- Advertisement -

Облыстағы емдеу орындарының қарашаңырағы

65

- Advertisement -

Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасы – облыс көлеміндегі тарихы мол, ең көне емдеу орны. Биыл бұл мекемеге 150 жыл толып отыр. Өткен жылдарға зер салып, тарихқа көз жүгіртсек, облыстық аурухана тарихы сонау ХІХ ғасырдан бастау алады. 1873 жылы уезд орталығы Әулиеатада жалға алынған шағын ғимаратта алғашқы қабылдау бөлімі ашылды. Алғашқыда, бар болғаны алты-ақ төсектік шағын ауруханада санаулы ғана науқасқа ем-дом жүргізуге мүмкіндік болыпты. Ол емдеу орнында медициналық қызметті бір дәрігер, бір-бірден фельдшер және босануға жәрдем беретін әйел көрсеткен екен.

Сол кездерде медицина қызметкерлеріне аурулармен ғана еме с, халықтың жаппай білімсіздігімен де күресуге тура келген. Ол заманда халық арасында адам өміріне қауіпті аурулар мезгіл-мезгіл бас көтеріп, елді қынадай қырып тастап отырған екен. Жаппай жұқпалы аурулар эпидемиялары мен ашаршылықпен күресу мақсатында медициналық қызметі құрылып, бірте-бірте нығая бастады. Сауатты медицина қызметкері болмауынан негізгі халық тәуіптер мен балгерлердің, сынықшы мен бақсылардың көмегіне жүгінген. Жас балалар мен аналар өлім- жітімі өте жоғары болып, өмірдегі қиындықтар мен әлеуметтік тауқымет халықтың қабырғасына қатты батты. Жеңіл-желпі дәрігерлік көмек болмаса хирургиялық, акушер-гинекологиялық көмек жоқтың қасы еді. Мысалы, соқыр ішек, жедел холецистит, іш түйілуі сияқты аурулар халық арасында «іш түйнегі» деп аталып, сауатты дәрігер- мамандардың жоқтығынан жыл сайын жүздеген науқастар сол жедел хирургиялық аурулардан көз жұмып жатты. Ал, қатерлі инфекциялық аурулар (безгек, іш сүзегі, оба, тырысқақ және тағы басқа) бүкіл ауылдарды, тіпті, кейде аймақтарды пішендей орып, аямай жайратты. Сондықтан да адамдардың өмір сүру орта жасы тым қысқа болып, екіқабат аналардың әртүрлі асқынулардан көз жұмуы, жас балалардың шетінеуі жиі ұшырасты.

Әр өңірде жиі жұт болып, мал қырылып, ел арасында ашаршылық жайлады. Расында да ол кезең халық үшін ең ауыр, күйзеліс пен қасіретке толы жылдар болатын.

1920 жылы ҚСРО құрамына кірген, Автономды Қырғыз (Қазақ) Совет Социалистік Республикасы құрылды. Дәл сол кезде, Үкіметпен қатар, республиканың Денсаулық сақтау комитеті де ұйымдастырылды.

Автономия бойынша, сонымен қатар біздің Әулиеата уезінде де ауруханалар, дәріханалар, денсаулық сақтау пункттері, дәрігер мамандар мен фельдшерлер, акушерлер жетіспейтін. Мұрағаттық мәліметтерге жүгінсек, 1920 жылы уезде бар болғаны 7 дәрігер, 34 фельдшер, 9 акушер, тіс дәрігері, мейірім бикесі, провизор және 2 фармацевт қызметкері халыққа медициналық қызмет көрсеткен. Шаповаловка, Луговое, Ново- Ивановка және Грозное ауылдарында фельдшерлік- акушерлік пункттері ұйымдастырылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Ал, ауруханалар тек Әулиеата мен Меркіде болған. Ал, дәрігерлік амбулаториялар Қарабалта және Дмитриевка ауылдарында жұмыс істеді.

Медициналық қызметкерлер ауылдардың, қалалардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында халық-ағарту жұмыстарын, инфекциялық аурулар мен эпидемияларды төмендету шараларын жандандырып, жұқпалы ауруларға қарсы егулерді үздіксіз жүргізді.

