- Advertisement -

Ел сыйлайтын Ер

103

- Advertisement -

Журналист – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ал енді осы қасиетті парызды адал орындау үшін журналистің бойында үлкен жүрек, кең пейіл, терең білім, ұйымдастырушылық қабілет, кәсіби шеберлік пен жеделдік қасиет болуы аса қажет. Осы ізгі қасиеттерге ие боп жүрген жаны жайсаң журналистер Әулиеата өңірінде баршылық. Солардың бірі де бірегейі – Ерман Әбдиев. Сол ізімізді басқан Ерман да елуге келіпті.

Мені бұл азаматпен таныстырып, табыстырған – «Айқын» газеті. Ерман Әбдиев 2009 жылы «Айқын» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі боп жұмысқа қабылданды. Сол кезден бастап, бір отбасының баласындай етене араласып кеттік. Өйткені, газетіміз күнде шығады. Оған аймақтардан күнде мақала беріп тұруымыз қажет. Ол кезде мен бас редактордың орынбасары едім. Кейде өзіміз, кейде меншікті тілшілер қо сынының жетекшісі Ұлбо сын Айтөлен арқылы тапсырмалар беріп тұрамыз. Сол кезде Ерман Әбдиев қамшы салдырмай, тапсырмаларды дер кезінде орындап, елгезектік танытты. Туған жері мен өскен ортасы туралы жазған мақалалары да жұп-жұмыр болып, дап-дайын күйінде келетін. Тақырыптарының өзі айқайлап, оқырмандарды оқуға шақырып тұратын. Сауатты жазатын. Кей тілшілердің мақаласын түзеп-күзеп, тіпті, кейде қайта жазып әлек болсаң, Ерманның мақаласын оқып, аймақ тіршілігі туралы мәлімет аласың, һәм демаласың. Сондықтан да Жамбыл облысының меншікті тілшісіне тапсырманы көбірек беруге тырысатынбыз. Журналистің шеберлігі деген – осы.

Ерман еңбек жолын тоқсаныншы жылдардың ортасында мектепте ұстаздықтан  бастаған. А л , журналистикаға баулыған және осы салаға алып келген марқұм ағасы Болат Бекжановты құрметпен еске алып жүреді.

Ұмытпасам, 2011 жылы елге бардым. Қайтар жолда, яғни Шымқалада атақты сатирик ағам Мұхтар Шерім мен белгілі журналист Мұхтар Атабек екеуі құда күткендей қарсы алып, емен- жарқын әңгімелестік. Қасымда жолдас жігітім мен оның зайыбы бар. Кешке қарай көне Таразға келдік. Алдымыздан құшағын ашып, Ерман шықты. Бір жағы – жолдан шаршағандықтан, екінші жағы – түнде жол жүру қиын болғандықтан, Ерманның үйіне түнеуге тура келді. Келініміз қолды-аяққа тұрмай, барын салып күтіп жатыр. «Әйеліне көмек беру – ізгі амалдардан» деген қағиданы ұстанып, Ерман бауырым да дастарқан жайысуға жәрдем беріп, шапқылап жүр. Сұрастыра келсем, Рахат келін бастауыш сынып мұғалімі боп жұмыс істейді екен. Жоғары санатты ұстаз.

Ертесіне ас-суымызды беріп, шығарып салды. Біз келіннің жайған ақ дастарқаны мен кең пейіліне ризалығымызды білдіріп аттандық. «Жақсы жұбай – жарым бақыт» деген осы. Қоштасар сәтте ұлы Арсенге ақжарма тілек жазып, кітабымды сыйладым. Содан бастап, «Бір күн дәм татқан үйге қырық күн сәлем» деген тәмсілге сүйеніп, Ерманмен сөйлескен сайын, Рахат келінім мен Арсен балама сәлем жолдап тұратын болдым. Сол Арсен бүгінде үлкен азамат болған. Ұлттық тілді, салт-дәстүрді жақсы біледі. Қазақтың күйлерін нақышына келтіре орындайды. Тіпті, Википедияға тіл, ұлттық құндылықтар, Тараз туралы мақалалар жазып тұрады екен. Бұл – оның ұлтжандылығы, отансүйгіштігі, әкесінен оза туғандығы шығар деп топшыладық. Әманда Ерман бауырымның отбасы аман болсын!

