- Advertisement -

Сағат ағаның серті

146

- Advertisement -

Жамбылда жампоз жігіттерді жұрт жазбай таниды. Қоғамдық ділі тап осындай. Жеке тұлғалар арқылы жалпы қоғамдық пікір қалыптастырады. Мәселен, тәуелсіздік жылдарының бастауы мен белесінде қоғамдық- саяси қайраткерлігімен бірге, ғалымдық, лидерлік таланты тас жарған кім десе, әулиеаталықтар Марс Үркімбаевты алдыңғы қатарда айтар еді. Тағы кім бар десе, Әшімжан Ахметовтің есімі ауызға алынады. Бұл екі кісі де қазіргі М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетін ұзақ жыл бойы абыройлы басқарған ректорлар. Бірі – аймақта болса да елімізде даңқы дүрілдеген ГИДРО – Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының бағын ашқан ғұлама. Екіншісі – сол Үркімбаевтың ең талантты шәкірті, ТарМУ-дің абырой- беделін асырған қайраткер тұлға. Бірі – ел егемендігінің алғашқы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, экономика министрі болса, Әшімжан ағамыз Парламент депутаты, вице-министр және бірнеше жоғары оқу орнының ректоры қызметін абыроймен атқарды.

Қашаннан-ақ өзара сыйластықтары жарасқан ағалы- інілі, ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасындағы қайраткерлер Жамбылда қатар жұмыс істеді. Ана бір жылдары алғыр інісі ректор, ал байсалды ұстазы – академик жастарға сабақ берді, ғылыммен біржолата айналысты. Бұл екі аса ардақты ағаларды ел жадында ақтаңгер, ірі мәдени тұлға дәрежесінде сақталған кісілер туралы өткен шақта сағынышпен айтудың өз сыры бар. Кез келген ақылды ғұламалар мен саясат ауылынан ту тіккен сайыпқырандар өзінің жолын жалғап, қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ететін, адал азаматтық қадір- қасиеті мол және өз аттарына лайықты ізбасарларды даярлап, оларды шыңдап, қалыптастыруды мұрат тұтады. Міне, осы талайға арман, талайға сын болған таңдау мен сенім бақыты кімге бұйырса да аузы дуалы, сертке берік адамға сәуле түсіріп, шуаққа бөлейтін шақ туады.

Бұл адуынды, айбарлы екі бірдей атақты ректорлардың және халықтың жүрегі мен көңілінен ойып тұрып орын алған марғасқалардың артынан ілескен шәкірттері арасынан ақ жүрек азамат, ақиқат пен әділдік үшін жанын беретін, шынайы ғалым, адамгершілік кісілігі оттай жанып тұрған Сағат Мырзашевқа көбірек түсуінің өзі талай дүниеге, ой талқысына арқау болатыны анық. Еуропа мәдениетіне жақын тәрбие алған сырбаз жан, атақ- даңқынан ат үркетін Үркімбаев пен кесімді – шешімді, биязы мінезді, өткір тілді Ахметовтың мына мансап атаулыға сүйсіне бермейтін, тек қана мінсіз қалыпқа қасқайып тұратын Мырзашевқа аманатты жүк артқан секілді көрінетінін әріптестері де теріске шығармайды. Қайта құп алған сыңайлы.

Екі ағасы мен ұстаздарының жоғын жоқтап жүрген, олардың жарқын іздері мен қолтаңбасын қадір тұтып, есімі мен ісін жаңғыртуда бұл шәкірттерінің іс-әрекеттері мен бастамаларының өзі бір адам үшін иманды іс, елдік абырой дер едік. Тасбауыр уақыт пен қытымыр заманда жақсыларды танып, ардақтай білудің өзі қиын соққан кезеңде рухы мықты адамдар ғана қоғамды сақтайды деген көзқарас та бар.

