- Advertisement -

Жылу желілері жаңғыртуды қажет етеді

70

- Advertisement -

Елімізде жылу энергиясының жалпы өндірісі жыл сайын артып келеді. Жылу өндіру құрылымы бұрынғы қалыптасқан күйде қалды, яғни жылу энергиясының негізгі мөлшерін тұтынушыларға ЖЭО (жылу энерия орталығы) және ірі қазандықтар (қуаты 20 Гкал/сағ астам) жеткізеді. Қазіргі уақытта автономды жылу көздерінің, шағын қазандықтардың (20 Гкал/сағ-тан аз) және дәстүрлі емес жылу көздерінің үлесі әлдеқайда аз.

Жылу энергиясын өндіру мен тұтынудың ұзақ мерзімдік болжамы жылу тасымалдау шығындарын үнемдеу жөніндегі іс-шараларды кеңінен енгізу қажеттігі өзекті екенін айқындап отыр. Болжам бойынша 2030 жылға дейін жылу энергиясын өндіру жыл сайын шамамен 0,35-0,6 пайызға, ал тұтыну 0,9-1,1 пайызға артады деп күтілуде. Басқаша айтқанда, өндіріс пен тұтыну арасындағы тасымалдау шығындары біртіндеп азаюы тиіс.

Өткен жылыту кезеңінде Екібастұз, Риддер және тағы басқа қалалардағы жылу жүйелерінің апаттық істен шығуы жүйенің техникалық күйінің талапқа сай болмауының салдарынан екені белгілі. Нәтижесінде қала тұрғындары қақаған аязды күндері жылусыз қалды. Бұл жағдай барлығымызды ойландырмай қоймайды, яғни еліміздегі жылыту жүйелерінің бүгінгі таңда ешқандай сын көтермейтінінің дәлелі.

Жамбыл облысы мен Тараз қаласының жылу-энергетикалық кешендері өткен жылыту маусымында 1 миллион 63 мың гигакалория жылу энергиясын өндірді. Бұл өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 51,8 мың гигакалорияға артқан, бұл көрсеткіш жылдан жылға өсе беретіні белгілі.

Биылға ұзындығы 11,7 шақырым жылу желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құраса, тек Тараз қаласында магистральды жылу желілерінің ұзындығы шамамен 46 шақырым, ал квартал іші желілердің ұзындығы 179 шақырымды құрайды, олардың тозу деңгейі 56,7 пайызды құраса, соның ішінде 199 шақырым жылу желілері ауыстыруды қажет етеді.

Дегенмен, соңғы жылдардың көрсеткіштеріне сәйкес, облыс бойынша желілердің тозу деңгейі 13,3 пайызға төмендеген. Себебі, 2015-2023 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 194 шақырым жылу желілері ауыстырылған. Жұмсалған қаржыға келетін болсақ, 2015-2019 жылдары 9 жоба бойынша жалпы сомасы 13,780 миллиард теңгеге 28,6 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртудан өткізілген. Биыл облыс бойынша 99,5 шақырым жылу желілеріне техникалық зерттеу жұмыстары жоспарланып, оған 68,4 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Қазақстанның жылу желілерін жаңғырту бағдарламасында негізінен жылу желілері мен жылу өндіретін қондырғыларды ауыстыру және жөндеу мәселелеріне назар аударылған, ал жылу желілерінің сенімділігін арттыру және құрылымын жетілдіру мәселелері екінші орында қалып отыр, дегенмен бұл көрсеткіштерге жаңғырту жоспарларын жасау кезінде басты назар аудару қажет.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 14 мың шақырым құрады, ал желілердің орташа тозуы 54 пайызды құрайды, соның 7,5 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша «2023 жылдың бірінші тоқсанында еліміздегі барлық ЖЭО және жылу желілерінің аудиті аяқталса, бұл проблемаларды және олардың ағымдағы техникалық жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан әрі сыни инфрақұрылымның әрбір нысаны бойынша шешімдер қабылданатын болады», – делінген.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы жылу желілерінің 70 пайыздан астамы 40 жылдан аса қолданыста. Барлық дерлік жылу желілері бізге кеңестік дәуірден мұраға қалған. 1991 жылдан кейін құрылыс көлемі күрт төмендеп, қалалық коммуналдық шаруашылықтар жекеменшікке беріле бастады. Жеке компаниялар жаңа жылу желілерін салуға мүдделі емес болды. Осылайша, салынып жатқан жаңа нысандардың көпшілігі ескі жылу желілеріне қосылып келеді.

Қазіргі уақытта тұрғын үй ғимараттары мен басқа да құрылыстарының ауқымды құрылысы жүріп жатқан кезеңде басты мәселелердің бірі – осы ғимараттарды жылумен және ауыз сумен қамтамасыз ету, бұл тек ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында да орын алып отыр.

Бұл мәселені шешудің негізгі жолдарының бірі, әрине, табиғи және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, халық санының өсуімен қалалардың бас жоспарларын кеңейту бағытында қайта қаралуда, бұл жылу (және басқа да коммуникациялар) желілерінің ұзындықтарының артуына әкеп соғады.

