- Advertisement -

Боз кілемнің батыры

113

- Advertisement -

Тараз қаласының іргесінде Бесағаш деген ауыл бар. Жамбыл ауданының құрамына кіреді. Сол ауылдың балалары шетінен балуан. Олардың балуан болмауға да хақысы жоқ сияқты. Тізбелеп көрейікші, еркін күрестен екі дүркін КСРО чемпионы Кеңесбек Галиакбаров, қазақ күресінен әлем чемпионы Дәулет Пахрединов, қазақ күресінен Азия чемпионы Руслан Мұхамедқалиев, қазақ күресінен ел чемпионатының жеңімпаздары, Азия чемпионатының жүлдегерлері ағайынды Әмір, Дамир Хабиболлаевтар. Оған бокстан Еуропа чемпионы Болат Жараровты қосыңыз. Аталған барлық азаматтардың бәрі де Бесағаш ауылында туған. Ал, біз бүгін балуан, КСРО спорт шебері атанған Кеңесбек Галиакбаровқа кеңінен тоқталмақпыз.

 Чемпион

Кеңесбек 1962 жылы Бе сағаш ауылында туып, бастауыш сыныптарда сол ауылдағы мектепте оқыған екен. Жоғары сыныпта Тараздағы № 5 мектеп-гимназияда білім алған. 12 жасында Аса интернатына күрес секциясына өзі барып жазылады. Бірден Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбеков деген білікті бапкердің қолына түседі. Жолының болайын деп тұрғаны да. Айтпақшы, күрес үйірмесіне алынғаны да бір қызық! Бұл келгенде мектеп интернаттың ауласында 10-15 бала жаттығу жасап жатады. Бапкерлері – Шоқан Нәдірбеков. «Ағай, мына балаларыңыздың бәрін жеңсем, күрес секциясына мені қабылдайсыз ба?», дейді Кеңесбек.

Сол кезде атақты бапкер бұған жалт қарап, назар аударыпты. Сол жерде 6-7 баланы қатар жеңіп кеткен екен. Енді күрес тәсілін білмегенімен, ауылда өскен қара күштің ие сі еме с пе? Табиғатты тікелей тамашалап жүрген шопанның баласы еді. Сөйтіп интернатқа қабылданады. Екі ай дайындалып, еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыс чемпионы болып оралды. Бұл үлкен жетістік болатын. Ал, артынша Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық біріншілікте күмістен алқа тағынды. Оның өзінде ақтық сында жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегеріне жол берген екен. Осы жолы финалға дейін 8 балуанды ұтқан. Сонда жүзден астам баланың ішінен екінші орын алып тұр ғой. Мұндай жылдам нәтиже бапкері Шоқан Нәдірбековке де ұнап, ерекше қуанады. Содан жеңісті жолы жалғаса берді.

Арада алты ай өткенде еркін күрестен Ақтөбе қаласында екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Владимир Патцаевты еске алуға арналған бүкілодақтық турнирде алтыннан алқа тағынды. Міне, осы жеңісіне қол жеткізгенде Кеңесбектің жасы 13-те ғана болатын. Онан кейін де біраз ел ішіндегі жарыстардан олжалы оралып жүрді. 1978 жылы еркін күрестен жастар арасында өткен КСРО чемпионатында да алтын алды. Қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Финалда армян ұлтының өкілі Степан Саркизанды бет қаратпай ұтты. Осы ерлігін 1979 жылы КСРО чемпионатының финалында қайталап, тағы сол Степан Саркизанды айқын ұтып, өз салмағында 15 одақтас республикадағы ең жеңімпаз, теңдесі жоқ спортшы атанды. КСРО құрама командасының сапында күресті.

Украинаның Северо-донецк қаласында өткен сол КСРО чемпионатында Кеңе с бек Галиакбаров КСРО чемпионы Сергей Кошкинды, әлем чемпионы Аслан Дзгоевты де айқын ұтқаны қазақстандық жанкүйерлердің есінде. Тіпті, Сергейді 7:0 есебімен ұпай ұстатпай ұтады. Әйтпе се, ол кезде Одақ көлеміндегі төрешілердің бүйрегі қазақтың қара баласына бұра бермейтін. Сол Степан кейіннен ересектер арасында екі дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы атанады. Міне, сәйкессіздік!

Бұйырмаған бақ

Ол кезде Одақтың басқару жүйесін уысында ұстап тұрғандар қазақ қандастарымыздың жарқырап көрінгенін аса қолдай қоймаған ғой. КСРО чемпионаттарының өзінде біздің елдің жігіттерін жиі қақпайлап, көп бағалай бермеген. Ал, Кеңесбек Галиакбаров екі мәрте КСРО чемпионатында әр кездесуде қарсыластарын бет қаратпай, айқын басымдылықпен ұтқан.