Жамбылдың зиялылары мен жақсы-жайсаңдарының қоғамшыл мәдени ортасында бұл тәрбиелік мәні мол іс деп бағалайды. Ел ағасы жасында да өзінің тәубеге шақыратын адал сөзін айтудан еш тартынбаған Сағат Мырзашевтің ақкөңіл пейіліне турашыл сөзі қалыпты жарасып тұратыны да тектіліктің құдіреті. Жалпы, Сәкең – шындықты айтатын, табанының бүрі бар күшті адам. Шығармашылық таланты ерекше шабытты. Несін жасырайық, студент жастар мен әріптес педагог оқытушылар ортасында ашық қоғамдық пікірдің иесі. Жоғары ұлттық санасы бойынша ұлттық серт пен ұлттық мүдде тұрғысынан ойын білдіреді. Мәселен, жастарға білім беру мәселесінде өзекті өртейтін өкініштерін жасырмайды. «Апыр-ай, жоғары оқу орнына грантпен түскен студенттер қарапайым есепті шығара алмайды, бұл не сұмдық!» немесе «Дипломды өз күшімен жазатын студентті көру арманға айналып барады. Бұл қалай?» деп күйіп-піседі.

Біз де қоғамның өміршең тақырыптары жайында пікір алысамыз. Қызу айтыста орнықты көзқарастары мен ұсыныстарына ден қоямыз. Өзі тұңғиғы тұнып тұрған техника ғылымының докторы, алайда, көркем әдебиетті жастайынан құмарта оқығанның нәтижесінде және бойына дарыған құнарлы тіл байлығы мен сөзге ұсталылығының арқасында әдебиетші ғалым кейпіне енуі тез. Бұлай болуы да әке қанымен, ана сүтімен жаратылған құдіреті. Міне, осындай жаратылған дара азаматпен бір ауылда туып-өскен бауыр, інісі ретінде айтар сөзіміз аз емес. Себебі, орта мектепті кілең «беске» оқыған оқушы туралы, жоғары оқу орнында да үздік студент болған, талапшыл оқытушы, білікті кафедра меңгерушісі, сесті декан болған оқымысты жайында ғибратты жағдайлар көп-ақ.

Ол туған ауыл – Түгіскен топырағы. Ежелгі Үшарал, Бекпенбет талы деген жерлер, Тараз қаласынан 160 шақырым шалғайда жатқан елді мекен.

Төменгі Талас өзені мен Қаратау атырабында бұл атамекеннің тарихы мен атақ-даңқы тым тереңде жатыр және ол әр дәуірде Әулиеатадан асып, бір шеті киелі Түркістан, одан әрі байырғы Ташкентке жетіп, таулардың атасы – Алатауға дейін барған. Біз сөз еткелі отырған әулеттің ұрпақтары әсіресе, Аққошқар бастаған перзенттері байлықпен ғана емес, дәулетті дүниесімен ғана емес, оқу-білім іздеген, алқалы, берекелі ел-жұрт бола білуге жол салған көрегендігімен де халықтың аузына іліккен. Шежірелі атақоныста жайлау төсі мыңғырған малға толса, табиғи байлығы сыңсып жатқан меңді далада көшпенділердің ырыздық-дәулеті қай шамада болды екен деп ой жіберіп қарайтын болсақ, оған Аққошқар бабамыздың, енді біз әңгімелеп отырған математик ғалым, профессор Сағат Мырзашұлының түпкі бабасының бірде шығыс өңірінен келе жатып, Қаратау етегінде Ошақтылардың ауылына аялдап, қонақ болған аты шулы би адамға қаратып айтқан деп келетін және Түркістанда қалың жұрттың көзінше Тайқазанды толтырған жағдайын тілге тиек етудің өзі керемет емес пе? Бұл тарихи жазба естеліктерде сақталған екі үлгі тірлігін зерек жан Сағат ағамыздың әкелері ғана емес, бүкіл Талас өңірінің ескі көздері ұдайы еске салып, балаларына айтып отыратын болған. Сол ескі әңгіменің желісі мынадай болып келеді.

