- Advertisement -

Астана диалог алаңына айналды

196

- Advertisement -

Осы аптада ел астанасы айтулы оқиғаларға куә болды. 8-9 маусымда елордадағы Конгресс орталықта Астана халықаралық форумы өтті. Аса маңызды жаһандық мәселелерді шешуге және еларалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған халықаралық іс-шара климаттың өзгеруіне, азық- түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогына арналған алаң болды. «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» атты форум жұмысына 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат қатысты. Сондай-ақ, Астана форумы аясында Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шара аясындағы кездесулер, қабылдаулар…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысуға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хельга Шмидпен кезде сіп, ЕҚЫҰ мен Қазақстанның серіктестігін нығайту перспектива ларын т а лқылады, аталған форум Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететін жаңа алаң екеніне назар аударды. «Сіз бастап келген делегация осы форумда көптеген түйткілді мәселелердің оң шешілуіне елеулі үлес қосады деп санаймын. ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін басым бағыт саналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Бас хатшы Хельга Шмид ЕҚЫҰ бірегей диалог алаңы ретінде қызметін жалғастыра беретініне, сондай-ақ, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы белсенді рөлін оң бағалайтынына тоқталды. Кездесуде Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оның даму перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездесті. Президент Қатар Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтасты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. «Қазақ-қатар байланыстарын нығайту үшін сізбен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайынмын. Қатар инвесторларына барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қатарға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрінің экспортын арттыруға дайын. Өз кезегінде Қатар Әмірі де екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуге ниетті екендіктерін білдірді. Кездесу барысында тараптар еліміздің Қатар инвесторларымен мұнай-газ, тау-кен және металлургия, ауыл шаруашылығы, медицина, қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Кездесу барысында елімізде энергетика, көлік-транзиттік тасымал, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру перспективалары талқыланды. Кездесуде ЕҚДБ-нің Қазақстандағы қызметінің перспективалары мен алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттары жөнінде пікір алмасты.

Президент Eni S.p.A компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальциді, Сitigroup компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстонды, Polpharma SA компаниясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старакты қабылдап, аталған компаниялардың Қазақстанмен арадағы қызметіне жоғары баға берді.

Президент Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакавамен кездесіп, Азия даму банкінің Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесу өткізді. Дүниежүзілік банк осы уақытқа дейін Қазақстандағы түрлі жобаларға 8 миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін атап өтіп, қаржы институтының елімізбен серіктестігі жалғасын табатынына сенім білдірді.

Кеңесте қандай мәселелер көтерілді?

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысына қатысты. Күн тәртібінде талқыланған мәселе – экономиканың цифрлық трансформациясы. Мемлекет басшысы бүгінгі жиынның Астана халықаралық форумымен тұспа-тұс келіп отырғанын әрі биыл Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрылғанына 25 жыл толғанын атап өтті. Президент геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің қарқын алуы әлемдік экономиканы өзгеріске ұшыратып жатқанын атап өтіп, кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына назар аударды. «Орасан зор технологиялық серпін беретін «цифрландыру» осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз. Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өңірлік нарықты цифрландыруда аймақтағы көшбасшы болуға дайын екенін айтты. «Және де бұл бізге қаржы секторын одан ары цифрландырып, цифрлық теңгені енгізу қажеттігін білдіреді. Таяуда әлемдегі 62 ел Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қазақстанда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады. Мұны бізге артылған зор сенім және Қазақстанның әлемдік аренаға шығудағы маңызды кезеңі ретінде қабылдаймыз, – деген Мемлекет басшысы цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес, Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында екенін және цифрлық ортаны дамыту тұрғысынан перспективті елдердің қатарына кіретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо, Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакава, CNPC компаниясының президенті Хоу Цзицзюнь, Shell plc компаниясының бас атқарушы директоры Уаэл Сауан, Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Найджел Хирн, Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия бойынша президенті Марко Мариотти, Ernst&Young компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймақтары бойынша басқарушы серіктесі Джули Линн Тигланд, Air Liquide компаниясының бас атқарушы директоры Франсуа Жаков, Baker Hughes компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонелли, Microsoft корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропа бөлімшесінің бас директоры Мишель Симмонс, Wabtec корпорациясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантана сөз сөйледі.

Астана форумының құрылуына не түрткі?