Ерман Қанжанұлы – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман. Ол – журналист қана емес, тұлғатанушы, өлкетанушы, асабалығы тағы бар. Бұл сөзіме қазір баяндағалы отырған оқиғалар дәлел бола алады.

2013 жылы Ерман хабарласып, өзінің 40 жасына «Айқын» газетіне шыққан мақалаларымды жинақтап, кітап шығарсам қалай болады?» деді. Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келіп, дәл сол кезде мен де «Аннұр сапа» атты жеке баспамды ашып жатқан едім. Екеуміз келісіп, тез арада «Танымал әннің тарихы» атты кітап шығардық. Сөйтіп, Ерманның тұңғыш кітабы – менің баспамның тұңғыш тапсырысы боп тарихта қалды.

Ал, 2014 жылы қазақтың атақты сатирик-жазушысы Шона Смаханұлының 90 жылдық мерейтойына орай Ерман «Шоқ тілді Шона» атты керемет кітап құрастырды. Ол кітап қолдан-қолға тимей, тез арада тарап кетті. Ол жинақ та біздің баспадан жарық көрді. Сол кітапты құрастыру барысында ағалық ақылын айтып, көмегін көрсеткен марқұм Көпен Әмірбек ағаның «Ерман саған бес, бес емес «плюс» бес» дегені есіме түсіп отырғаны. Сатира сардарының тойы дүркіреп өтісімен, Ерман інім Алматыға арнайы келіп, Шона Смаханұлы атындағы медальмен марапаттап кетті. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген екен. Сол сияқты азды-көпті еңбегімізді елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен Ерман бауырыма Алла разы болсын айтамын. Бұл да – үлкен азаматтықтың белгісі. Кісілік пен кішіліктің үлгісі.

Бұл жерде мен өзімнің баспамнан шыққан кітаптарды ғана айтып отырмын. Әйтпесе, Ерманның бұдан басқа, «Нарша деген…», «Серік деген…», «Әзімбек деген…» атты кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, оның құрастыруымен композитор Мэлс Өзбековтің «Мэлстің музасы», Нарша Қашағанұлының «Бітпейтін кітап», Қаратай Адамбаевтың «Жылдар, ойлар», «Оспанәлі Иманалиев», тағы басқа 24 кітап тасқа басылды. Біле білген адамға бұл – қыруар жұмыс. Сауапты да ізгі іс.

«Егер ісім өнсін десең, ретін тап» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, Ерман – бір мезгілде «Айқын», «Жамбыл-Тараз» , «Қазақстан теміржолшысы» газеттері мен Жамбыл облыстық Орман шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы боп төрт жерде абыройлы қызмет атқарған кезі бар. Дәл бұлай қызмет ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтіні хақ. Арасында Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінде де қызмет еткен жылдары бар. Журналистиканың үлкен мектебінен өткен азамат. Оның үстіне, республикалық салалық «Қазақстан теміржолшысы» газетіне көп журналист бара бермейді. Үлкен сала, өндірістік сала. Экономикамыздың локомотиві. Бүгінде сол газетте еңбек етіп жүр.

«Еңбегіне қарай – құрмет» демекші, оның осы ерен еңбектері дер кезінде ескеріліп, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Д.Қонаевтың туғанына – 105 жыл» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Журналистер одағының мүше сі, Ақпарат саласының үздігі. Оның үстіне әр жылдары алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бір төбе. Сөйтіп, Ерекең елуге осылай келді. Әлі де ізденіс үстінде, оқырмандары іздейді.

«Елу – ер жасы», «Елуінде – ер дана» дейді қазақ. Дөп айтылған сөз. Адам елуінде ел ағасы болады екен. Бұл – осы жылдар ішінде алған білім мен жинаған тәжірибесін елге беретін кез екен. Ерман бауырым сол кезеңге қадам басты. Сол қадамы құтты да қайырлы болсын! Ел сыйлайтын Ер боларына сенеміз! Бар бол, нар бол, Ерман бауырым!

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

«Алтын қалам» және Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтардың иегері.

Алматы қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support