Көнеден жеткен сөз. Ауыздан-ауызға тараған оқиға ауаны. Қазыналы қариялардың айтуы бойынша, кешегі ХIХ ғасырда осы Аталық-Бидалы бабаның (осындай жер атаулары да бар) ұрпақтары арасынан абырой-беделі биік, сөзге шешен, билік жүргізген бай-бағландар көп шыққан. Атақ-даңқы алысқа кетіп, Талас пен Ақсай жазығында ақ қанатты киіз үйлерін тігіп, сән-салтанатымен ен жайлаған жұрттың өміріне көңілі толған, бейтаныс аттылы жолаушылар кез болады. Шалғайдан керуен тартқан қонақтармен жөн сұрасады. Салт-дәстүрімізге сай қонақжайлық танытады. Дәм ұсынады. Кең пейілді әңгіме үстінде қонақтар арасынан сөзшең ақын ба екен, төрде отырған ноқтабасы, сыйлы қонақтың нөкерлерінің бірі болса керек, өздерінің жағдайларын «Біздің мырза- байекеңнің жылқылары түсте суатқа құлағанда айдын көлдің суына дейін тартылып, жер қайысады» деп әсірелеп жібереді. Қазақтың дәстүріне сай қонақтарды сыйлап, мырзалық пейілімен күтіп отырған Аққошқар атамыз: «Е, жөн екен. Бәрекелді. Мұндай мал байлығы бізде жоқ шығар» деп сөз бастайды. Демін ішіне тартып: «Алайда, күзге салым бізде бір ұлан-асыр той болады. Бір мезгілде осы Әулиеата жерінде, Қаратау етегінде мыңдаған баланы сүндетке отырғызамыз. Әр ұл балаға бәсіре тай мен бота атаймыз!» деген көрінеді. Мұны естіген Арқа өңіріне белгілі би, еңселі ер кісі елең ете қалып: «Бұл дүниеде байлықтың атасы осы емес пе? Байлық деген ұрпақтар жалғасы емес пе? Ат ұстар бала емес пе? Бүгінгі ұрпақ ертеңгілер үшін жауапты өмірдің өзі емес пе?» деп дана бидің ақылды сөзін айтып, Қаратау мен Талас жұртына ақ батасын берген екен.

Ал енді байлықты бір Алланың сыйы деп қарап, ырыс- несібесімен бөліскен адуынды Аққошқар аталарының Түркістандағы Тайқазанды толтыруы еске түседі. Бұл шамамен 1850 жылдардағы оқиға. Қазіргі Үшаралдан түу сонау Түркістанға дейін үш серке бастаған көп уақ мал айдап апарған екен. Сол жолы қасиетті Тайқазанның тасып төгілгенін көрген адамдар Аққошқар атамыздың бойындағы асыл қасиеттері мен ақ ниетті пейілдерін әулиелікке балап, құрмет көрсеткен. Сол заманнан бері «Тайқазанды толтырған Аққошқар ата!» деген сөз қалған. «Кедей кісілерге шүлен таратқан» – яғни, мал-мүлкін беріп, қарайласқан, қайырымдылық жасаған деп аузынан тастамаған.

Тегінде, бұл әулетке сөз өнері қонған. Өнерпаз, сауықшыл болған. Өңшең өнерлі, жыршы. Әулеттің ішінен Қорақожа мен Төреқожа жәкелеріміз ақын әрі жыршы болғанын бала кезімізден естіп өстік. Төреқожа жәкеміздің өлеңдерін оқып, ән-жырын тыңдай алдық. Бұл кісі Алматыда өткен республикалық ақындар форумына да қатысқанын жақсы білеміз. Ауыз әдебиетінің ақсақалы Кенен Әзірбаев секілді кісілермен бірге жыр айтып, қатар отырып ән салған дәурені де бір ғажап еді.

Кезінде 1937 жылдары саяси қуғын-сүргіннің сұмдықтарын басынан өткеріп, қайдағы бір «жапон тыңшысы», Кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекеттер жасаған» деген жаламен он жылға сотталып, Сібірде айдауда болған Төреқожа ақынның олжалы рухани мұрасының өзі құрметтеуге әбден тұрады. Мұны айтып отырғаным, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, дәлірек айтсақ, сол кездегі облыс әкімі Б.Жексенбиннің өзі қатысқан салтанатты жиында ақын Төреқожа Ханқожаұлының есімі Түгіскен ауылында мәдениет үйіне берілгені жария болады. Жұрт оны қуана қабылдады. Алайда, бір кем дүние дейміз бе, кейінірек ономастика комиссиясының шешімі басқалай болып қалды…

Бағалай білмегенге бақ қонар ма?! Бір уақыттарда «Түгіскен» орта мектебінде 500-ге жуық бала оқыды. Біздің сыныптас 67 бала бір жылдың түлегі еді. Майдангер педагог Әбдіғазит Жылқайдаровтың 27 жыл бойы үздіксіз басқаруымен іргелі білім ұясына айналған мектептің әр жылғы түлектері туралы айтқанда, жалпы мектеп тарихына үздік білімі мен жеке үлгісі арқылы көзге түсіп, Алтын медальға және озаттық белгілерге ие болған жастарды «Біздің мақтаныштарымыз» құрмет кітабына жазып қою дәстүрі болған. Бұл киіз кітапқа ену дегеніңіз, – ол кезде мемлекеттік награда алғаннан бір кем соқпайтын қуаныш еді. Бүкіл үй-ішің, туған-туысқаның болып жуып тастайтын жағы да бар. Шын мәнінде бұл жақсы дәстүр мен ақ тілеулі жолда танылған жастардың ешбірі елеусіз қалған жоқ.

