- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

31

- Advertisement -

Соңғы жылдары қандай ірі орман өрттері орын алды?

Әлемде климаттың өзгеруінен орман өрті көбейді. Ал 2050 жылға қарай жаһандағы «қызыл жалын» көрсеткіші 30 пайызға артуы мүмкін. Бұл деректі Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірді.

Жаңа ғасыр басталғалы әлемнің ондаған мемлекетінде алапат орман өрті тіркелді. Солардың қатарына биылғы Канададағы ахуалды қосуға болады. Қаңтар айында елде 2 мыңнан аса алқап өртке оранып, 4,5 миллионға жуық гектар жер жанып кетті. Қазірдің өзінде 10-ға жуық провинцияда 400-ден аса алқап от құшағында. Әзірге жалынды ауыздықтау қиынға соғып отыр.

Австралияда алапат орман өртін бастан кешті. 2019 жылдың шілдесінде аптап ыстықтан Жаңа Оңтүстік Уэльс аймағындағы ормандарды өрт шалып, лаулаған от 2020 жылдың ақпанында бірақ сөндірілді. Табиғат апатынан 20 миллион гектар жер күлге айналды. 34 адам қаза болып, жүздеген үй жанып кетті. 1 миллиардтан аса аң-құс қырылып қалды. 2017 жылы Португалияда да дәл осындай жағдай тіркелді. Аптап ыстықтан елдің орталық бөлігіндегі орман өртке оранды. Табиғат апатынан 66 адам көз жұмып, 200-ден аса тұрғын жарақат алды. 2010 жылы Ресейдің еуропалық бөлігінде де алапат орман өрті болып, елдің орталығындағы 20 аймақта алқаптар отқа оранды. Өрт екі айға созылып, 1 милионнан аса гектар жер күлге айналды. Тілсіз жаудан ел экономикасына 375 миллиард доллар шығын келді.

Цифрлық экономикасы 7 триллион доллардан асты

Қытай бұл көрсеткіш бойынша әлемде екінші орында тұр. Жылдың аяғына дейін жоғары технологиялық компаниялардың саны 80 мыңнан асады. Бұл 5G технологиясын кеңінен ендірудің арқасында мүмкін болды.

Жаңашылдық интернеттің түрлі салада дамуына екпін берді. Әсіресе, «тұрмыстық заттар» интернеті құрылғылар арасында өзара мәлімет алмасуға жол ашты. 5G жүйесін пайдаланушылардың 60 пайызынан астамы Қытайда тұрады. Олардың саны 600 миллионға жетеді. Елде ұялы байланыстың бесінші буынының 2 миллион 700 мыңнан аса стансасы салынған. Жылдың аяғына дейін тағы да 600 мыңын орнату жоспарда бар.

Өткен жылы Қытайда цифрлық экономиканың үлесі 40 пайыздан асқан болатын. Ел билігі 2019 жылы 5G технологиясын қолдануды қолдаған. Қазір байланыстың осы түрі саланың 67 пайызында бар.

Үш атом электр стансасы жабылды

Қазір Германия қуат көзінің 66 пайызын күн мен желден алып отыр. Ал 2030 жылға дейін энергияның 80 пайызын «жасыл» технология арқылы өндіру жоспарда бар.

Қазір Германияда үйлер мен дүкендерде, кеңсе шатырларында күн батареялары орнатылып, алып жел стансалары салынған. Тіпті толығымен баламалы энергетикаға ауысқан елді мекендер бар. Өздерін таза энергиямен қамтып, артығын өзгелерге сатады. Мемлекеттен бөлінетін субсидия да бұған септігін тигізді. Экологтардың айтуынша, тез арада көмірден бас тарту маңызды. Бұл отынды жағатын электр стансалары ауаны ластап, климатқа кері әсерін тигізеді. Мұның бәрі ғаламдық жылыну мен ауа райының өзгеруіне әкеп отыр. Сондықтан жаңғыртылатын энергетикаға ауысуды үдету керек. Егер «жасыл» энергия өндірісіне көбірек инвестиция құйса, ол зиян көмірді ығыстырады.

Дональд Трампқа айып тағылды

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа құпия құжаттарды үйінде сақтағаны үшін 37 айып тағылды. Майами соты экс-президенттің ісін осы аптада тыңдауы мүмкін.

«CNN» арнасының хабарлауынша, экс-президентке бес бап бойынша іс қозғалып отыр. Тергеу саясаткер аса құпия құжаттарды тәртіпке сай сақтамай, іске кедергі келтірген дейді. Оның ішінде Иранның ядролық бағдарламасымен байланысты қағаздар бар. Бірақ Трамп тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты. Егер оның кінәсі дәлелденсе, бұрынғы президент бас бостандығынан айырылады.

Жаппай тұз сатып алып жатыр

Оңтүстік Корея халқы жаппай тұз сатып алып жатыр. Жаз басталғалы оның бағасы 27 пайызға өскен. Бұл Жапония билігінің шешімімен байланысты. Тұздың қымбаттауына жапондықтардың қатысы қанша?

Оңтүстік Кореяда кейінгі уақытта теңіз өнімдерінің бағасы айтарлықтай өскен. Тұз да күрт қымбаттап кетті. Өйткені, сұраныс жоғары. Мәселе мынада. Жақында Жапония билігі 2011 жылғы цунами кезінде қираған «Фукусима-1» атом электр стансасының суын мұхитқа ағызуы тиіс. Екі ел теңіз арқылы шектеседі. Сондықтан Оңтүстік Корея тұрғындары алдағы уақытта су, тиісінше теңіз өнімдері де ластануы мүмкін деп қауіптенеді. Тұзды жаппай сатып алуының себебі де осы.

«Фукусима-1» атом электр стансасының 1 миллион тоннадан астам суын теңізге ағызу туралы шешім екі жыл бұрын қабылданған. Бұл цунами кезінде зақымданған нысанды істен шығару үшін қажет. Жапондық шенеуніктер онда радиоактивті заттар жоғын айтады. Өйткені, су арнайы тазартудан өтеді.

Әлемде туристік маусым қызып тұр

Биылғы алғашқы тоқсанның нәтижелері жаман емес. Cаяхаттағандар саны пандемияға дейінгі көрсеткіштің 80 пайызына жуықтаған. Сарапшылар екінші тоқсанның қорытындысы одан да жақсы болатынын айтады.

Мәселен, туристер жиі баратын Египет сәуірде қонақтардың рекордтық санын қабылдаған. Қазір Мысыр билігі демалуға келгендерден алым алу мәселесін қарап жатыр. Егер мақұлданса, жаңа ереже 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонда демалуға барған саяхатшылар елден кетерде салық төлейді. Оның көлемі – 3 еуро, біздің ақшамен – 1,5 мың теңге. Кейбір өңір үшін оның сомасы екі есе аз. Алым әуе билетінің құнына қосылады. Демек оны бөлек төлеудің қажеті болмайды. Бұдан бөлек, Мысыр билігі азық-түлік пен алкогольдік ішімдік бағасын көтеруге ниетті. Соның нәтижесінде жылына қосымша 150 миллион еуро табыс түсіп отыру керек.

Жалпы Египеттің туризм секторы кейінгі уақытта жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Биыл мемлекет рекорд орнатуға ниетті. Жоспар бойынша 15 миллион туристі қабылдауы тиіс.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support