- Advertisement -

Көкөністі кәсібіне айналдырған келіншек

114

- Advertisement -

Өмірде көргені көп жандардан «Білім – сарқылмайтын байлық», деген сөзді жиі еститінбіз. Рас екен. Бұған Сарыкемер ауылында тұратын Жанбота Нұғыманованың кәсібін көріп, көз жеткіздік. Әжелерінен көрген әдіспен тау шөбінен шай дайындап, дәруменге бай көкөністерден емдік қасиеті бар ас-сусын әзірлейді. Халық арасында бүгінде көп кездесе бермейтін кәсіппен айналысатын іскер келіншек бұл істі ата-анасынан үйренген екен.

– Әкем мен анам қариялардың таудан шөп теріп, әрқайсысын өзіндік қасиетіне қарай қосып, шай қайнатып ішкендерін көріп, үйреніп алған екен. Бала кезімізде ата- анамыздың шөпшай демдегендерін көріп өскендіктен, есейгенде өзім де балаларыма қажетті түрлерін дайындайтын болдым. Аудандағы кәсіпкер арулармен араласа жүріп, ол кісілер де менің шөпшайымнан дәм татып, бұл халыққа керек өнім екенін айтты. Осы шаруамен түбегейлі айналыссам, бизнес көзіне айналдыруыма болатынын ескертіп, жаңа іс бастауыма Гүлсім Елешова қолдау көрсетті. Әуелі олар маған бизнесті бастауға жол нұсқады. Тренинг, семинарларға қатысып, кеңес алдым. Сонда ғана қолдан келер іс бизнес бастауға негіз болатынын түсіндім. Адам ағзасына пайдалы шөпшайды көне әдіспен әзірлеу инновациялық бизнес бола алады екен. Оған қызығушылық танытқандар да табылды. Бұл мені жігерлендірді. Сөйтіп, осыдан бір жыл бұрын жеке кәсібімді бастадым. Бұл тұрғыда маған қолдау көрсеткен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығына, атап айтсам Айдар Қайнарұлына, іскер әйелдер кеңе сінің төрайымы Айгүл Сағынбекқызына, аталған кеңестің ауданымыздағы өкілі Гүлсім Шыныбайқызына, төрайымы Гүлнар Бақбергенқызына үлкен алғысымды айтамын, – дейді Жанбота Жарасқызы.

Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазір шөптер мен көкөністердің құрамын зерттеп, соған қарай пайдалы ас-су дайындауды кәсіп еткен Жанбота білгенін ары қарай дамыту үшін Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановпен де жиі ақылдасып отырады екен.

– Қажетті шөптерді үш жақтан жинаймын. Өзімнің туған өлкем Сарысу ауданынан керекті шөптерді алуға әкем, анам, бауырларым көмектессе, Ақыртөбенің жоғары жағындағы таудан атам жинап береді. Тағы бір нүктем – Түркістан облысындағы Леңгірдің таулары, ол жақтан қажетті шөптерді алуға қайынағаларым жәрдемдеседі. Әр шөптің өзіндік қасиетіне қарай тұқым шашқанында теріп аламыз. Ал, банкіге емдік қасиеті бар ас-су қайнатып жабуды анамнан үйренгенмін. Ол кісі бұрыннан банкіге қызанақ, қиярды тұздап жапқанда жантақ, киікоты, салаубас қайнатпасының суына араластыратын. Мұндай әдіспен жабылған қияр, қызанақ қан айна лымын жақс арт ады, шаршағанда күш-қуатты арттырып, адамның жадын жаңғыртады. Ісімді ілгерілендіру үшін осы салада көп ізденемін. Еліміздің денсаулық сақтау саласының аңыз адамы атанып кеткен Төрегелді Шарманұлымен де кеңесіп, ақпараттар алып отырамын. Академиктен қазіргі уақытта халыққа өте керекті шөпшайларды әзірлеудің тәсілін сұрап тұрамын. Білгенімен бөлісіп, қолдау көрсетіп отырған ол кісіге айтар алғысым шексіз, – дейді Жанбота Нұғыманова.

Жанботаның өз кәсібін бастағанына көп бола қоймаған. Сондықтан өнімдерін әзірге тек тапсырыс берген таныстарына ғана өткізіп жүр. Дайындалған өнімдердің қорабына, қаптамасына дизайн, логотип жасайтын маркетологы бар екен. Қазірше Көктал ауылындағы шағын цехта жұмыс істеп жатыр. «Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, табиғаттың сыйы – дәруменге бай өсімдіктерден адамзатқа аса пайдалы ас-су әзірлеп, әуелі өз облысымызды шипалы өніммен қамтамасыз етсем деген мақсатым бар. Әрине, кәсіпкерлікті дамыту қаржыға кеп тіреледі. Қажетті қаражатты жинасам, кәсібімді дамытудың нақты жоспарын жасап қойдым. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар, гранттарға қатысуға құжаттар әзірлеп жүрмін. Сондай қолдау бұйырып жатса, көздеген мұратыма жақын арада жетіп те қалармын, – деген Жанбота Жарасқызы ізденіс жолында семинар-кеңестердің берер пайдасы көп екенін айтады.

Кәсіпкер келіншек табыстың көзі халыққа пайдалы өнімді дұрыс ұсына білуде, сондай-ақ, үздіксіз ізденісте деп біледі. Ал, ізденіс түбі қашанда игілікке, табысқа жеткізетіні рас.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Байзақ ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support