- Advertisement -

Татулық тек табысқа бастайды

79

- Advertisement -

Тарихымыздың темірқазығы саналатын Тараз қаласында Қазақстан мен Қырғыз Республикаларының Премьер- Министрлері келіссөз жүргізді. Бұл көршілес қонған, бұрыннан бауырлас екі елдің стратегиялық серіктестігіне жаңа серпін беретін бастама болды.

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен облысымызда өткен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері турасында пікірлесті. Ондағы негізгі тақырып – сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, суды пайдалану және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіппен агроөнеркәсіп кооперациялық жобаларды іске асыру, республикалардың транзиттік- көлік әлеуетін дамыту, туризм және мәдениет салаларындағы бірлескен бастамалар болды.

Қазақстан Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов екі елдің Мемлекет басшыларының еңбегімен кейінгі жылдары қазақ-қырғыз арасындағы достық пен бірлескен істер қарқын алғанын атап айтты.

– Қырғызстан біз үшін тату көрші, бауырлас ел ғана емес, сондай-ақ, маңызды сауда-экономикалық серіктес мемлекет. Біздің халықтарымыз сан ғасырлар бойы бірлік пен ынтымақта өмір сүріп, тамыры бір туысқан тату көрші атанды. Бүгінгі форум екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынына, елдеріміздің өңірлерін жақындастырып, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін айқындайтынына сенімдімін. Қос Республика арасында өзара тауар айналымы тұрақты түрде өскені байқалады. Тауар айналымын 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатына 2021 жылдың өзінде-ақ қол жеткізілді. 2022 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш тағы 19 пайызға артты. Бүгінде одан да ауқымды сауда көлемін 2 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатын көздеп отырмыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, біз оны белсенді түрде пайдалануымыз керек. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына шамамен 1,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салса, өткен жылдың өзінде 200 миллионға жуық доллар инвестиция құйылды. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз.

Мұнда өңірлердің ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Қазақстанның екі облысы – Алматы мен Жамбыл ұзындығы шамамен 1200 километр мемлекеттік шекара арқылы Қырғызстанның үш облысымен шектеседі. Сонымен қатар, бүгінде өңіраралық және шекара маңы сауда қатынастарының түбегейлі жаңа жүйесі құрылып отыр, – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында біздің облыстарымыз ынтымақтастықты дамыту туралы алты құжатқа қол қойғанын, бүгінгі форум шеңберінде екі тараптың тағы екі облысы арасында бауырластық байланыс нығаятынын атап өтті. I Өңіраралық ынтымақтастық форумының Жамбыл облысында өткізілуінің де маңызы жоғары екенін жеткізді. Жамбыл облысы арқылы логистикалық бағыттардың негізгі бөлігі өтеді. Сондай-ақ, бұл облыста Қырғыз елінің қатысуымен ашылған кәсіпорындардың тең жартысы тіркелген.

Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан ерте замандардан бері достығы берік, бауырлас, тарихы ортақ, мәдениет пен рухани құндылықтарға негізделген тату көрші екенін айтты.

– Форум өзара тиімді жаңа жоба, бастамалармен ерекшеленіп, экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, елдеріміздің өңірлері арасындағы іскерлік пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге серпін беретініне сенімдімін. Облыстар мен қалалар арасындағы тікелей байланыс, өңіраралық достық пен ынтымақтастықты нығайту – қырғыз-қазақ мемлекетаралық байланыстарының маңызды құрамдас бөлігі. Өңіраралық диалогты кеңейту елдеріміздің стратегиялық әріптестігіне қосымша оң әсер етеді. Біз аймақтағы көлік-логистика, су-энергетика және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға зор маңыз береміз. Бұл тұрғыда Өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешеннің құрылысы қолда бар сауда-логистикалық әлеуетті жоғары тиімділікпен пайдалануға мүмкіндік береді, – деген Ақылбек Жапаров өңіраралық ынтымақтастық әрқашан екі ел Үкіметтерінің назарында екенін атап айтты.

Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев шекаралас қырғыз халқымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.

– Қырғыз елі ертеден біздің өңір үшін бауырмал көрші, сауда-экономикалық әріптес екені белгілі. Бұған біздің ұзындығы 720 шақырымға жуық шекарамыз, 8 шекаралық бекеттеріміз өзінің септігін тигізеді. Шекаралас интеграциялық ынтымақтастықты дамыту үшін өткен жылы Жамбыл облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы уәкілетті өкілі арасында экономика, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт, туризм, білім беру және әлеуметтік саясат саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Меморандумға қол қойылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қалыптасқан тату көршілік қатынастар облыс кәсіпкерлері мен олардың қырғыз әріптестері арасындағы тауар айналымын жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экспорт 8,8 пайызға ұлғайып, 19,5 миллион АҚШ долларын құрады. Облыстың Қырғызстанмен өзара саудасы 39,3 миллион АҚШ долларын құрады, оның ішінде импорт – 19,8 миллион доллар. Негізінен қырғыз нарығы ірі қара мал етіне (260 тонна), ұнға (92 тонна), қантқа (1088,1 тонна), ал біздің өңірдің нарығы арпаға (50 тонна), күрішке (5,9 тонна), кондитерлік өнімдерге (136,8 тонна) сұранысты арттырды. Жамбыл облысында Қырғызстан кәсіпкерлері үшін жағдай жасалуда. Қырғыз Республикасының 4 мыңнан астам азаматы облысымыздың сауда нүктелерінде және ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындарда еңбек етуде. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сауда қатынастарын арттыру және азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында біздің облыс нарықтарында қазақстандық тауарлармен бірге қырғыз тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы өнімдері де кеңінен ұсынылады.

Құрметті әріптестер, сіздерді біздің тарапымыздан сауда-экономикалық, оның ішінде шекара маңындағы ынтымақтастықты кеңейтуге барынша күш салынатынына сендіргім келеді, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аталған басқосуда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы уәкілетті өкілі Нұрлан Дарданов пен Ыстықкөл облысындағы уәкілетті өкілі Иляз Иманбетов те сөз сөйледі. Ортақ мәселелер сөз болған отырыс соңында екі елдің Үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы хаттамасына, ал Шымкент пен Ош қалалары, Ақтөбе мен Жалал-Абад облыстары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумдарға қол қойды.

I Өңіраралық ынтымақтастық форумының екі күндік жұмысының қорытындысында құс етін, медициналық және кондитерлік өнімдерді, кешенді микротыңайтқыштарды, аммофосты, натрий цианидін, әктас пен тақтатастарды жеткізуді, сауда және делдалдық қызметтер көрсетуді, сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп пен банк саласындағы бастамаларды іске асыруды көздейтін 65 миллионнан аса АҚШ доллары көлеміндегі бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support