осы Үштөбе қаласына соғып, жазушыдан қалған жәдігерлерді көріп, көзайым болдым. Кемел ағаның Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінен басталған шығармашылық жолы туралы кітабымды музей меңгерушісі Валентина Григорьевнаға тарту еттім.

Көңіліңе қанат байлап, жаныңа шуақ сыйлайтын ғибраттары мол, адамдары ашық-жарқын сапар қай кезде де шаршатпайды. Қайта жігеріңді жанып, шығармашылық жаңа ізденістерге, тың тақырыптарға жетелейді.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы-журналист.

Тараз – Талдықорған – Үштөбе,

Қалпе – Талдықорған – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support