Мұғалімдерде бір жақсы әдет бар емес пе, ертеректе солай болатын. Жоғары сыныпта жақсы оқитын оқушыларды үлгі ету арқылы да тәрбиелеу методикасы қазақ үшін жат емес. Содан не керек, бізден төрт сынып жоғары оқитын Сағат Мырзашевтей озат оқушы болсаңдар, жерде қалмайсыңдар, оның Мырзаш жәкем мен Ақбөпе апайдың баласы екенін білесіңдер ғой, деп келетін үлгі сөздер әлі күнге дейін құлағымда тұр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Шәрипа Есетова мен Несіпбек Шардарбеков, математик Кеңесбек Жаңабаев, Саттар Жаппаров, тарихшы Күмісбек Егізбаев және басқа да ағай-апайларымыз озат шәкірттерін аузынан тастамай айтатын еді. Біз болсақ, жас баланың көңіл көзімен оның футболды күшті ойнап, қыс мезгілінде ауылдың табиғи мұз айдынында жүйткіп, зыр қаққан ұшқыр конькиші екеніне тамсана қарайтын едік. Оның туған інісі Қайратпен дос болдық. Сыныптас құрдасым да мектепте өте жақсы оқыды. Әдебиет пәнінен шығарма мен мазмұндаманы әдемі етіп жазатын бұл оқушы есейгенде жоғары оқу орнын бухгалтерлік есеп-қисап мамандығымен бітірген бойы сол салада қызмет етпегенде танымал жазушы болып кетер ме еді. Дегенмен, жасы алпысқа келгенде біздің бала досымыз ата-баба тарихынан екі деректі кітап жазып, жарыққа шығарды. Құнды дүниелерді жанына түйіп, әкелеріміздің әңгімелері мен тарихи оқиғаларға қатысты дәйектерді салыстыра отырып зерттеген осы шығармашылық еңбегі арқылы Қайраттың өз бойындағы титтей болса да қабілеттің бұлақ көзін текке тұншықтырмай бір татымды нәрсеге жұмсағаны қуантады.

Көркіне көз тоятын, келбетті, сұңғыла бойлы Сәкеңнің Жамбыл есімді ағасы тіптен бүкіл ауылдың болашағынан көп үміт күткен сүйкімді азаматы болды. Жігіттің де жігіті бар демекші, өзі көркем, мінезі де көркем, үлкендердің көзайымы, ал жастардың үлгі алатын асыл сүйекті ағасы оқу-білім іздеген, кеңшар орталығына ара-арасында келе қалса тура бір жаңа заманның жұлдызды Шоқанын көргендей қос қолымызды жүгіре ұсынып, сәлемдесіп қалуды бір мәртебе санаушы едік. Аядай ауылды ғылым арқылы алты Алашқа танытамын деді ме, қой шаруашылығын ғылыми жаңалықтармен өркендетпекші болған. Жатпай-тұрмай ізденіс жолына түсті. Атақты академик Көпмағамбет Елемесовтің сенімді шәкірті болды. Оны айтасыз, кәдімгі Жұмабек Тәшенов бар емес пе, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметінде жүріп қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу мақсатымен империялық пиғылға қарсы тұрып, СОКП Орталық комитетінің солақай шешіміне келіспейтіндігін ашық білдірген ірі саясаткер азамат қудалауға түсіп, Шымкент қаласындағы Қаракөл қойын ғылыми-зерттеу институтынан бірақ шығады. Сол батыр азамат осы бір шағын, бірақ шаруасы көп мекемені басқарған тұманды жылдары Жамбыл қаласына келгенде талантты жап-жас ғалым Жамбыл Мырзашевтің үйіне түседі. Тектінің тұяғы емес пе екеуі де, дастарқан басында ата-бабалар тарихынан талай сыр ағытылады. Ағалы-інілі арасындағы түсіністік пен достық сыйластық ұзақтау өмір бергенде армандаған биіктерге жетелеп шығаратынына күмән жоқ еді. Жақсының аты қалады. Өшпейді. Оның да аңсар армандары таудай болатын. Өкінішке қарай, жұрт жанындай жақсы көріп, зиялы орта қызыға қараған оқымысты ғалым Жамбыл ағамыз мына жалған өмірден құйрықты жұлдыздай тым ерте ағып өтті.

