- Advertisement -

Еңбегі еленген ер Дәукең

192

- Advertisement -

Дәулет туралы бұл жазбамды әріден, өткен ғасырдың 62-ші жылынан бастағалы отырмын. Аты егіншілік мәдениетін өркендеткені үшін Қазақ КСР-ның Құрмет кітабына Алтын әріптермен жазылған ұжымшарымызда Ұлы Октябрь мерекесі дүркіреп өтіп жатты. Ауыл өнерпаздары ән салды, би биледі, волейболдан жарыс өтті, үлкен жігіттер күресіп күш сынасты. Ауылда сұрапыл соғыс кезінде күштеп көшіріліп келген шешендер де көп тұратын. Өздері соншалықты өр, кеуделі, басымызға ауыр күн туғанда бізге пана болған осы халық-ау демейді. Жігіттері шетінен ожар қылықтарымен көзге түскен.

Сәл бірдеңе бола қалса, әп-сәтте бастары бірігіп, пышақтарын жалаңдатып шыға келеді. Солардың бірі – баласы ма, әлде жақын туысының ұлы ма, білмеймін, әйтеуір, «қайсың балаңды мынамен күрестіресіңдер?» деп, суырылып алға шықты. Ондайды күтпеген жұрт бір мезет тым-тырыс болып, демдерін ішке тартқандай күйде тосылып қалды. Ортадағы шешен соны байқап, сендерді ықтырып алдым ба дегендей, одан бетер арқаланып, қоқиқаздай қоразданды-ай келіп. Балуан баланың қолын қайта-қайта көкке көтерді.

– Кәне, қай баланы шығарасыңдар, тез шығарыңдар! – дейді. Оны айналада тұрған шешендер іліп алып, біз ұқпайтын өз тілдерінде даурығыса сөйлеп, қыздыра түседі.

– Әй, ағайындар, мына жерде үш ауыл қазақ жиналыппыз. Қайсыңның белі мықты, ұстаса алатын балаң бар? Атам қазақтың әруағы қолдайды, кәне, бір батыр баламызға үміт артып ортаға шығарайық. Әйтпесе, мына шіркіндер дес бермей бара жатыр ғой, – деді, кейін КПСС ХХІV съезінің делегаты болған әйгілі колхоз бастығы Жұрымбай Медетов.

Ол кісінің осы сөзі арқаландырып жіберсе керек, Тесіктас ауылындағы Талдыбұлақ жетіжылдық мектебінің ұл-қыздарын бастап әкелген Сатан Сүлейменов бойы шешеннің баласына жетеқабыл бір оқушысын ортаға алып шықты. «Қорықпа, сен одан күштісің» деп, арқасынан қағып, жылы сөзімен дем бергенін естідік. Әлгі бала батыл басып, ортадағы мереке думанын жүргізіп тұрған кісінің қасына жақындады. Шешеннің баласы одан бұрын жету үшін лып етіп барды. Өзін соншалықты еркін ұстасына қарағанда жеңетініне әбден сенімді сияқты. Бірақ сырт көзге қорбиған денесі екен, ұстасқан соң, тіресіп бірер минут тұрды ма, жоқ па, әйтеуір екеуіне де қалай болар екен-ау деп бар тілеуін тілеп, қадала қараған барша жұрттың көз алдында шиыра бір айналдырып, қара жерге топ еткізді. Анау тырбаңдап, жауырынын бермеу үшін қанша тырмысып, тыраштана тістенсе де, ол әрекеті құр тырбаң болды.

– Айналайын, Дәулетім менің, жарайсың! – деп Сатан ағайы жанына жетіп барып құшақтай алды. Бетінен үсті-үстіне шөпілдетіп сүйіп жатыр.

«Бұл кімнің баласы-ей?» деп, білгенше дегбірлері қашты риза болған елдің.

«Бақташы Орынбайдың баласы ғой!» – деді сол ауылдан келгендердің бірі.

«Үш қыздан кейін көрген бір ұлы бар деуші еді. Сол бала екен ғой. Ой, айналайын баласынан, бәріміздің мерейімізді көкке көтерді ғой. Аман болсын. Көз тимесін», – деді дуылдасқан елдің арасында тұрған бөрікті кісі.

Мен алғаш рет Дәулет Төлепбергеновті осындай дүрмекті тойда көріп едім. Ол сонда үшінші сыныптың оқушысы болатын. Бес жылдан соң, қоңыр күзде сыныптастарымен Абай атындағы орта мектепке келді. Бізден бір сынып жоғары оқыды. Алайда, бір айдан кейін Талас ауданының Тамды ауылында тұратын әпкесінің қолына кетті де, онша араласа алмадық. Дегенмен, арагідік облыстық «Еңбек туы» газетіне жазған хабар, мақалаларын оқып жүрдік. Соған қарап, сыныптасым Алпысбай екеуміз болашақта өмірін журналистикамен ұштастырғысы келеді екен-ау деп, өзімізше тон пішуші едік. Дәл солай болды.

– 1970 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым, – деп еске алады өзі. – Шығармашылық конкурстан өттім, үш емтиханды ойдағыдай тапсырдым. Төртіншісі тарих еді, «топ етіп құладым». Бірақ оған өкінген жоқпын. Неге десең, біліп тұрған балаға емтихан қабылдаушылар бөгет жасамайды екен деген нық сеніммен ауылға қайттым.

