- Advertisement -

Ғылым саласының қызметкерлері марапатталды

61

- Advertisement -

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов 12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күніне орай сала мамандарын марапаттады. Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде Президенттің ғылым саласындағы қолдауының нәтижесінде оң өзгерістер орын алып жатқанын атап өтті. Айтуынша, бүгінде заңнама жетілдіріліп, ғылым саласын қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде, ғылыми- зерттеу институттарының базасы жаңартылып, ғалымдар жетекші орталықтарда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, облыстық бюджеттің 60 пайызы оқу- ағарту саласына бағытталған. Ғылымды дамыту және ғалымдарға қолдау көрсету өз жалғасын табатын болады. Ғалымдардың мәртебесі өссе, ғылым да дамиды. Әрине, ғылымы дамыған елдің экономикасы да қарыштайтыны анық.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 485 білім ошағы бар. Онда 25 мыңнан астам педагог қызмет етіп келеді. Қуанарлығы, білікті ұстаздардың шәкірттері білім бәйгесінде жүлделі орындар иеленіп жүр. Дәлірек айтқанда, облысымыздың құрамасы ғылыми жобаларды қорғау бойынша 13 жыл қатарынан үздік деп танылды. Ал, жуырда ғана өткен ғылыми сайысқа 50 оқушымыз қатысып, оның 35-і жүлделі оралды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.

Жалпы, күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары да аз емес. Біз ғылымның дамуына өз үлесін қосып жүрген жамбылдық ғалымдарымызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысының Жарлығымен жерлесіміз Күнсұлу Закария Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды. Жамбылдық ғалым бұған дейін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында бас директор ретінде абыройлы еңбек етті. Оның бастамасымен коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасын ерекше атап өтуге болады.

Қазіргі таңда ғылым саласының жетістіктері көп. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Сондықтан, біз өз тарапымыздан еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Себебі, отандық ғылымның дамуына мүдделіміз.

Сіздердің атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңіз, тың бастамаларыңыз бен жобаларыңыз, батыл идеяларыңыз бен бірегей зерттеулеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас қуат, ізденіс жолында шабыт және толағай табыстар тілеймін, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін марапаттау рәсімі өтіп, түрлі конкурстардың нәтижесінде үздік атанған ғалымдарға құрмет көрсетілді. Бұл күні жиналғандарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен «Құрмет грамоталары» табыс етілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support