- Advertisement -

Өңірде қылмыс саны 30 пайызға азайды

119

- Advertisement -

Жалпы, облысымызда қылмыстық ахуал тұрақты. Тәртіп сақшыларының бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмыс деңгейінің төмендеуіне қол жеткіздік. Жыл басынан бері қабылданған шаралардың қорытындысымен өңірімізде қылмыстар саны 30 пайызға азайды. Осылайша, ауыр және аса ауыр қылмыстар кеміп, олардың ашылу көрсеткіші артты. Кісі өлтіру, қарақшылық, алаяқтық, интернет алаяқтық, мал ұрлығы, пәтер, қалта ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді тағы басқа қылмыс түрлерінің төмендеуі байқалады. Оң нәтижелердің қатарында қоғамдық орындарда жасалған және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың азайғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, облыс аумағында ұзақ уақыт бойы әрекет етіп келген бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесілді.

Өткен жылы біз барлық күш-қуатымызды Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіруге, жеке құрамның жұмыс жағдайын жасауға, ұрланған қаруларды іздеуге және құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыттадық.

Бүгінде полиция департаментінің ғимараты толық күрделі жөндеуден өтіп, қызметкерлерге арналған кеңсе жиһаздарымен және керекті техникамен қамтамасыз етілді. Түрлі қиындықтарға қарамастан, қылмыстардың ашылу көрсеткіші жылдан жылға жақсаруда. Алдағы уақытта да басты міндет – заңдылық пен тәртіпті сақтау болып қала береді. Нақты жоспар бар, мақсат айқын. Жүйелі жұмысты жалғастыра беретін боламыз.

Облыстық полиция департаментінде цифрландыру саласын кезең-кезеңімен дамыту мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Полиция генерал-полковнигі Марат Мұратұлының айтуынша, барлық процестерді бюрократизациялау және цифрландыру біздің жүйемізді жетілдіруге, қылмыстың жасалу және өсу себептерін анықтауға, ескерту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлері 1541 бірлік радиостанциямен жабдықталған, бұл жарақтандырудың 93,5 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 142 дана автомобильдік бейнетіркегішпен қамтамасыз етілді.

Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсарып, барлық керекті құралдармен қамтылған. Оның ішінде қызметтік автокөлікпен 100 пайыз қамтамасыз етіліп, оргтехникамен толық жабдықталды. Ішкі істер органдарын дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы іс-шараларын іске асыру барысында өткен жылы жергілікті полиция қызметі 231 компьютерлік техникамен жарақтандырылды.

Бүгінгі күнге департаментімізде Әкімшілік құқықбұзушылықтың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) жүйесіне арналған 932 дана мобильді планшеттер мен термопринтерлер бар. Ағымдағы жылы тағы 104 осындай құрылғылар алуды жоспарлап отырмыз. Сонда барлық қызметкеріміз толық көлемде қамтамасыз етілетін болады.

Қазіргі таңда облыс орталығы аумағында Жедел басқару орталығының серверіне 210 бейнебақылау камерасы қосылса, қоғамдық қауіпсіздікті талдау функциясы бар қосымша 100 камера орнатылған. Бейнебақылау операторларына 10 автоматтандырылған жаңа жұмыс орны бекітілді. «Қазақтелеком» АҚ «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында Тараз қаласы бойынша 180 көппәтерлі тұрғын үйдің 1140 кіреберісіне 2280 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар, облыстың барлық 443 мектебі бейнекамералармен, 128 дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген.

«Қауіпсіз қала, жол қозғалысын талдау мен қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесі» жобасы бойынша қала аумағында 1250 бейнебақылау камерасы қойылды. Ағымдағы жылы талдау функциясы бар тағы 300 бейнебақылау камерасын алу жоспарда бар. Себебі, көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтардың шамамен 70 пайызы сыртқы бақылау камераларының көмегімен «ізі суымай» ашылады. Мұның бәрі жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерінің қойылған міндеттерді тиімді атқаруына ықпал етеді. Сол себепті осындай оңтайлы жағдайларды жасап отыруды естен шығармауымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Қазіргі таңда есірткімен күрес құқық қорғау органдары жұмысының аса маңызды салаларының біріне айналып отыр. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін есірткі заттарының таралуына барынша тосқауыл қою мәселесі Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қатаң бақылауында.

