- Advertisement -

Қарындасты қадірлейтін қазақ қоғамы қайда?

141

- Advertisement -

Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылған отбасылардың саны артып барады. Әрине, ұрыспай, керіспей өмір сүр деп отырған ешкім жоқ. Әрі-беріден соң, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Қанша адам болса, сонша мінез-құлық бар. Алайда, ашудың соңы әлімжеттікке ұласса қайтпек керек?

Жасыратыны жоқ, ішкі істер бөлімдеріне күнделікті тіркелетін арыз-шағымдардың басым бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Мұны құқық қорғау органдары да растайды. Мәселен, өткен жылы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 30 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғап, материалдарды соттың қарауына жолдаған. Бұдан бөлек, осыған ұқсас хабарламалармен 124 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылыпты. Аудандық полиция бөлімінің орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаевтың айтуынша, есепке қойылған азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша жиі-жиі тексеріліп, олардың әлімжеттік жасауының алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

– Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым-қайғысыз өмір. Ата Заңымызда да әр азаматтың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау басты талап екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Дегенмен, тыныштықты бұзатын, отбасында балалары мен жұбайына зорлық-зомбылық көрсететін жекелеген адамдар ортамызда бары өкінішті-ақ. Аудан көлемінде есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Профилактикалық есепте: ішімдікке салынған – 79, есірткіге әуес – 41, бұрын сотты болған – 22, жүйке ауруымен ауыратын – 127, мерзімінен бұрын шартты түрде босанғандар – 12, қорғау нұсқамасы шығарылғандар – 17, сотпен ерекше талап қойылғандар – 5, шартты түрде сотталғандар – 63 және әкімшілік қадағалауға жататындар – 9 азамат пен 33 жасөспірім тұр. Есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, соттың шешімімен маскүнемдікке салынған бір азамат облыс орталығындағы еріксіз емдеу орталығына орналастырылды, – дейді Есім Жанысбекұлы.

Тәртіп сақшысы отбасында ойран салатындар заңға сәйкес өз жазасын алмаса, уақыт өте бетімен кететінін де тілге тиек етті. Сөзінше, ел ішінде соңғы он жылдықта дәл осы сипаттағы қылмыстардың саны көбейіп, отбасындағы әлімжеттік саны арта түскен. Ал, зардап шегушілер өзге жұрттың қысылып, көп жағдайда құқық қорғау органдарына шағым түсірмейді екен. Өйткені, нәзік жандылардың көпшілігі отбасы тыныштығы үшін өз-өздерін құрбандыққа шалуға мәжбүр. Тіпті, ашу үстінде арыз жазып қойған әйелдердің 90 пайызы бір-екі күннен соң шағымдарын кері қайтарып алуға күш салады. Нәтижесінде бұл сорақылық қайта жалғасын тауып, жаға жыртысқан жанжалға ұласуда.

– Ауданымызда отбасының шырқын бұзған 20-ға жуық азаматқа соттың шешімімен ерекше талап қойылып отыр. Учаскелік полиция инспекторлары бұл азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Әрине, отбасы мүшелерінің мазасын алып, әйелін соққыға жығатындарға қатысты жазаны күшейтетін кез келді деп санаймыз. Зардап шеккендер ауыл арасындағы алып-қашпа сөзден немесе өзге біреудің қысымынан қорықпауы тиіс. Әйтпесе, ашу үстінде полиция қызметкерінің көмегіне жүгінгендер бірер күннен соң арыз-шағымын қайтарып алып жатады. Ақырында, нәзік жандылардың қорлық көруі жалғасын тауып, жасөспірімдердің психикасы бұзылуда, – дейді Е.Ордабаев.

Шын мәнінде, жұбайлар тең құқылы және бірдей жауапкершілікке ие. Осыған орай, отбасындағы зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір әйел үнсіз қалмағаны жөн. Ол заң аясында өз құқықтарының қорғалатынын әрі оған полицейлер құқықтық көмек көрсететінін ұмытпауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін айтып, азаматтардың бұл іске бей-жай қарамауы қажеттігіне арнайы тоқталған еді. «Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды», – деп атап өтті Президент.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 50-ге жуық дағдарыс орталығы, 2 аналар үйі бар. Өткен жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны – 166 мыңға жеткен. Осылайша, жаңа ғасырда бұл көрсеткіш 8 есеге артқаны анықталып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдер қоры таратқан дерекке сүйенсек, Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны бір жыл ішінде 500-ге жетеді екен. Дәл осы тұста «Қарындасты қадірлейтін қазақ қоғамы қайда?» деген заңды сұрақ туындайды. Қалай десек те, жоғарыда айтқанымыздай, маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып, жұбайын ұрып-соғу сынды отбасындағы жағдайдың бала тәрбиесіне тигізер зияны көп. Жасөспірімдердің «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескерсек, мұндай теріс қылықтың бала болашағына кері әсерін тигізетінін ұмытпауымыз керек.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support