Бірақ, балуанның әлем чемпионатына баруына қарсы болғандар, сол үшін аяғынан шалғандар өте көп болған екен. Дегенмен, КСРО чемпионатын ұтқан соң, 1978 жылы Куба жерінде өткізілуі тиіс әлем чемпионатына Кеңесбек Галиакбаров баратын болады. Сөйтіп, Мәскеудегі КСРО құрамасына қосылу үшін Алматыдан ұшаққа билет алады ғой. 16 жастағы кезі. Әуежайда бір қариямен әңгімелесіп тұрғанда, мұның ұшағы ұшып кетеді. Сөйтіп, Кубадағы әлем чемпионаты Кеңе с бекке бұйырмайды. Әйтпе с е, ол ке зде КСР О чемпионатында 6-орын алған балуанның өзі әлем чемпионы болып оралып жүреді екен. КСРО күрес мектебінің деңгейі өте жоғары болғанын осыдан көруге болады.

Келесі жылы, 1979 жылы тағы КСРО чемпионатында алтыннан алқа тағынады. Кеңесбек Галиакбаров осы жолы әлем чемпионатынан да алтын жүлде алатын болдым деп сол сәтте қуанады. Алайда, әлем чемпионатына қатысу Кеңесбектің маңдайына жазылмаған дүние екен. Бұл жолы Болгарияға әлем чемпионатына бара жатып, Алматыдағы жатақханалардың бірінде жатқанында, балуанның сөмкесіне белгісіз біреулер жасырып ақша салып жібереді. Ізінше полиция өкілдері бөлмеге тінту жасап, мұның сөмкесінен ақша тауып алып, балуанды тергеуге алып кетеді. Осылайша, бабы келіп тұрған жерінен белгісіз біреулердің қастығынан әлем чемпионатынан екінші мәрте қалып қояды.

 Мықты – қашанда мықты!

Содан ересектер арасындағы бәсекеге ауысып, Кеңесбек Галиакбаров 1981 жылы еркін күрестен Қазақстанның чемпионы атанады. Финалда анау-мынау емес КСРО чемпионы Валерий Самонкичті айқын басымдықпен ұтады. Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 90 жылдығына арналған тойда ере сектер арасында қазақ күресінен өткен турнирде тағы да чемпион атанады. Бұл турнирде Алмас Мұсабеков, Досан Тамбиев секілді біздің облыстың атақты балуандары да өнер көрсеткен екен. Дегенмен, Кеңесбекке тең келер балуан табылмапты.

Кеңесбек Галиакбаров арада түрлі жағдайлармен күрестен қол үзіп, 1989 жылы қайтадан боз кілемге шығады. Осы жылы еркін күрестен ересектер арасында Алматыда өткен ел чемпионатында чемпион атанады. Қазіргі кезде де Кеңесбек Галиакбаров ардагерлер арасында еркін және қазақша күрес түрлерінен республикалық, әлемдік жарыста топ жарып жүрген жағдайы бар.

Кеңесбектің ұлы Ермек Галиакбаров та біраз жыл күреспен айналысты. Еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы Сайтиевты еске алуға арналған халықаралық турнирдің қола жүлдегері, Ресейдің Новосибирск қаласында еркін күрестен өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері, еркін күрестен спорт шебері екен. Дегенмен, әке балаға сыншы ғой. Бұл ретте Кеңесбек балуанның өзі: «Бұрын біз үшінші орын алып қалсақ жылаушы едік, тек алтыннан алқа тағынуға күш салатынбыз. Қазіргілер қола медаль алса да қуанады», деп бір әзілдеп қойды. Әзілінің өзінен алтын жүлдеден басқаға көңілі толмайтынын аңғардық.

Кеңесбек Галиакбаров өзінің замандасы еркін күрестен 16 жасында КСРО чемпионы атанған Жалел Семізбаев, КСРО спорт шебері Ақан Бекназаров, бокстан Еуропа чемпионы Болат Жараров жайлы толғана, тебірене сыр шертті. Кеңесбек аға содан кейін өзінің шәкірттері туралы да жақсы пікірлер айтты. Әуелі Дәулет Пахридиновты, Фахтан Гарифоллаевты дайындаған екен. Олар қазір әлемдік деңгейде олжа салып жүр. Қазір Кеңесбек Галиакбаров Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін және қазақ күресі түрлерінен жаттықтырушы болып істейді. Ол өзінің Ғалымжан Әбдіразақов, Нұрбол Құттыбай, Іңкәр Хабиболла, Айбатыр Тұрар секілді шәкірттерінің болашағынан үміт күтетінін, оларға ірі жарыстарға баруы үшін қолдау қажет екенін де айтты.

Иә, Кеңесбек Галиакбаров аңыз адам… Күреске жаралған, күре сті жанындай жақсы көретін кісі. Енді ол дайындаған шәкірттердің биік белестерді бағындырарына сенеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support