1922 жылы Әулиеатада алғашқы әйелдер амбулаториясы ашылды. Осы кезеңде, барлық жерлерде ана мен сәбиді қорғау апталықтары өткізіле бастады: санитария, гигиена, өскелең ұрпаққа тәрбие беру мәселелері бойынша дәрістер өткізіліп, кездесулер ұйымдастырылды. Уездің көшпелі аудандарында ана мен сәбиді қорғауды насихаттау жұмыстарында басты рөлді «Қызыл киіз үйлер» атқарды. Бұл жерде түрлі үйірмелер жұмыс істеп, медициналық кеңестер беріліп, әйелдердің құқығы жөнінде дәрістер оқылатын.

1927 жылдың 6 маусымында Әулиеата дәрігерлік амбулаториясы жанынан Пастеров кабинеті, яғни құтыру ауруына қарсы ем-шара жүргізетін арнайы кабинет ашылды. Бұл жерге негізінен ит қауып, денелері зақымданған адамдар қаралатын. Сол жылдың қазан айынан бастап, қалалық (қазіргі облыстық) ауруханада түңгі жедел жәрдем қызметі ұйымдастырылды. Бұл қазіргі жедел медициналық жәрдем стансасының алғашқы қадамы еді десек жаңылыспаймыз.

Облыстың алғашқы хирургі Иван Промонтов Әулиеата қалалық ауруханасында 1921 жылдан 1938 жылға дейін қызмет атқарды. И.Промонтов кеуде және іш қуысының жіті ауруларына, түрлі жарақаттануларға ота жасап, талай сырқатты өлім аузынан алып қалды. Сонымен қатар, ол дәрігер Юрий Симпсонмен бірге акушерлік- гинекологиялық көмек көрсеткен. Дәрігер Промонтов медициналық мамандарды дайындауға үлкен назар аударды. Сөйтіп, ол уезде медбикелер курстарын ұйымдастырушысы әрі алғашқы оқытушысы болды.

1934 жылы Әулиеата қаласында алғашқы безгек стансасы ашылып, елеулі жұмыс атқара бастады. Безгек стансасын И.Павлов атындағы Мәскеу медициналық институтының түлегі Агния Попова-Дюрягина басқарды. Ол басқарған дәрігер-инфекционистер үздіксіз қызмет жасап, эпидемиялық ауруларды жеңу мақсатында көп тер төкті. Олардың арасында, тіпті, өз өмірлерін сарп еткендер де болды. Мысалы, 1934 жылы уезде бөртпе сүзек ауруының эпидемиясы тіркелді. Науқастарды аурудан құтқару барысында дәрігер А.Паршин, фельдшерлер Г.Агрейтер және А.Волков сол қауіпті жұқпалы ауруларға өздері шалдығып, көз жұмды.

1939 жылы қазан айында Әулиеата уезіне Жамбыл аты беріліп, Алматы жеке облыс болып шаңырақ көтерді. Содан кейін-ақ облыс көлемінде денсаулық сақтау ісіне ерекше көңіл бөлініп, әр жерде жаңа емдеу-профилактикалық мекемелері ашылып, медицина қызметі жандандырылып, оның сандаған салалары кеңейе түсті. Облыстық медицинаның қарашаңырағы – қазіргі облыстық аурухана құрамынан бөлініп, жеке дара қалалық ауруханалар, перзентхана мен емханалар пайда болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға аттанып, соғыс даласында жараланған әскерлерге күн, түн демей медициналық көмек көрсетіп, аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, соғыс майданына қайта араласып, жеңіс үшін қан мен тер төкті. Тек бір ғана 1941 жылы облыстан 123 медицина қызметкері әскер қатарына алыныпты. Соның бірі, Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрігері, хирург Гулам Абдукаримов майданға аттанып, атақты генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизия құрамында әскери борышын орындады. Дәрігер Нағым Мұқышев 1943-1945 жылдары Батыс және Беларусь майданының медсанбаттарында хирург болып еңбек етіп, майор шенінде соғысты аяқтады. Ол «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері және көптеген медальдармен наградталды.

Дәрігер Сергей Александров та майдан даласында 1943-1945 жылдары қызмет етіп, талай жанды өлімнен құтқарып, дәрігерлік көмек көрсетті. Медицина қызметкерлерінің соғыс жылдарында қан мен терге малынып көрсеткен ерліктері туралы талай кинофильмдер түсіріліп, повестер мен әңгімелер жазылды. Олардың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Бұдан бөлек, әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 5 жүзге жуық медицина қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, жеңісті сонда қарсы алды. Атап өтсек, олар хирург Н.Мұқышев, С.Александров, Н.Голубев, Е.Понамаренко, Б.Баймұханов, Н.Фирсов, А.Капасакалис, А.Леонтьев, медбикелер А.Палий- Зеленцова, М.Яременко, А.Анисимова, В.Качерга, Е.Павличева, Т.Радченко, фельдшер Г.Ильченко және тағы басқалар.