Аға жолын қуған әрі соған еліктеп өскен Сәкеңнің де ғылымға бет бұрып, инемен құдық қазғандай іргелі зерттеулерге ден қойып, соған құлай берілуінің түпкі бір сыры өз қарым-қабілетіне сай осы аяулы ағасының таңдауына адалдық танытып, жалғастыруда жатқан жоқ па? Біз бұл мәселеде арнайы сұрап, сұхбаттасқан емеспіз. Солай болғанның өзінде іштей осы жорамал мен қисынды ойымыз дұрыс шығады деп сенеміз.

«Құдай-ау, біздің Сағат досымыз ғалым болмағанда, кім болушы еді?» дейтін сыныптас жолдастарының оның білімпаздығын мақтаныш ететінін талай мәрте естігенбіз. Мұны айтып отырған кімдер дейсіздер ме? Олар да осал емес. Жамбыл өңіріне барынша танымал азаматтар. Жиырма жылға жуық аудан әкімі (үш ауданда) болған Батырбек Құлекеев, облыстық ішкі істер департаментінің басшылық лауазымын көп жыл атқарған полковник Айтжан Тойшыбеков, атақты полиция полковнигі (марқұм) Сейітбек Саттарұлы, тарихшы, профессор Асқар Әбдуәлі… Бұл тізімге атақ-даңқы алысқа жайылған Марс Үркімбаев пен алымды саясаткер және айбарлы ғалым Әшімжан Ахметовті қосатын болсақ, сенімнің тау қопаратын қуатын сезінуге болады.

Иә, ойымызды тұздықтап алдық. Қазіргі адал ғалым, қоғам қайраткері Сағат ағамызға қайта оралайық. Біздің ауылдан түлеп ұшқан жастардың арасынан көпшілікке жарқ етіп танылған қадірменді азамат Сағат ағаның ата- бабаларының осындай көрнекті өмірі мен құнды істерін өнеге тұрғысында айту да парыз. Ал, өзі үлкен өмірде қандай жігіт, қандай ғалым және қандай педагог болғанын оны жақсы білетіндердің еншісіне қалдырсақ та болады.

Тек бір эпизод ойыма түсіп отыр. Ел тәуелсіздігінің ақ таңы атып, өз қолымыз өз аузымызға жетті деген жылдары біздің Ұлттық ғылым академиясының жұмысы мен ғылыми атақты қорғауда сапа емес, сан қуу науқаны қым-қуыт сапырылысып кетті. Ғылыми диссертация қорғау бәйге емес, көкпарға айналды. Шынайы ғылым мен қоғамға көк тиын пайдасы жоқ ғылыми диссертацияны айырып, нағыз ғалымды танып, білу келмеске кеткендей күйге түсті. Заман сөзін сөйлейтін Халық жазушысы Шерхан Мұртаза осы құбылысты өткір сынап, «Қазір тас лақтырсаң, академикке тиеді» деген өткір пікірі шындықты шыжғырды. Жалған ғылым жарға жығады, ұятқа қалдырады. Адамзат дамуын мұрат тұтатын ғалымдарға обал жасайды.

Арсыздық пен атақ құмарлық қоғамға дерт болып жабысты. Ар-ождан мен азаматтық жауапкершілік таразы басында тұруы керек. Сол бір аумалы-төкпелі уақыт пен сын шақта Сәкеңнің көп жылғы ғылыми- зерттеулерін толыққанды жинақтап, нәтижелі бағалауы мен нақты қорытындысын ғылыми ортаға алып шығуға мүмкіндік те, сәті де, уақыты да келді. Талантты, еңбексүйгіш жас ғалым, техника ғылымының кандидаты осылайша докторлық ғылыми диссертациясын қорғау үшін Алматыда М.Тынышбаев атындағы теміржол және телекоммуникация университетінің Ғылыми кеңесіне барды. Қазақстан мен Ресейдің мүйізі қарағайдай ғалымдарының алдында қалай сәтті қорғағанын көз көрді. Қазақ ғалымының іргелі зерттеулеріне риза болған жетекші ғалымдар мен кірпияз опоненттері өз сөздерінде «Ұзақ жыл бойы техникалық ғылыми-зерттеулер нәтижесінде диссертация авторы шынайы ғалымдардың абыройын қорғап шықты» деген сөздерін айтты. Ал бізге ғалымның әрбір сөз саптауы мен орнықты ойлары ғылыми жаңалықтың жолын ашып, қоғам мен өндіріске пайдалы жақтарын ашық, мінсіз пайымдап бергені ұнады және керемет әсер қалдырғаны әлі де жадымда жаңғырып тұр.