Бүгінгі таңда жылу желілерінің шамадан тыс тармақталуы оң нәтиже бермейтіні айқын көрініп отыр, өйткені желілердің ұзақтығының артуы сандық-сапалық шығындарды (қысым, тампература) арттырады, желілердің істен шығу қаупі артады, яғни негізгі көрсеткіш – жүйелердің сенімділігі төмендейді. Сондай-ақ, жылу желілерінің ұзындығының артуы әдетте, өндірістік қуаттылықтардың артуымен бірге жүреді, өйткені жүйенің жылулық жүктемесі артады, мұның бәрі қосымша күрделі салымдарға әкеледі.

Осы мәселелерді шешудің тиімді жолдарының бірі – автономды (дербес) жылыту жүйелеріне көшу.

Соңғы уақытта автономды жылыту жүйелері орталықтан жылумен қамтамасыз етудің айтарлықтай баламасы ретінде жиі қарастырылуда. Салыстырмалы бағалаулар бойынша инженерлік коммуникациялар мен жылу жүйесінің үлесі жобаның жалпы құнының 10-15 пайызын құрайды, ал бұл шығындардың айтарлықтай үлесі. Сондықтан, жылумен жабдықтау жүйесін негіздеу мен тиімді шешім қабылдауға аса жауапкершілікпен қарау қажет.

Орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталатын болсақ, жүйенің негізгі артықшылығы, әрине, жылу тұтынушы тарапынан жылумен жабдықтау жүйесіне бақылау жүргізудің іс жүзінде қажет еместігі. Тұтынушы тек алынған жылу мөлшеріне (гигакаллорияға) келісілген кесте бойынша ақы төлейді, алайда бұл мұндай жүйенің басты кемшілігі болып табылады.

Жылу орталықтарындағы жылу тасымалдағышты айдауға арналған электр энергиясының пайдалану шығындары 6-10 пайызды, ал химиялық су дайындауға арналған шығындар босатылатын жылу энергиясы құнының 15-25 пайызын құрайды. Нормативтік шығындардың едәуір артуы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері жабдықтарының және әсіресе жылу желілерінің тозуының жоғары дәрежесімен байланысты. Сондықтан, жылу желілері орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің ең сенімсіз элементі болып табылады, ол жалпы жүйе бойынша істен шығудың 85 пайыздан астамын құрайды.

Құбырлардың жылулық және гидравликалық оқшаулауының қанағаттанарлықсыз жай-күйі, жылу желілерінің жабдықтарын монтаждау мен пайдаланудың тозуы мен сапасының төмендігі апаттық бойынша статистикалық деректерін арттырады. Сонымен, апаттық істен шығудың 90 пайызы жеткізуші құбырларға және 10 пайызы кері құбырларға тиесілі, оның ішінде апаттардың 65 пайызы сыртқы коррозиядан және 15 пайызы монтаждау ақауларының (негізінен дәнекерленген жіктердің ажырауынан) салдарынан болады.

Соңғы жылдары автономды жылу көздеріне (және жүйелерге) деген қызығушылықтың артуы көбінесе елдегі қаржылық жағдай мен инвестициялық-несиелік саясатқа да байланысты деуге болады, өйткені орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің құрылысы инвестордан ғимараттың негізгі көзіне, жылу желілері мен ішкі жүйелеріне айтарлықтай біржолғы күрделі салымдарды талап етеді және өтелу мерзімі белгісіз немесе іс жүзінде қайтарымсыз негізде болады. Орталықсыздандыру кезінде жылу желілерінің болмауынан үнемделген күрделі салымдарды тұрғын үй құнына (яғни тұтынушыға) жатқызуға болады. Осы фактор жаңа тұрғын үй құрылысы нысандары үшін орталықтандырылмаған жылумен жабдықтау жүйелеріне қызығушылықтың артуына септігін тигізеді.

Сонымен қатар, автономды жылумен жабдықтау жүйесін падалану орталықтандырылған жүйелерде бос қуат көздері болмаған жағдайда ескі және қаланың тығыз құрылыс аудандарындағы нысандарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Автоматты басқарудың энергия үнемдейтін жүйелерін пайдалана отырып, заманауи жоғары тиімді жылу генераторларына негізделген қазіргі кездегі орталықсыздандыру үрдісі жылу тұтынушының барлық сұраныстарын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді деуге болады.

Автономды жылумен жабдықтау – аймақтың газ тасымалдау жүйесі қол жетімсіз болған жағдайда жылумен жабдықтау мәселелерін шешудің негізгі жолы болып саналады. Сұйытылған газды пайдалануға негізделген автономды жылумен жабдықтау жүйелері қазіргі таңда қалаларды жылумен қамтамасыз етудің негізгі балама әдісі болып табылады.

Осыған орай, жылумен жабдықтау жүйелерінің тиімділігі мен сенімділігін арттыру үшін келесі негізгі шарттар орындалуы қажет:

– жергілікті атқарушы органдар шұғыл арада жылу желілерінің жай-күйіне техникалық-зерттеу жүргізу;

– қалалардағы халық санының өсуін ескере отырып, бас жоспарлардың дамуына болашақ инфрақұрылымдық даму тұрғысынан талдау жүргізу;

– қаланы жылумен жабдықтау жүйелерін тиімділеу арқылы қаланы жылумен жабдықтаудың болашақтағы даму жоспарын құру.

 

Мұхамеджан СЕКСЕНБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мұнай, газ және тау-кен ісі» кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support