Қазақстан Президентінің қолдауымен өткен халықаралық форумның жалпы отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйлейді. «Бүгінде біз бүкіл әлем бойынша тарихи сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Мұндай жағдайды ондаған немесе одан да көп жыл бойы бастан өткермедік. Бұл сын-қатерлер халықаралық қауымдастыққа бұрын-соңды болмаған ауыртпалық әкеліп, жаңа бөлінушілік тудырып, жаһандану мен мультилатерализм қағидаттарына қарсы келіп жатыр. Астана халықаралық форумы әлемдік жүйенің негізгі постулаты ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, осы сын-қатерлерге төтеп беру үшін құрылды. Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы көпір қызметін атқарып отырған Қазақстанның сындарлы халықаралық қатынастарды дамыту бойынша терең тарихы бар. Бұл саясат 2022 жылы елеулі сынақтан өткенімен, өзінің орнықтылығын дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың құндылығын көрсете білдік. Астана халықаралық форумы арқылы жаңа дипломатиялық, экономикалық және саяси жолдарды айқындай отырып, алдымызда тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесе жеңу үшін жаңа қатынас көпірлерін орнатып, байланыстарды нығайтамыз деп үміттенеміз», – деді форумның құрылуына қатысты түсініктеме берген Президент.

Айта кетсек, Астана халықаралық форумының іске қосылуына Астана экономикалық форумының жетістігі себеп болды. Оның тұжырымдамасы сыртқы саясат, қауіпсіздік және тұрақтылық, энергетика мен климат, сондай-ақ экономика және қаржы сияқты төрт негізгі жаһандық мәселені шешуге арналған. Аталған мәселелер форумның «Диалог арқылы сын-қатерлерді шешу: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» миссиясының өзегі болды. Форум бағдарламасына негізгі баяндамалар, панельдік сессиялар, пікірталастар және басқа да іс-шаралар кірді.

Президент алқалы жиында не айтты?

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлемдегі жаңа дағдарыстың ықпалына қатысты ой-пікірін бөлісті. Мемлекет басшысының айтуынша, геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан сенімді сауда-экономикалық серіктес ретінде Орталық Азияның экономикалық локомотиві рөлін атқарып отыр. Өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің проблемаларымызды шеше алады. «Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қолұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы. Осындай сәтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді. Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің проблемаларымызға, шаруаларымыз бен үмітімізге қатысты мәселелерді шеше алады. Сонда ғана біз ортақ болашағымызды қалыптастыра аламыз. Бәріміз үшін мейлінше тұрақты, әділ әрі өркендеген әлем құру жолына біртіндеп ораламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлем кейінгі 50 жылда алғаш рет ядролық қаруды қолдану тәуекеліне тап келіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумының жалпы отырысында осындай пікір білдіріп, әлем елдерінің арасында сенімсіздіктің артқанын айтты. «Жарты ғасырда алғаш рет ядролық қаруды қолдану тәуекеліне тап келдік», – деді Президент.

Сондай-ақ, Президент 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін тиісті ресурстар керек екенін де айтты. «Біз іскерлік және экономикалық серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін табуға мүдделілердің бәрін шақырамыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстанның экспорты 40 пайызға өскенін атап өтті. Қазақстан – жаһандық сенімді сауда-экономикалық серіктес. «Экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді. Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз», – деді Президент.

Әлем қайтадан блок-блокқа бөлініп, жіктеле бастады. Қазір әлемде болып жатқан дағдарыстардың тамыры өткен күндерде жатыр. Астана халықаралық форумының жалпы отырысында осындай пайым айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының негізгі миссиясын атады. «Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай: бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау. Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау. Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру. Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру. Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту», – деді Мемлекет басшысы форумның жалпы отырысында. Президенттің айтуына қарағанда, бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға да бар күш-жігерін салмақ.

Форумның жалпы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның әлемдегі тәртіпті сақтаудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесіндегі елдердің тең құқығы туралы пайымын, сонымен бірге, адамдарға ортақ мәселелерді бірге талқылап, оның шешімін бірлесіп табу керектігін айтты.

«Біз қазір қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде әлем елдерінде қақтығыстар мен геосаяси шиеленістер артып барады». Астана халықаралық форумының қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гуттереш осылай мәлім етті. Оның айтуынша, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша БҰҰ тарапынан шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Осы орайда Астана халықаралық форумы аталған проблемаларды талқылауға, оларды тиімді шешуге ықпал етеді», – деді Антонио Гуттереш.

Дөңгелек үстел форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі.

