- Advertisement -

Отанға қызмет ету – әр азаматтың парызы

496

- Advertisement -

«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген еді батыр Бауыржан Момышұлы. Кешегі бораған оқтың астында елінің бейбітшілігі, бақытты болашағы үшін ажалмен бетпе-бет келіп, аянбай ерлік көрсеткен ата-бабалардың көзсіз батырлығы ешқашан ел есінен өшкен емес. Алайда, бүгінгі бейбіт күнде әскер қатарына баруға көптеген жастарымыз қаймығады. Әрине, оған себеп те жоқ емес. Әскер қатарына шабытпен барып, табытпен қайтқан ұландар жайлы ақпараттар да ата-аналарға ауыр соғады. Бүгінде осындай қорқынышты сейілтіп, әскери өмірден нақты ақпарат беріп, Отанға қызмет ету әр азаматтың парызы екенін ұғындыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.

Жақында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті және Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты облыс жастарын әскер қатарына шығарып салу рәсімін ұйымдастырды. «Әскерге бару – азаматтық борышым» атауымен өткен шара жастарға патриоттық тәрбие беруді, Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметтің маңыздылығын насихаттауды, жастардың Отанды қорғау қажеттілігі туралы дұрыс түсінігін қалыптастыруды мақсат етті. Жастардың бойында адалдық, аға ұрпаққа құрмет, батылдық, Отанға және өз халқына деген сүйіспеншілік және моральдық-психологиялық қасиеттерді сіңіріп, саламатты өмір салтына оң көзқарасты қалыптастырып, жауынгерлік рухты көтеруді көздеді.

– Тарихтан белгілі, біздің халық ертеден- ақ небір жаугершілік замандарды бастан кешті. Сондай сәттерде елдегі бір де бір ер азамат ел-жұртын қорғаудан бас бұғып, тыс қалған емес. Жүрекжұтқан батырлығымен өзгелерді тамсандырған қазақтарды басқа жұрт «жауынгер халық» деп атады. Одан бергі уақытта бес жылға созылған Ұлы Отан соғысында да қан майданнан жауды жеңіп, аман оралған, одан соң еліне қалтқысыз қызмет етіп, ұрпақ өсіріп, 100 жыл өмір сүрген аталарымыз да бар. Біз өзіміз де Ауған соғысына қатысып, елге есен оралдық, шүкір. Оның қасында қазір бейбіт заман ғой. Елдің тыныштығын күзетіп, түрлі жағдайларға дайын болу үшін сан түрлі әскери жаттығулармен шұғылдану қажет. Ал, әскерден қашу – батыр бабалар ұрпақтарына жараспайды. Шапшаңдыққа, төзімділікке тәрбиелейтін жаттығуларға шыдас бермей құлап қалатын кейбір сәттер кездесуі мүмкін. Алайда, өз Отанын сүйген, елінің алдындағы перзенттік парызына адал азаматты Жаратушы да қолдайды. Әскерге барудан жалтармау керек. Ата-аналар да ұлдарын шабыттандырып, Отанын қорғау, халқына қызмет ету абыройлы әрі қастерлі міндет екенін ұғындырса дейміз, – деді облыстық Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Керім Ізбасаров.

– Әскер қатарына аттанатын болашақ сарбаздарды шығарып салу рәсімін Тараздың төрінде салтанатты түрде оқушылармен бірге атқардық. Себебі, бойын тік ұстап, сапта тұрған ағаларына қарап, кейінгі ізбасарлары бой түзейді, әскер сапына қосылуға шабыт алады. Ал, әскерге аттанғалы тұрған ұландарға әскери қызметті өтеп жүрген ағалары үлгі. Ұрпақтар сабақтастығын ұштастырған іс-шарамыз арқылы жас толқынға әскери өмірдің аса жауапты және абыройлы, әрбір ер азаматқа қажетті екенін ұғындыруға тырыстық. Оған ата-аналарды да шақырып, балалары тек олардың ғана емес, бүкіл еліміздің перзенті екенін жеткізуді мақсат еттік. Батыр Бауыржан Момышұлы «Ерлік – елдіктің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» дейді. Сондай жүректілікті бойға жиып, Отан алдындағы борышты әр азамат өтеуге тиіс. Өз елінің патриоты болу кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт екенін де естен шығармаған жөн. Әр ер азамат үйінде ата-ана, бауырлары үшін, артындағы халқы үшін, болашақ ұрпақ алдында жауапты екенін ескерсе, әскерден қалмауға өзі де ықтияр болады деп білеміз, – деді облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беріп, әскери өмірмен таныстыру мақсатындағы іс-шаралар жиі өткізілуде.

– Облыс аумағында жастар арасында патриоттық тәрбиеге бағытталған түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Мәселен, жыл басынан бері әскери-патриоттық бағыт бойынша барлығы 3318 адамды қамтыған 136 іс-шара өтті. Тараз қаласы мен аудандарда «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі», «Ерлік сабағы», «Әскери міндет – баршаға ортақ міндет», «Патриот болу – парызың», «Қарулы күштер – ел қорғаны», «Намысты ерлер» тақырыптарындағы әртүрлі форматтағы іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, «Өшпес ерлікке мәңгі тағзым», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ерлігімен еленген Ауған соғысы ардагерлеріне тағзым», «Ауғанның асуында от кешкендер», «Ерлік даңқы мәңгілік», «Қазіргі жастар және әскер», «Елдің қорғаны – жас буын» атты әскери қызметкерлермен, соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Оқушылар мен колледж студенттері арасында сапта жүріп патриоттық ән айту шерулері мен байқаулар арқылы әскери тәртіпке бейімдеуді де назарда ұстаймыз. Жасөспірімдердің бойына отаншылдық рухын қалыптастыру мақсатында іс-шараларымыз нәтижелі болғанын өз еркімен әскерге баруға ынталы жастардың көптігінен байқаймыз, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.

Әрине, әскер қатарындағы өмір әке мен ананың жан жылуы тербеген өз үйі емес. Әскерде темірдей тәртіп орнаған. Өйткені, жас тұлғаны әлжуаздықтан арылтып, жаужүректілікке бейімдеу – әскердегі басты қағида. Сонысымен де армия айбынды, оның артындағы ел қуатты болмақ. «Ұлын әскерге аттандырды» деген сөз ата-ана үшін мақтаныш, «Әскер қатарындамын» деген сезім ер жігітке абырой.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support