- Advertisement -

Ақпараттық қоғамда жастар мәдениетін қалыптастыру

58

- Advertisement -

Еліміздің болашағын ойлағанда ең алдымен есімізге жастар, олардың қоғамдағы орны түседі. Өйткені, жастар қоғамдағы жай ғана адамдар санатының белгілі бір тобы ғана емес, олар жас қуаттың, еңбек көзінің, жаңа идеялар мен тың бастамалардың ұйытқысы және халықтың ең белсенді тобы. Сондықтан да жастар мәселесі – ол елдің болашағы туралы мәселе болып табылады. Осы тұста жастарды мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси өміріне белсене араластыру, олармен әлеуметтік жұмыстар жүргізудің маңыздылығына көңіл бөлу қажеттігі туындайды.

Өркениет үдерісінде болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет жеткіншек ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне, олардың толыққанды азамат болып өсуіне жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндіктер жасауға тырысады. Тәрбие процесі қоғамның негізгі қызметтерінің бірі болып табылатындығы сөзсіз. Бұл жерде тәрбиелеу міндетін нақты бір ғана әлеуметтік институт атқара алмайтынын түсінуіміз керек.

Бұл процеске көптеген субъектілер атсалысады: отбасы, білім беру және мәдениет мекемелері, билік құрылымдары, бұқаралық және ақпараттық құралдар. Жеткіншек ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі кепілі осы аталған ұйымдардың бірлесе жүйелі қызмет атқаруы. Көп жағдайда ата-аналар отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатындағы жұмысбастылықты

алға тартып, бала тәрбиесіне білім беру мекемелері жауапты деп санаса, өз кезегінде білім беру мекемелері керісінше бала тәрбиесінің негізі отбасында қалануы тиіс деп санайды. Нәтижесінде, жеткіншектер мен жастар тәрбиесі мәселесіндегі бос кеңістікті ғаламтор жүйесі мен әлеуметтік желілер толтыруда. Қазіргі жастардың басым бөлігінің қоғам өміріне араласуы, ғаламтор желісі арқылы жүзеге асады. Жас балалардың көпшілігі қолына кітаптан бұрын түрлі гаджеттерді ұстап, өмірді тани бастайды. Жастар кез келген ақпаратпен электронды форматта жұмыс істегенді қалайды. Күнделіктегі тұрмыстағы ауызекі қарым-қатынастың орнын әлеуметтік желілердегі виртуальды қарым- қатынастар алмастыруда.

Өскелең ұрпақ қоғамдағы кез келген ақпаратты, оның дұрыс-бұрыстығына қарамастан, қабылдауға бейім тұрады. Еліміздің өзге әлеуметтік топтарына қарағанда жастар жат ағымдардың ықпалына тез түседі. Жаһандану үрдісінің ықпалымен бұрынғы адамгершілік бағдарлардан қол үзіп қалу, жастарға дұрыс моральдық- адамгершілік қағидалар мен дұрыс өмірлік ұстанымды таңдау ісінде қиындықтар тудыруда. Өкінішке қарай, білім беру жүйесінің өзі де өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойында компьютер, ғаламтор –барлық мәселелердің шешімін табуға көмектесетін құрал деген жалған сенімді қалыптастыруға себепші болып отыр. Мектеп оқулықтарында қазір «ғаламтордан қараңыз» деген тапсырмалар жиі кездеседі. Ал, студенттерге презентация дайындаңыз деген сияқты тапсырмаларды беру арқылы оларды ғаламторға жүгінуге итермелейміз. «Мына автордың кітабын оқып, қарап шығыңыз» – деген тапсырмалар өткен ғасырдың жаңғырығы сияқты естіледі. Instagram, Facebook, ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілерде үздіксіз тез ақпарат алмасу кең мүмкіндіктерге жол ашатын сияқты, ал шын мәнінде ол білім алудың, танымның басқа жолдарын тежейтін дәрменсіздік екенін түйсінбейміз. Нәтижесінде қазіргі заманның балалары мен жастары кез келген ақпаратты атүсті қабылдайды, бүгін оқығанын ертең ұмытып қалады. Телеканалдарды үздіксіз ауыстыру, бір мезгілде бірнеше ақпаратты оқу жастардың дүниетанымына теріс әсер етуде. Олар әлемді біртұтас жүйе ретінде емес, үзік-үзік бір-бірімен байланысы жоқ оқиғалар тізбегі ретінде қабылдайды.

Жастардың бойында «психологиялық эмпатия» қасиеті төмен дамыған. Яғни, қоғамда болып жатқан әр қазақстандыққа тарихи мәні және тағдырлы мағынасы бар оқиғаларға өз ойын, нақты пікірін білдіріп, өмірлік ұстанымын көрсете білу қажет. Өкінішке қарай, кейбір жастарымыз әлі де қазақстандық қоғамда болып жатқан көптеген құбылыстарға немқұрайлық білдіріп, «ол менсіз де өтеді» деген ұстаныммен өмір сүреді. Бұл олардың саяси сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігі төмен екенін көрсетеді. Кез келген қоғамның дамуының негізгі шарттарының бірі жастарының бүгінгі күнде және болашақта өмір сүруге қабілеттілігі болып табылады.

Қоғамның жалпы дамуы жастарының өмірлік ұстанымы, бейнесі, дүниетанымы, денсаулығы мен сапалы өмір сүруіне тәуелді болады. Жоғарыда аталған мәселелер елдің рухани жаңғыру жағдайында жастардың қоғамның толыққанды, белсенді мүше сі ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Ал, бүгінгі күннің ақпараттық қоғамы бұл мақсатты көздемейді. Керісінше, жастардың ересектермен және өз құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасау жолынан әдейі адастыратын сияқты. Қазіргі жастар үшін «бетпе-бет» шынайы қарым-қатынас қызық емес. Олар өздері үшін түрлі электрондық құрылғылармен жасалған байланысты тиімді санайды. Виртуальды жүйе неғұрлым нақты әлеуметтік шынайы байланыстардың орнын ығыстырған сайын, әлеуметтік желілердегі ешқандай дәлелі мен дерегі жоқ жалған ақпараттар мен ғаламтордағы мағынасыз ойындар жастарымыздың санасын улай түсуде.

Жалпы, Қазақстан жастарының діни фанатқа айналмай, діндарлығының ата-жатқан салт-дәстүріне түрлі жағымсыз жайлардан қорғай алмайды, өйткені оның қандай мағлұматтарды игеріп жатқандығын ата-ана бақылай алмайды. Бұндай көріністің түп төркіні жалпы қоғамымыздағы ақпараттық сауатсыздықта жатыр десек те болады.

Сондай-ақ, виртуальды байланыс жастарымыздың өміріне айтарлықтай қауіп төндіруде. Желідегі достарын таңғалдыру мақсатында жастар түрлі шектен шыққан, тіпті кейде қылмыстық іс-әрекетке де барып, оны өздерін ерекше етіп көрсету үшін ғаламторға жүктеп отырады. Осылайша құқық қорғау мекемелерінің назарына іліккенін байқамай қалады. Жастардың әлеуметтік ортаға кірігуі және байланысқа түсудегі құзыреттілігінің төмен болуы да алаңдатарлық жәйт. Жәй күнделікті бетпе-бет қарым-қатынас жасағанда, оң мен солын ажырата алмайтын жеткіншектер ғаламтордағы алаяқтардың, атын бүркемеленген экстремистік сипаттағы топтардың жеңіл олжасына айналуда. Қазіргі әлемдегі дінмен байланысты ахуал тұрақсыз болып тұрған кезеңде неге болса да сергек қараған абзал.

Ғаламтор жүйесі бабадан қалған дәстүрлі діни таныммен, ұлттық салт-дәстүрмен, мейлінше дамыған заманда діндер бойынша да сан түрлі мағлұматтар алуға болады. Оның бірақ дұрысы да, бұрысы да жетіп артылады. Сыртқы күш қоғамды іштен іріту үшін нешеме айла-шарғыны қолданып, өздерінің теріс идеологиясын үздіксіз жариялап бағуда. Шешендік қабілеті жоғары, харизмалық ерекшелігі бар жалған діни ілімдердің көшбасшылары адамдардың санасына әсер ететін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оларды өз қатарына тартып отыр. Жастардың діни көзқарастарының дұрыс бағытта қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан мүлдем аулақ болғаны қажет. Өйткені, уақыт өткен сайын әлем кеңістігінде теріс діни ағымдардың кері уағыз-насихаты әсерінен адасушы адамдар қатары арта түсуде. Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдар өздерінің құрығына түскен жастарды Отанға деген сүйіспеншілігінен, сан ғасырлардан бері келе патриотизммен үйлесім табуы үшін отбасылық қарым-қатынастардағы бала тәрбиесіне қатысты кетіп жатқан кемшіліктерді түзеу қажет. Себебі, отбасында қамқорлық пен мейірбандылыққа ие бола алмаған бала өзіне деген жақсы қарым- қатынасты басқа ортадан іздейтіні анық. Сондай-ақ, жастар арасында дін мен дәстүрдің сабақтастығына қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын көп жүргізу де күн тәртібіндегі өзекті жайт.

Бұл бағытта біздің институт тарапынан бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Студент жастардың діни сауаттылығын қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы Дін істері департаментінің жетекші мамандарымен бірлесе танымдық-

ағартушылық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жастардың виртуальды әлемдегі қызықтардың шынайы өмірден тым алшақ жатқанын түсінбей, ғаламтордың белсенді қолданушысы ретінде оны тек білім алу мен ойын-сауық үшін пайдаланатыны баршамызға мәлім.

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support