Қатысушылар талқылаған тақырыптар

Астана халықаралық форумына қатысқан Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов шетелдік инвесторларды Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерді шешуге шақырды. «Осы алаңды пайдалана отырып, халықаралық серіктестер мен инвесторлардың назарын Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерге аударғым келеді. Бұл орайда Арал апатының салдарын ескеру маңызды. Сонымен қоса, Орталық Азия елдерінің өзге де әлем мемлекеттерімен арадағы сауда-саттық көлемін кеңейтуге бағытталған қолдау шаралары да күн тәртібінде. Одан бөлек, инвесторлармен бірлесіп ауыл шаруашылығы және көлік-логистикалық салаларын дамытуға мүдделіміз», – деп мәлім етті Абдулла Арипов.

Қатар инвесторлары Қазақстанда астық өңдеу зауытын салуға ниетті. Жалпы, биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында 290 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Астана халықаралық форумы аясында БАҚ өкілдері Ауыл шаруашылығы министріне Қатар инвесторларының Қазақстанда астық өңдеу зауытын салу ниетіне қатысты сұрақ қойды. «Иә, қазір біз келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бізде мұндай инвесторлар көп», – деп жауап берді Ербол Қарашөкеев.

Vision & Global Trends талдау орталығының төрағасы Тиберио Грациани форум барысында Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі рөлі және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық перспективалары туралы айтып берді. Грациани Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі қозғаушы күш екенін айтты. «Меніңше, Қазақстан өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдікке ғана емес, кейбір геосаяси аспектілерге де жәрдемдесе алады», – деді ол.

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Еуразия, Таяу шығыс және Африкадағы энергетика жөніндегі директоры Аида Ситдикова Астана халықаралық форумының панельдік отырысында Орталық Азия елдеріне қазба отынды субсидиялаудан бас тартуға үндеді. Сондай-ақ ол Қазақстанда өндірілетін энергияның 60 пайыздан астамы көмірден алынатынын еске салды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон «Орталық Азия елдері өз мүмкіндіктерінің тек бір бөлігін пайдаланып отыр», деген пікір білдірді. Спикердің пікірі Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдау бағытында жаңа дәліздер ашу қажет дегенге саяды.

«COVID-19» аяқталды, бірақ қандай да бір патогендік өзгерістер қатері бар. Бұл туралы форумда БҰҰ-ның көші-қон мәселесі жөніндегі агенттігінің кеңесшісі Джейме Калдерон айтты. «Өткеннің бәрінен сабақ алуымыз керек. Өзгерістерге дайын болу үшін мұның бәрін трансформациялауға тиіспіз», – деді шетелдік мейман. Әлемдегі геосаяси жағдай туралы пікірімен бөліскен Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желка Цвиянович дипломатиялық қатынастар тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Ал, Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакава Қазақстан цифрландыруда ғажайып прогреске жетті деген пікір білдірді.

Дүниежүзілік биологиялық қауіпсіздік мәселелерін қарайтын агенттік қажеттігі туралы форумда Қазақстан Президенті жанындағы Ғылым академиясының басшысы Күнсұлу Закария айтты. Күнсұлу Закарья «COVID-19» соңғы бір ғасырдың ішінде орын алған ірі пандемия екенін, әлем халқы оған дайын болмағанын тілге тиек етті. «Енді осы пандемияның салдарын ұмытып, ауыртпалық артта қалды демей, керісінше, өткен індеттен сабақ алуымыз керек», – деді ғалым.

Қазақстан – Швейцарияның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі саналады. Бұл туралы Мемлекеттік хатшылықтың (Швейцария) экономикалық мәселелер жөніндегі сыртқы экономикалық байланыстар басқармасының (SECO) басшысы Иво Герман айтты. «Қазақстан – Швейцарияның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі, ал Швейцария үшінші ірі инвестор саналады. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, Қазақстан нарығында Швейцариядан 40 инвестор белсенді жұмыс істеп жатыр», – деді Иво Герман Астана халықаралық форумында.

Халықаралық форумның екінші күні Президент Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвияновичпен кездесу өткізді.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаны, ЭСКАТО-ның атқарушы директоры Армида Алисджабананы және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі – БҰҰДБ әкімшісінің орынбасары Ивана Живковичті қабылдады. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен БҰҰ институттары арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар, Президент Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі еуропалық комиссар Януш Войчеховскиймен, Total Energies директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен, Sun Seven IG басқарма төрағасы У Чжэнмен, ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен бірқатар кездесу өткізді.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support