Осы тұрғыда облыстық полиция департаментімен тұрақты негізде түрлі жедел-профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. Ішкі істер министрлігінің басшылығы қойған міндеттерді орындау мақсатында есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу стратегиясы жетілдірілуде. Бұл ретте 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 120 килограмнан астам есірткі заттары тәркіленді.

Жалпы, есірткі қылмысының 42 дерегі анықталды. Шу алқабы жабайы қарасораның ең көп өсетін үлкен аумағы болуына байланысты негізгі есірткі қауіптерінің бірі болып табылады. Сондықтан есірткі жеткізу арналарын анықтап, жою, оларды біздің өңірімізден дайындап әкетуге қарсы іс-қимылды күшейту әрдайым назардан тыс қалмаған.

Жуырда ғана Тәжікстан Республикасынан есірткі транзитімен келетін «героинді» облыс аумағына жеткізу арнасы тоқтатылды. Арнайы операция барысында облыс аумағында есірткінің аса ауыр түрін өткізумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Топтың барлық мүшелері құрықталып, оның ішінде 25 аса ауыр есірткі қылмысын жасаған 5 адам ұсталды.

Соңғы кездері жастар арасында белең алған синтетикалық есірткі құралын өткізумен айналысқан Тараз қаласының үш тұрғыны ұсталды. Олардан жалпы салмағы 32 грамм болатын сату үшін дайындап қойған 85 дана синтетикалық есірткі орамы табылып, тәркіленді. Қылмыстардың жолын кесумен қатар, оның алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмауда. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесімен бірлесіп 100-ден астам «граффити» жазбалары өшірілді.

Сондай-ақ, интернет желілерін шолу нәтижесінде есірткіні насихаттаумен айналысатын 28 аккаунт анықталып, бұғатталды. Небәрі екі айдың ішінде білім беру ұйымдарының студенттері арасында спорттық іс-шаралар, семинар, дөңгелек үстел, кездесулер және тағы да басқа 70-ке жуық профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Мұның бәрі жастарымыздың санасына есірткі қолданудан бас тарту дағдысын қалыптастыру мақсатында жүзеге асуда. Ортақ күш біріктірудің нәтижесінде ғана бұл індеттің түп-тамырына тереңінен бойлап қарсы тұра аламыз. Себебі, нашақорлық және есірткі бизнесі – ол бүкіл әлемде кең тараған өткір әлеуметтік мәселе. Онымен бүкіл қоғам болып күресу керек.

Иә, өткен жылы жолдағы апаттылық мәселесі өңір үшін өзекті әрі күрделі мәселе болды. 2022 жылдың қорытындысымен жол-көлік оқиғалары 15 пайызға өскен болатын. Алайда, тереңдетілген талдау жүргізіліп, проблеманы шешудің әртүрлі әдістері қаралды. Жедел шаралар қабылданып, профилактикалық жұмыстарды күшейттік. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жол-көлік оқиғаларының 13,2 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік.

Осылайша, қаза болғандар саны 38,1 пайызға, жарақат алғандар саны 19,8 пайызға төмендеді. Бұл бағытта патрульдік экипаждардың орналасуы толығымен қайта қаралып, олардың тығыздығы артты. Ұзындығы 450 километрді құрайтын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында 88 полиция қызметкері 38 қызметтік автокөлікпен көлік колонналарын сүйемелдеуді жүзеге асыра бастады. Бұл шаралар ауыр зардаптар туындататын жол апаттарының санын айтарлықтай азайтуға септігін тигізді.

Сондай-ақ, жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыратын ақпараттық технологияларды енгізу жолдарын қарастырдық. Тараз қаласы мен облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 60 «Автоураган» кешені, қала бойынша 3 «ИНТЕГРА» зияткерлік қиылысы және 48 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды.

Республикалық маңызы бар автожолдарда 10 «Арқан» мобильдік кешені жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, республикалық және облыстық трассаларда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрі қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысын қадағалау мен бақылаудың байланыссыз әдістерін енгізу бойынша АҚШ тәжірибесінің мысалында 10 «АвтоСканАр» мобильді кешені алынып, қызметтік автокөліктерге орнатылды.

Алдағы уақытта тағы қосымша 10 мобильді кешен алу жоспарлануда. Себебі мұндай жүйелерді орнату жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға әрі өңірдегі апаттылық көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Арманбек БАЙМУРЗИН,

облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support