Сол ке зеңде «Егемен Қазақст ан» газетіне «Диссертация: Сан мен сапа», «Ғылыми кеңестерде көзжұмбайлық жоқ па?» және осы тақырыпта мәселелер қозғап, көлемді сараптама мақалалар жазып жүрген журналист, яғни біз үшін ой тарқату мен салыстырып қарау тіптен маңызды болды. Жоғары мектепте әдетте әбден пісіп, жетілген профессор кісілердің көп болуы шарт шығар. Бұл ретте бұрынғы аға ғалымдардың осы атақ-дәрежеге қол жеткізуі қандай азапты жылдарға жалғаса беретіні және көп жағдайда күрделі болғаны белгілі. Ал осыдан жиырма жыл бұрын деп белесті мезгілді алсақ, жасыратын несі бар, ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар өзіне біреу жазып беретін диссертацияның арқасында осы мәртебелі атаққа көлеңке түсіргені бір бөлек, қажетті ғылыми ортада аты аталмайтындары қаншама, ондайлар қазір де қаптап жүрген секілді. Осындай көңілсіз ауанда адал ғалымдарды аяйсың. Обал-сауабы қайда? Біздің кейіпкеріміз үшін ұшқан ұя, өмір мектебі М.Х.Дулати университетінде аты мәшhүр, әрбір лекциясы ерекше тартымды оқытушы ғалымдар аз болмаған. Бүгіндері де бар болар, әрине. Солардың арасында ғибраты мол профессор Сағат Мырзашұлының орны бөлек деп санаймын. Себебі, оның айнымас принципі мен позициясы ұжымына бұрыннан белгілі. Оны аралас-құралас әріптестері мен студенттер, жас ғалымдар оқып, тоқыған білімді бағалай алудағы әділдік пен бетіңе тура қарайтын ұстаздық ұстанымы деп санайды.

Қоғамдық ой-сананы қалыптастыруда оқытушы ғалым мен саналы шәкірттердің арасындағы қарым- қатынастың барлығы таза және қатаң жауапкершілікпен орнығып, жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана нәтижелі және құнды болмақ. Ұстаз нендей нәрсені ұмытпауы керек? Ал студенттер ше? Мәселен, жоғары оқу орындарында семестр кезінде «Таза сессия» деген акцияны не себепті өткізетіні белгілі, ол сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің қоғамшыл амалы. Екінші жағынан алып қарасақ, заң мен ант бар емес пе, оны неге олар орындамайды? Серт пен сенім қайда? Бүкіл саналы ғұмырын жастар тәрбиесі мен біліміне сарп етіп, адал еңбек етіп жүрген зиялы жандарды қорлау емес пе, ә?!

Бұл өзекті тақырып әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Сағат ағамыз дәл осы мәселеге келгенде, ертеңгі күндегі студенттер мен жас оқытушылардың тағдырына алаңдап, күйіп, піседі. Шыр-пыр болады. Кітап оқымайтын ұрпақтың келешегі не болмақ? Жеке абыройы мен беделіне арқа сүйеген ол ақылды оқытушы ғалымдарды өзі де үлгі тұтып өскенін, тәрбие алғанын, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Амангелді Айталы тәрізді елі үшін туған қайсар тұлғалардың тәуелсіздік жылдары қоғамды өркениет жолымен дамыту мақсатымен атқарған қызметтерін, өмір шындығы мен ақиқатын шәкірттеріне айтудан жалықпайды. Қоғамда жұрт болып қауымдасатын тірлік аз ба? Әрине, көп. Идеологиялық жұмыстың жетіспеушілігіне байланысты ой-толғаныстары жанашырлықтың белгісі.

– Барлық салада қоғамдық кешігу дағдысына бой үйрене бастады, – дейді қоғамдық пікірдің ұшын шығарып.