Жамбыл, Меркі және Шу станцияларында әскери госпитальдар ұйымдастырылып, майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Ол госпитальдарда жергілікті медицина орындарының қызметкерлері де еңбек етіп, ауруларды емдеуге жәрдем берді. Тылда еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері еленіп, біразы мемлекеттік наградаларға ие болды. Мысалы, дәрігер Татаринцев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Шукина мен Меткина «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, 13 адам Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен дәрігерлер мен медбикелер де ордендер мен медальдарға ие болды. Қанша жылдар өтпесін жастық шақтары соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген әріптестерімізді әрдайым құрметпен еске алып, оларға тағзым етеміз. Өйткені, біз оларға мәңгі қарыздармыз. Оларға арналып аурухана музейінде арнайы бұрыш ұйымдастырылып, тарихи материалдар жинастырылған.

Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары жеңіл өткен жоқ. Бұл жалпы ел үшін ауыр жылдар еді. Сол еңбеккерлердің денсаулығын қадағалап, эпидемиялық қауіпті аурулардың таралмауына, соғыстан қайтқан жарадар жандарды аяғына тік тұрғызуға медицина қызметкерлерінің үлесі аз болған жоқ. Уақыт талабы солай болды, олар аянбай, уақытпен санаспай, күндіз-түні халыққа қалтқысыз қызмет етті.

Егер мемлекет жағынан денсаулық ісіне көрсетілген қамқорлық болмағанда көптеген қиындықтар туындар еді. 1939 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына 6790 мың рубль бөлінсе, оның көлемі 1945 жылы 14 мың рубльге жетті. Облыс бойынша 1939 жылы жалпы стационарлық төсек саны 766 болса, 1945 жылы оның саны 1208 төсекке жеткізілді. Ауылдық жердегі дәрігерлік- емдеу орындар саны 1939 жылы бар болғаны 12 болса, 1945 жылы олардың саны 27-ге толды (ЖОММ, ф-Р-427, оп.1, д.65, св.10, л.7).

1946 жылы облыс көлемінде 87 дәрігер, 332 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етті. Ауруханалардағы стационарлық төсек саны 665-ке жетіп, бөлінген қаржы көлемі 15739 мың рубль болды.

1947-1950 жылдар аралығында облыс емдеу орындарында қайта құру (реорганизация) болып, ауруханалар мен емханалар біріктірілді.

1948 жылы облыстық аурухана жанынан санитарлық авиация бөлімшесі ашылып, ұшақ арқылы алыс селолар мен ауылдардағы науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік туды. 1990 жылдары санавиация қызметкерлері жылына 500 науқасқа медициналық көмек көрсетіп келді. Тоқырау жылдарында (1991- 1999 жж) уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты біраз жыл ұшақ ұшпай, көмек автотранспорттар арқылы көрсетілді. Ал, 2009 жылдан бастап санитарлық авиация жұмысы қалпына келтіріліп, оның жұмысы қайта жандандырылды.

1949 жылы облыс бойынша 33 аурухана (оның 8-і қалада), 18 перзентхана, 32 дәрігерлік амбулатория, 2 вендиспансер, 96 фельдшерлік пункт, ФАП саны 10, акушерлік пункт саны 12, стационарлық төсектер саны 384 болды. Дәрігерлердің саны 182-ге (олардың 93-і қалада), фельдшерлер мен медбикелер 637-ге жетті.

Облыстық аурухананың көптеген қызметкерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі, адалдығы, абыройлылығы туралы айта кеткен жөн. Республикамыздың еңбегі сіңген дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері болған, аға буын хирургтары, яғни, Нағым Мұқышев, Николай Пак, Алексей Овсянников, Евгения Константинова, көз дәрігері Тоқтасын Медетбаев, терапевттер Евгения Пономаренко, Галина Иткина, акушер-гинеколог Амина Галеева, аурухананың бас медбикесі Зинаида Бородина олардың көпшілігі өмірден озса да қазіргі күнге дейін кәсіптік шеберліктің үлгісі болып келеді.

