- Advertisement -

Нұржан Нұржігітов: Біз әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, инвесторларға ұсынуға дайынбыз

93

- Advertisement -

Жамбыл облысында алғаш рет өтіп жатқан «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының пленарлық отырыстары басталды.

Жиынның ашылуында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов форумның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, ауқымды шара ең алдымен, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен өзара тиімді ынтымақтастықты, бизнес бастамаларды іске асыруға әзірлікті көрсетуге бағытталғанын жеткізді.

Жамбыл облысы жоғары экономикалық және зияткерлік әлеует шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін айтқан аймақ басшысы өңірдің бес басты бәсекелестік артықшылығына тоқталып өтті.

— Аймақтың климаттық жағдайы қоңыржай континентальды климат, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар, «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауылшаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Біздің облыс баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылады. Келесі артықшылығымыз — жоғары көліктік-логистикалық әлеует. Яғни, облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға, отандық және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор.

Біз, өз өнімдерімізді әлемнің 17-ден астам еліне, атап айтқанда, Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттаймыз. Осындай транзиттік әлеуетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналуда,- деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, облыс әкімі өз сөзінде жергілікті билік тарапынан қажетті инвестициялық жағдайлар жүйелі жасалып келе жатқанын жеткізді.

Атап айтқанда, өңірде бизнес жүргізу үшін қолайлы орта құрылып, мемлекеттік деңгейде қолдау, инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу жүргізілуде.

Жамбыл облысы Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты ірі трансұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие.

— Облыста өнеркәсіп саласының даму динамикасында оң үрдіс сақталуда. 2022 жылы Жамбыл облысының өнеркәсіп кәсіпорындарымен 859,8 млрд. теңгеге өнім өндіріліп,  2021 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 110,2 пайызды құрады.

Өңірде 350-ден астам ірі және орта кәсіпорындар болса, оның негізгі бағыттары — химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі.

Аймақ 200-ден астам түрлі пайдалы қазбаларға бай. Облыс фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы болып табылса, түрлі-түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс материалдарының қоры жеткілікті.

Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы сомасы 3,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз,- дей келе Нұржан Нұржігітов облыс шетелдік инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және аймаққа туристерді тартуға мүдделі екендігін баса айтты.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support