– Ұшақ кешігіп ұшады. Пойыз белгіленген уақытта жетпейді. Үндемейміз. Адамдардың тойға бірнеше сағат кешігіп баруын еш сөкет көрмейтін болдық. Қазақта «Ерте туып, кеш қалған» деген сөз тіркесі бар. Жақсы емес… Бұл әлеуметтік ой-көзқарастарынан мәдениет, мемлекеттік тәртіп, білім парасатын ардақтау және жаңа, әділетті қоғам үшін күрескерлік қасиеттердің қажеттігін аңғартады.

Ел ағасының абыройы әуелі қоғамға қажет, шын мәнінде ірілердің інісі болған жампоз адамның өзіне тән абыройы қымбат. Жұрт айта жүретін асыл қасиеттері мен азаматтық сан қырлы жаратылысы, кісілік ізгіліктері алға жетелеп, биік-биік белестерге көтеріп келеді. Осы орайда өзі Қазақстандағы ең үздік оқытушы ғалымға берілетін байқаудың бірнеше мәрте жеңімпазы деген марапаты емес, ұстаз үшін білімпаз шәкірттерінің жетістігі ең әділ баға деп санайды. Марапат емес, ол кісінің туған еліне деген махаббаты мейлінше мерейлі.

Сәті келгенде жайдарлы Сәкеңмен сырласу жаныңды байытады. Қарапайым қалпында әрдайым. Сол себепті сыралғы достары көп. Жолдастары мен адал шәкірттері бір қауым ел. Бұл адам бақытын аялаудың тура көрінісі. Би де болды, би түсетін үйдің иесі де болды. Баяғы ата-бабалары салған дәстүрлі жол бұл ұрпағына да жұғысты болды. Сөзге шешен, толғақты ойға көрік қосатын талант ұшқындары қазыналы ойға қанықтырады. Публицистикалық мақалалары мен эссе жазбалары өте қызықты оқылады. Жүректі қозғайды. Жазсаң, нағыз ғалым-атематик Сәкең сияқты логикалық ойлауы терең, шынайылықпен мөлдіретіп жазу керек дегендей пікірде боласың. Тартымды. Жады мықты. Негізінен олардың басым көпшілігі өзімен үзеңгілес болған көрнекті кісілерге арналып жазылатыны да зиялы адамның парызын ұқтырады.

Жүрегі ыстық, жүзі жылы, ер мінезді, жанашыр, бауырмал ағамыз зырылдаған уақыт-ай, жетпістің желкенін керген жасқа да келіп қалыпты. Жан жары, өмірлік серігі және тірегі, педагогика ғылымдарының кандидаты, ұзақ жылдар бойы атақты Жамбыл педагогикалық колледжін абыройлы басқарған қайраткер ұстаз Сәуле Адамбекқызы Мұсаева екеуі өздерінің әрдайым мақтан етер, тарихы бай текті әулеттің, берекелі тұқымның жалғасы екенін жақсы істерімен дәлелдеп келе жатқаны тіл ұшына оралады. Олардың сан мың шәкірттер тәрбиелеп, жалпы қоғам мәдениеті үшін атқарған қызметі мен туған еліне сіңірген еңбегі ерекше бағалы деп білеміз. Ежелгі Әулиеата жұртына әйгілі, қадірменді, сыйлы отбасы бақытына бөленіп, саналы ұрпақтарымен немере сүйіп отырған құтты шаңырақтың қуанышы да көп. Шүкір!

Жамбыл-Әулиеата өңірінде талғампаз қоғам қайраткері, айтулы математик-ғалым Сағат Мырзашевтің осы уақытқа дейінгі мақсатты жолы мен сыйлы адамгершілік сипаттары және саяси ой-өресі салиқалы тұлғаның лайықты тұғырын танытқан. Мұны айтқанда, оның өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы беделді орны мен азаматтық беткеұстар істері Алаш ардақтыларының өле-өлгенінше «Ұлтқа қызмет ету» сертімен үндескенін, ұлттық мүдде ұстанымымен рухтанып, қайралғанын байқамау және сезінбеу еш мүмкін емес.

Сергек ойдың серкесі, ағартушы ғалым, ел ағасы мен жағасы Сағат Мырзашевтің жақсы өмір сүру мен ұлтқа қызмет ету серті бәрімізді қатты сүйсіндіреді.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support