Некеге неге жеңіл қараймыз?

Некеге неге жеңіл қараймыз?
ашық дереккөз
Некеге неге жеңіл қараймыз?
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Шын мәнінде үй болу неге қиын? Иә, отбасын құрғаннан кейін бала тәрбиесіне жете көңіл бөліп, тұрмыстық жағдайды ретке келтіру – ата-ананың басты міндеті. Бұл, ең алдымен, қоғам алдындағы жауапкершілік. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың көбі осы жауапкершілікке немқұрайлы қарап кеткендей. Некелескен жастардың бір-бірімен тіл табыса алмай, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, жараса алмай ажырасып кетуіне не себеп? Тараз қаласы әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімшесінің әдіскері Жансая Дүйсекованың берген мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында былтыр 3336 неке қиылып, 486 неке бұзылған, оның ішінде 182-сі сот шешімімен жүзеге асқан. Ал, биыл бес ай ішінде 1192 неке қиылып, 199 ажырасу дерегі тіркелген. Оның ішінде 54-і сотқа жүгіну арқылы шешілген. Бұл ресми дерек қана. Шын мәнінде бейресми ажырасып жатқандар қаншама. Егер ұрпақ қамын ойласақ, қазірден бастап ажырасудың алдын алуға жұмылғанымыз жөн емес пе?! Ел іргесіне сызат түсіретін бұл әрекеттің зардабы шаш-етектен екені белгілі. Ажырасу әуелі, баланы әкесіз не анасыз қалдырады. Ал, ата-анасыз өскен жас ұрпақтың кейінгі тағдыры мен жан дүниесіне алаңдап жатқан ешкім жоқ. – Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін кінәлайды, күйеуі әйелін айыптайды. Кейбіреулері бірін-бірі қимай тұрса да, ортада нәрестенің болмауына байланысты екіге айырылысады. Ержетіп, бойжетіп қалған ұл-қыздары бар ерлі-зайыптылар да өкінішке қарай некесін бұзып жатады. Біз ажырасушы тараптарға ойлануға бір ай, бір күн уақыт береміз. Осы уақыт ішінде ойланып, қайта татуласып кеткен отбасылар да бар. Бұл, әрине жақсылық, – дейді Жансая Төреханқызы. Иә, асыл дініміз Исламда отбасы құндылықтарына, оның ішінде ер мен әйелдің көркем қарым-қатынасына аса мән беріледі. Исламда ер мен әйелдің құқықтары, құрметі мен хақылары бар. Қазіргі кезде көп айтылып, жазылып жүрген мәселенің бірі – жастардың ой-санасындағы сезімге, махаббатқа деген көзқарастың өзгергендігі. Бұл рас та шығар. Көп жағдайда екі жастың арасындағы махаббаттың таза күйінде сақталып қалуына әлеуметтік мәселелер ырық бермейді. Ал, оның сол салдары, отбасы, ошақ қасындағы кикілжіңдерге әкеп соқтырады. Қазақ араздасқан екі жасты жарастыруды ертеде үй іші болып, қауым болып қолға алған. Араздасқанды татуластырып, екі тарапты ымыраға келтіріп, құда-құдағилар жас отбасыны сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасаған. Бүгінде үйленудің өзі арзанға түспейтіні жасырын емес. Ата-ана қарызданып, қауғаланып жүріп, барын жиып-теріп, екі жасқа той жасайды. «Тойшыл қазақпыз» деп, «көрпемізге қарай көсілуді» естен шығарып алатынымыз тағы бар. Осындайда «үйлену» деген мәселеге жастар жағы асқан жауапкершілікпен қарап, өмірдегі маңызды қадамды мың ойланып, жүз толғанып барып жасаса дейсің. Әйтпесе, бүгін «сүйдім-күйдім» деп үйленіп алып, қанша елді әбігерге салып, алыстан ат терлетіп тойға келтіріп, той қызығы басылмай тұрып, артынша «біз бірге тұра алмайтын болдық, ажырасамыз» деп шыға келетіндерді көргенде еріксіз қынжыласың. Бәлкім, үйленер алдында өмір бейне бір романтикалық сәттерге толы болатын да шығар. Алайда, үйлену тек жалғыз той жасап, лимузинмен қыдырумен аяқтала салатын дүние емес. Отбасын құрудағы жауапсыздық, некеге жеңіл, атүсті қараушылық, «маған қыз жоқ па, азар болса тағы үйленермін, маған жігіт жоқ па, азар болса тағы да күйеуге тиермін» деген керексіз ойларға салынатындардың тірлігінен бұл мәселе жетер жеріне жетіп бір-ақ тоқтайды. Ашуға бой алдырған ер мен әйелге басу айтып, мәмілеге келтіретін үлкендер болса игі. Бірақ қызына қолдау көрсетіп, «қайтып кел» дейтін аналарды да көріп жүрміз. «Ынтымақ-бірліктің ұйытқысы бол» деудің орнына, «Ертең жарың тастап кетеді. Соған дайын бол! Есеңді жіберме» дегенін қалай түсінеміз? Әрине, күйеуімен ренжісіп, келіспей қалған келіншектің алдымен шағынатын адамы өзінің шешесі. Сонда «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды, іздеусіз, сұраусыз деп ойламасын, қызымды жылатып қоя алмаймын» деп анасы қызының қолтығына су бүріксе, «Кетсе кете берсін, балама қатын табылады, ертең-ақ одан артығын келін етіп аламын» деп енесі келінін сыртқа теуіп жатса, ұя бұзылып, берекенің кететіні анық. Мұның басты себебі – ежелден қалыптасып қалған киелі де асыл ұғымдардың жоғала бастауы да шығар деген ойға қаласың. Расымен де, ата-бабаларымыз отбасындағы ынтымақ пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаған. Заман көшінен тыс қала алмайтын болғандықтан, әлемге ортақ ұғым-түсініктер біздің де ой-санамыздан орын тепті. Бүгінде қазақы дәстүрді толығымен сақтап отырған отбасыны табудың өзі қиынға соғады. Заман мен қазақтың заңы қанша қатал болғынымен, ата дәстүр мен отбасы жарастығын сақтап қалу бәрімізге сын. Иә, қызуқандылық пен өзімшілідікке салынып, ортадағы баланың да, басқаның да тағдырын ойламай ажырасып кету – әрине, дұрыс емес. Мәселен, бір таныс құрбым бір айдай бұрын тұрмысқа шыққан болатын. Бәрі жақсы. Беташар да, артынша ұлан асыр үйлену тойы да ойдағыдай өтті. Қыз да, жігіт те қуаныштан бал-бұл жайнап, бақытты күйді бастан кешіргендей болған. Алайда, арада бір ай уақыт өтпестен қыз үйіне қайтып келді. Басты себебі – «Жігіт жақтың жағдайы нашар, ақшалары жоқ. Мені асырай алмайды» деген сылтау. Сонда, қазіргі жастардың ойы алдымен материалдық бағытқа ойысып бара жатыр деген сөз бе, бұл?! Ақыры некелескен соң, ерлі-зайыптылар бірігіп бір мақсат, бір мүдде үшін жұмылып әрекет етуі керек емес пе?! Сол үйге келін болып түскен соң, жоқтан бар жасап, үйдің ішін жылулыққа толтыру – келіннің басты міндеті ғой. Тағы бір қыз тұрмысқа шығып, беташар рәсімі өтті. Араға бір жыл салмай жас отаудың шаңырағында сәби дүниеге келді. Есімін Айсұлу деп атады. Қыздың өз жұрты жігіт жақтан үйлену тойын жасауды талап ете бастады. Осыдан арада түсініспеушілік туып, оның аяғы үлкен дауға айналады. Ақырында, бұл жайт екі жастың айырылысуына әкеп соқтырды. Нәрестелі қыз үйіне қайта оралды. Осындайда бұрынғының көне көз қарияларының, «Ұят болады», «Обал болады», «Аманатқа қиянат жасауға болмайды», «Шаңырақты сақта!» деп жаман әдеттерден тыйып, ақылдарын айтып отыратын ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды қарияларды аңсайсың. Олар небір нәубет қиыншылықты, жаугершілік заманды бастан кешірсе де, ақ отауға адал болды емес пе?! «Қайтып келген қыз жаман» ұстанымын қатаң ұстана білді ғой. Ендеше, қазір біз неге некеге жеңіл көзқараспен қараймыз? Ана-әке атану – балаларды тәрбиелеуде де теңдей міндеттерді мойынға алу. Бірақ, көптеген ата-ана бүгін осы жауапкершіліктің салмағын сезінбей жүр. Ажырасу отбасы мүшелерінің барлығына, оның ішінде, жасөспірім балалардың енді ғана өсіп келе жатқан тұлғалық қасиетіне айтарлықтай зардабын тигізеді. Сондықтан отбасында ажырасуды болдырмау, олардың алдын алу жалпы қоғам алдында тұрған жалпы міндет.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар