- Advertisement -

Инвестициялық жобалардың игілігі мол

70

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «YILDIRIM» компаниясының бас директоры Исмайл Джейлан және «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимовпен кездесті.

Кездесу барысында Сарысу ауданында кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысының барысы, кездесіп отырған мәселелермен алдағы жоспарлар талқыланды.

Айта кетейік, «Qazaq Soda» ЖШС-нің кальцийленген сода өндіретін зауытының жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаны құрайды десек, болашақта 1,2 миллион тоннаға дейін арттыру көзделуде.

Нысан құрылысына 400 миллион АҚШ доллары инвестицияланған, жоба 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жоба аясында 1000-нан аса адам жұмыспен қамтылады.

Исмайл Джейланның айтуынша, зауыт Қазақстанның өзін ғана емес, бірқатар көршілес мемлекеттерді кальцийленген содамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Серіктестер бұл іске кальцийленген сода өндірісінде қолданылатын жаңа технологияларды тартуда. Сонымен қатар, заманауи өндіріс толығымен қалдықсыз жүйеде жұмыс жасайды, қалдықтар қайта өңделетін болады.

Тараптар кальцийленген сода өндіру жобасы аймаққа басқа да инвестиция тартуға мол мүмкіндік беретініне назар аударды.

Басқосуда инфрақұрылымға қатысты және өзге де мәселелер айтылды.

Аталған нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Кәсіпорын еліміздің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді экспорттауға да қауқарлы болмақ.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында электр желілері тартылған. Кездесу барысында тараптар теміржол салу, газ және су тарту мәселелерін талқылады.

Қолданыстағы заңнама аясында қажетті көмектер көрсетіледі. Бюджет қаражаты есебінен инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су құбырын жүргізу жобасы келер жылы аяқталады. Теміржол инфрақұрылымын тарту үшін қажетті құжаттар дайындалуда.

Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аудартты. Аймақ басшысы мамандарды даярлау бойынша компанияның білім басқармасымен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімі жергілікті билік инвестициялық жобаны жүзеге асыруда кездесіп отырған мәселелерді шешуге заң аясында жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

 

«Aq jol»-Aqparat.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support