- Advertisement -

Электр қуатын өндіретін станция саны артып келеді

25

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал, әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы, еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар.

«Жасыл экономика» туралы сөз қозғаған сәтте біз Қордай ауданын айналып өтіп кете алмаймыз. Өйткені, бұл ауданның күн, жел және су көздерінен электр энергиясын өндіру әлеуеті жоғары. Бүгінгі таңда республикамызда «Жасыл экономиканы» дамыту аясында жүзге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Ал, біздің облысымызда 2011-2023 жылдар аралығында 21 нысан пайдалануға беріліп, күн, жел және судан электр өндірісі артып отыр.

Бұл нысандардың бүгінде жалпы қуаттылығы 451,3 мегаватты құрайды. Оның 251,25 мегаваты күн, 175,65 мегаваты жел, 24,4 мегаваты су электр станцияларына тиесілі.

Облысымызда жел электр станциялары іске қосылғаннан бастап сағатына 130 миллион киловаттан астам экологиялық таза энергия өндірілуде. Соның ішінде Қордай асуындағы қуаттылығы 52,4 мегаватты құрайтын жел электр станциясы үш бірдей компанияға қарайды.

Соның бірі – «Изен-Су» ЖШС. Алғашқы станция іске қосылғанда оның жылдық қуаттылығы бар болғаны 1,5 мегаватты құраған болатын. Ал, жобалық құны – 329,6 миллион теңге. Оның құрылысына бөлінген жер телімі 35 гектар аумақты алып жатыр.

Қордай асуындағы жел электр станциясының келесі үлескері – «VISTAINTERNATIONAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның қарауындағы 66,9 гектарда орналасқан жел электр станциясында 21 мегаватт электр қуаты өндіріледі. Серіктестік басшысы Рустам Сағитовтың айтуынша, 2012-2014 жылдар аралығында құрылысы жүрген станцияның жобалық құны 6 миллиард 362 миллион теңгені құраған.

Онда Германиядан жеткізілген қондырғылар орнатылған. Ондағы биік мұнараларды орнатуға 300 тонналық кран да сол елден әкелініпті. Серіктестік үш-төрт жылда құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын іске қосты. Оның өндіріс қуаты жыл санап артып келеді. Мұндағы басқару тетіктері толық автоматтандырылған. Электр қуатты өндірісінің тұтынушысы «Қаржылық- есеп орталығы» ЖШС-не серіктестік электр энергиясын 26,44 теңге тарифімен өткізуде.

– Электр энергиясын өндіру көлемі тікелей табиғатқа байланысты. Жел көбейген сайын одан алынатын қуаттың да үлесі арта түседі. Мәселен, жыл басынан бері сағатына 130 миллионнан астам электр энергиясын өндірдік. Біз бұл электр қуатын бүтін бір ауылға, ауданға немесе қалаға емес, мемлекетке өткіземіз. Ал, жалпы алғанда өз өнімімізбен Қордай ауданының аумағын толықтай қамти аламыз, – дейді серіктестік басшысы Рустам Сағитов.

Үшінші еншілес компания «ВетроИнвест» ЖШС Қордай асуында 30,65 мегаватты құрайтын жел станциясын салған. Бұл алдыңғы екеуінен әлдеқайда жоғары. Оның жобалық құны 12 миллиард 753 миллион теңгені құрайды. Станция 258,67 гектар аумақты алып жатыр. Онда 50 адам жұмыс істейді. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылыпты. Оның қуаты 150 мыңға жуық халқы бар облыстағы ең ірі Қордай ауданын электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге жетеді.

Сондай-ақ, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр станциясының да облысымызда алар орны ерекше. Бұл станция 2014 жылы Отар елді мекені жанынан салынған еді. Оның инвесторы – «ҚазЭкоВатт» ЖШС. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр станциясының жылдық қуаттылығы 504 киловатт болды. Жалпы, бүгінде «Отар» күн электр станциясының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватқа жеткен. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтергенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support