1961 жылы ауруханаға облыстық аурухана деген статус берілді. Содан бері облыс тұрғындарына алдыңғы қатарлы диагностикалық әрі емдеу қызметін өз дәрежесінде көрсетіп келеді.

Облыс орталығындағы көптеген емдеу орындары уақыт келе облыстық аурухана құрамынан бөлініп, жеке аурухана дәрежесіне ие болды. Мысалы, 1961 жылы қазіргі қалалық №1 аурухана (БСМП – Жедел медициналық жәрдем ауруханасы) жеке шаңырақ көтерсе, 1963 жылы химиктер ауруханасы, 1965 жылы облыстық балалар ауруханасы, 1980 жылдары облыстық офтальмология орталығы, қазіргі диагностикалық орталық жеке емдеу орындары болып бөлініп шықты.

Әр жылдары Жамбыл облыстық ауруханасында бас дәрігер болып еңбек еткен Иван Промонотов (1921-1938 жж.) Гулам Абдукаримов (1939-1941 жж), Рахия Ермекова (1941-1944 жж.), Николай Пак (1944-1961жж.), Надежда Рузавина (1961-1972 жж.), Тұрар Сейдуманов (1972-1973 жж.), Әзімхан Қайназаров (1973-1978 жж.), Алексей Овсянников (1978-1994 жж.), Сейтхан Әбдиев (1994-1996 жж.), Қуат Құралбаев (1996-1997 жж.), Болат Қайназаров (1997-2010 жж.), Сағи Бейсенбеков (2011-2020 жж.), Абай Нұржанов (2020 жж.), Қайрат Жетібаев (2012-2022 жж.) тәрізді дәрігерлер медициналық қызметті жетілдіру және дамыту үшін үлестерін қосқан абзал азаматтар арасында үлкен құрметке ие болған жандар болатын. Олардың біразы мемлекеттік наградаларға ие болып Н.Пак, Н.Рузавинаға, А.Овсянниковке «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді.

1998 жылы облыстық аурухана салтанатты түрде өзінің 125 жылдығын атап өтті. Ол жылы құрамында 16 бөлім болып жалпы стационарлық төсек саны 500-ге жетті. Сөйтіп, оның құрамында көз емдеу орталығы, кардиология, эндокринологиялық орт а лықт ар болды. Ауруханада 997 қызметкер еңбек етіп, оның 186- сы дәрігер, 375-і орта буын медицина қызметкері болатын. Жыл сайын 14 мыңға жуық науқас стационарлық ем-дом қабылдап, әртүрлі күрделі хирургиялық оталар жасалып, денсаулықтарын түзеп жатты.

Осы кезде аурухана қабырғасында еңбек ете жүріп ізденіп, ғылыммен айналысып, кейін ғылым докторлары, кандидаттары болған әріптестеріміз жайлы да айтып өткен жөн. Олар медицина ғылымдарының докторлары Төлеген Егембердиев (қазір Алматыда тұрады), Қуат Құралбаев, ғылым кандидаттары Николай Пак, Темірбек Жайнақбаев, Әзімбек Мавлеев, Мәлік Әбдікәрімов, Ерік Бүркітбаев, Ержан Әлімов, Айгүл Тұрғынбаева және басқалар.

Жылдар өтіп, аурухана ауласында жаңа көпқабатты ғимараттар бой түзеп, көлемі мен төсек саны ұлғайып, көптеген жаңа мамандандырылған бөлімшелер ашылды. Мысалы, сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Садуақас Беймендиевтің қолдауымен облыстық аурухана ауласындағы терапия және «партактив» деп аталып кеткен ғимараттар соғылып, жаңа бөлімшелер ашылды. 1982 жылы обкомның бірінші хатшысы Хасан Бектурғановтың тікелей араласуымен қазіргі хирургия ғимараты пайдалануға берілді. Бұл сол жылдардағы талантты ұйымдастырушылар бас дәрігерлер Әзімхан Қайназаров пен Алексей Овсянниковтың ерен еңбегі арқасында іске асырылып, ауруханадағы төсек саны сол жылдары 720 төсекке дейін жетті. Заман талаптарына сай диагностикалық, емдік жаңа қондырғылар, аппараттар мен құрал- саймандар алынып, ем-домдардың жаңа тәсілдері кеңінен енгізілді.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support