- Advertisement -

Қылмыс хроникасы

41

- Advertisement -

Өтірік хабарлама үшін қандай жаза қарастырылған?

Жалған терроризм – жай бұзақылық емес, қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Әрбір жалған қоңырау немесе хабарлама бейбіт тұрғындар арасында үрей тудырып, маңызды кәсіпорындардың тоқтауына себеп болады. Ішкі істер министрлігі осындай «орынсыз қалжың» үшін жаза қарастырылатынын еске салды. Ведомство өкілі Дархан Разуевтің айтуынша, биыл ішкі істер органдары жалған терроризм фактілері бойынша 118 қылмыстық іс тіркеген. Оның ішінде, 21 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталған. Ал, 11 адамға қатысты үкім шығып, олар түрлі қылмыстық жазаға тартылған.

– Мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар саны артқанын атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар жасағаны үшін 12 кәмелетке толмаған бозбала ұсталды. Олардың 3-еуі бас бостандығын шектеуге байланысты нақты қылмыстық жазаға тартылды. Биыл 11 жасөспірім ұсталды. Бүгінгі таңда 4 балаға қатысты қылмыстық іс қылмыстық жаза жасына жетпеуіне байланысты тоқтатылды. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынды. Бірақ, қалған балаларға қатысты тергеу жалғасуда, – дейді Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Д.Разуев.

Айта кетейік, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса Қылмыстық Кодекстің 273-бабына (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

 

Есірткі қылмысымен күресте қандай әдістер қолданылуда?

Ішкі істер министрлігі қазақстандық компаниялардың бірімен заманауи аппараттық- бағдарламалық кешендер мен ілеспе техникалық сатып алуға шарт жасасты. Бұл – интернет кеңістігінде есірткі қылмыстарын анықтаудың тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынуда. Ведомство өкілі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, аппараттық-бағдарламалық кешендер нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде бөлінген қаржыландыру есебінен сатып алынған. Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасарының сөзінше, бағдарламалық кешендердің қуаты ақпараттың едәуір көлемін өңдеуге және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдар арасындағы тікелей және жасырын байланыстарды анықтауға мүмкіндік бермек.

Жыл басынан бері полицейлер есірткіні жарнамалау фактілері бойынша сотқа дейінгі 51 іс жүргізу мен есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін 288 қылмыстық істі тіркеген. Бұдан бөлек, есірткі тарататын 1,5 мың сайт бұғатталған. Сондай-ақ, OLX.kz хабарландырулар ресурсындағы есірткіні насихаттайтын 1179 жоба мен психоактивті заттарды тарату бойынша курьерлік жұмыс ұсыныстары жойылған.

 

Дизель отынын ұрлаған қылмыстық топ құрықталды

Жамбылдық тәртіп сақшылары «Қазфосфат» серіктестігінің меншігіндегі зауыттан ұзақ уақыт бойы дизель отынын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Жаңатас қаласындағы зауыттағы заңсыз істі 34 жастағы Түркістан облысының тұрғыны ұйымдастырып отырған. Арам ниеттілер зауыт қызметкерлерінің қатысуымен ұзақ уақыт бойы ірі көлемде дизель отынын ұрлап келген. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту нәтижесінде 10 тоннаға жуық дизель отыны сондай-ақ, тасымалдау және айдау үшін пайдаланылған автокөлiктер мен арнайы жабдықтар табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, тегіс ұңғылы мылтықтың кесіндісі алынды.

Бүгінгі таңда аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу iсi басталды. Атап өтейік, Қылмыстық-процестік Кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.

 

Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support