- Advertisement -

Ардагерлер қамқорлық аясында

106

- Advertisement -

Дана халқымызда жасы үлкенді сыйлау, құрметтеу – әуелден игі дәстүр екендігі баршаға аян. Әсіресе , өмірден көңіліне түйгені мол қариялардың ақылына жүгіну, сөзіне тоқтау, төрден орын ұсыну, жалпы оларға ерекше ықыласпен құрмет көрсетудің жөні бөлек.

«Қариясы бар елдің, қазынасы бар», «Ауылыңда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең, үйіңнің қасында төбе болса, ерттеулі атпен тең» деп, парасат пен ізгілікке баулитын адамгершілікке толы тағылымдық сөздер, пайымдай білгенге тұнып тұрған тәрбие екендігі даусыз.

Осының бәрі жас ұрпаққа, біздің болашағымызға арналған игілікті істер ретінде саналады.

Елімізде аға ұрпақ өкілдері–ардагерлерге қамқорлық жақсы жолға қойылған десек, артық айтқандық болмасы анық. Бүгіндері барлық салада дерлік ардагерлер ұйымдары қоғамдық негізде жұмыс жүргізуде. Әрқайсысы өздерінің мүмкіндігінше жұмыстар жүргізіп, саланың дамуына үлестерін қосуда. Жетістіктерден де құралақан емес. Өңірдегі сондай іргелі ұйымдардың бірі – газ саласы ардагерлерінің кеңесі. Ресми түрде «Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы. Сонау 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан осынау қоғамдық құрылым құрамында салада әр жылдары қызмет атқарған, қарапайым жұмыс істеген 200-дей зейнеткер есепте тұрады. Олар – саналы ғұмырын газ саласына арнап, өңірдің өркендеуіне үлес қосқандар. Өмірлік бай тәжірибесі бар сала ардагерлерінің біразы жұмыстың жай-жапсарын біледі.

Біз сала бойынша Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерқанат Темірхановтың бағдарламасын басшылыққа ала отырып, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерімен бірлесе жүргізуді дәстүрге айналдыра білдік. Бұл жұмысымыздың тиімділігін уақыт дәлелдеп отыр. Оны ардагерлеріміздің көңіл-күйлері мен қоғамдық жұмыстарға белсенділіктерінен аңғаруға болады. Бұл мақсатта сала ардагерлерін мемлекеттік және атаулы мерекелерге орай құттықтау, марапаттау, сый-сияпаттар жасау және дастарқан жайып, құрмет көрсету де назардан тыс қалған емес.

Осы орайда, ардагерлер ұйымына моральдық және материалдық қолдау көрсетіп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшысы Қанат Ордабаев пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ басшысы Олжас Тоқтасыновқа ризашылығымыз шексіз. Мекеме ғимаратынан ардагерлер ұйымына арнайы кабинет бөлініп, қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік туғызып, ардагерлердің газет-журналға жазылуына демеушілік жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ардагерлер қамқорлық аясында. Ардагерлер ұйымының белсенді мүшелері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әрдайым көпшілік іс-шараларының басы- қасында жүреді.

Олар, әсіресе, Наурыз мейрамы және Қарттар күнінде ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ықпал жасап, оларды кеңінен насихаттауға өз үлестерін қосып жүр.

Қарияларымыз көпшілік іс-шараларда облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерімен қоян-қолтық араласып кетеді. Оған басшылық тарапынан жан-жақты қолдау бар. Осы орайда, «Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Темірхановтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен республика көлемінде тұңғыш рет Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өңірдегі газ саласының арнайы бұрышы ашылғанын айта кетуіміз керек. Онда облысымыздағы газ шаруашылығының қалыптасу, даму тарихы, саланың ардагерлері жайындағы материалдар мен фотосуреттер, басқа да жәдігерлер қойылған.

Өткен жылдың қазан айында аталмыш мұражайдың ашылу салтанаты газ саласы ардагерлер кеңесінің республика бойынша жетекшісі Ерқанат Уақбайұлы, облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы өңірдегі филиалының директорлары, сала өкілдері мен қала тұрғындары, сондай- ақ аталмыш іс-шараға республиканың барлық облыстарындағы «Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің филиалдары директорларының қатысуы іс-шараның маңыздылығын арттыра түскені анық. Бүгіндері республиканың барлық өңірінде осындай мұражайлар ашу үрдісі жалғасын табуда.

Бізде «Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігімен, сондай-ақ жергілікті басшылықпен тығыз байланыста жұмыс істеу дәстүрге айналған. Бұл бағытта республикалық қоғамдық бірлестік басшылығы барлық аймақтардағы филиал директорларымен өңір ардагерлерінің қатысуымен алқалы жиын өткізіп тұрады.

«Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Уақбайұлы облыста өткізілген алқалы жиыннан кейін Жуалы ауданына барып, жергілікті сала ардагерлерімен кездесті. Сәті түскен кездесу барысында төраға республикадағы газ саласы ардагерлерімен атқарып жатқан игі істер жайлы ардагерлерді хабардар етті.

Ардагерлер жас ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып, білімгер жастармен кездесулер өткізіп тұрады.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті студенттерімен өткізілген «Қазақстан Республикасындағы мұнай- газ және тау-кен салаларының даму стратегиясы» тақырыбында кездесуді тағылымды іс-шаралар қатарына жатқызуға болады. Кездесуге қатысқан жастар сала ардагерлерінің әңгімелерінен зор әсер алғандығы даусыз.

Жұмысшы жастардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып тұратын байқауларға да ардагерлерді шақырып тұру дәстүрге айналған.

Мысалы, өткен жылдың мамыр айында «АмангелдіГаз» ЖШС-ның Шу- Сарысу өндірістік базасында өткізілген «Үздік маман – 2022» байқауы жас жұмысшылардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға арналған игілікті іс-шара болғаны анық.

Байқауға төрелік еткен және қазылар алқасының құрамындағы саланың тәжірбиелі ардагерлерінен жас мамандардың үйренері көп.

Айта берсек, газ саласы ардагерлерінің облыстық филиалында атқарылған істер баршылық.

Алдағы атқарылар істер одан да көп.

Бұл – біздің мерейлі міндетіміз. Ал, міндеттің мінсіз жүзеге асырылуы ардагерлер белсенділігіне қатысты.

Сөз орайы келгенде, ұйым жұмысына белсене атсалысып жүрген ардагерлерге алғыс айтқан ләзім.

Бұл ретте Жолдығұл Исабеков, Лина Әбдірахымова, Александр Свойкин сынды ардагерлер мақтауға да, мақтануға да лайықты.

Сала ардагерлеріне деген құрмет пен қамқорлық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

Хамит ОРЫНБЕКОВ,

«Республикалық газ саласы ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support