Ойлы адам тектен-текке үйде жата ма? Дәулет қажетті бір мамандық алайын деп аудандағы жүргізушілер даярлайтын үш айлық курсқа барады. Оны бітіріп келген кезінде ауылдағы жігіттердің Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланған Қаратау қаласына комсомолдық жолдамамен кетіп жатқанын естиді. Соларға қосылып құрылысы қарқынды қолға алынған жас қалаға барады, құрылысшы болып жұмысқа кіріседі. Көктемде уақыты келгенде қатарластарымен бірге азаматтық борышын өтеуге аттанады.

«Әскери борышымды Грузияда өтедім. Бұл да бір мектеп екен. Ер жігіт ретінде үлкен сыннан өттім. Арасында ауылға демалысқа келіп кеттім. Кіші командир едім, старшина шенімен оралдым. Екі жылда құр жүрмей дайындалғанның арқасында армандап жүрген оқуыма түстім ғой», – дейді Дәукең.

Студенттік жылдардағы өндірістік тәжірибесі де ізсіз кетпеді. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне жыл сайын келіп жүріп, өзін редакция ұжымына оңды қырымен көрсете білді. Диплом алған кезінде бас редакторы Баттал Жаңабаевтың өзі қызметке шақырды. Екі жылдан соң радиожурналистикада бағымды сынап көрейінші деп, сол ғимараттағы облыстық радиоға ауысты. Газетте жазу өнеріне ысылған журналистке репортерді игеріп кетудің ешқандай қиындығы жоқ екен. Көп өтпей өндірісі қызу жүргізіліп жатқан Қаратау қаласындағы облыстық радионың бөлімшесіне жауапты редактор болып сұранып барды. Күнде бір сағаттық хабарын жүргізудің сыртында облыстық радионы да күнделікті жедел ақпараттармен қамтамасыз етіп тұрды.

Қиындығы мен қызығы қатар жүріп жататын журналистік өмірде әр алуан оқиғалар кездеседі. Соның бірі бертінде үлкен жазушыға айналған Марат Қабанбаевпен жерасты шахтасына түсуі. Ол кісі кеншілер өмірінен ел оқитын материал жазу үшін әдейілеп келген екен.

– Әрине, тағдыры қызықты, кеншілер өмірінен жан-жақты әңгіме айта білетін адамға апару керек. Бірден Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мырзаш Әліқұлов жұмыс істейтін «Молодежный» кенішінің алтыншы көкжиегіне түстік, – деп еске алады Дәукең. – Бұл өзі сегіз көкжиектен тұратын кеніш еді. Әр көкжиегінің арасы жүз метр шамасында. Төбеден су тырс-тырс тамшылап тұр. Жанымызға Нұрмахан Мыңбаев деген азаматты жол бастаушы етіп қосып берген. Ала көлеңке туннельмен үш жүз метрдей жүрген кезімізде кенет құлақ тұндырар жарылыстың үні естілді. Сол сәт жарық та жалп етіп сөнді. Нұрмахан ондайға әбден үйренген шығар, ал екеуміздің қорыққанымыз сондай, қайта-қайта Құдайға жалбарындық. Бізді одан бетер үрейлендіре түсейін деді ме, Нұрмахан: «Енді жарық жанбайды, бітті!» – деді. Сол сөзінен соң, не болар екен деп қорыққан үстіне қорқа түстік. Сөйтсек, ол бізге әдейі әзілдеп айтқан екен. Әлден соң электр шамы қайта жанды. Марат аға екеуміз бір-бірімізге қараймыз. «Құдай бізді қолдады» деп қоямыз.

«Әншейінде білмейді екенбіз, Дәулет, жерастында өзгеше өмір ағысы бар екен ғой», – деді ол кісі, алты жүз метрлік баспалдақпен асықпай көтеріліп келе жатқан кезімізде.

– Әбден ысылған тәжірибелі журналист емес пе, көптеген білікті мамандармен сөйлесті, кеншілердің тоқтаусыз қызған екпінді еңбегін көзімен көрді. Жазамын деген мақаласына қажетті материалдың бәрін алғанына ризалық танытты, – дейді Дәукең.

Араға уақыт салып Марат Қабанбаев «Жұлдыз» журналына Қаратауға барған сол сапарынан кеншілер өмірінен оқырмандар қызығып оқитын көлемді мақала жарияласа, Дәулет тыңдаушыларына радиорепортаждар топтамасын ұсынды. Жерасты кенішінің бірінші көкжиегіндегі кеншілердің қозықұйрық өсіретіндігі туралы да алғаш рет ел қызығып тыңдайтын жақсы хабар жасады.

Дәукең репортерді көтере жүріп, телекамерамен жұмыс істеуді де үйрене бастады. Оған да жөндеп бейімделу керек екен. Құмартқан адам үшін қандай қиындығы болсын, көп ұзамай ол тележурналист болып шыға келді. Бұл кеңестік жүйе ыдырап, нарық дәуірі екпіндей еніп келе жатқан бастапқы кезең еді. Не нәрсеге де тез бейімделгіш азамат Қаратау қаласынан коммерциялық телестудия ашты. Сөйтіп, көгілдір экран арқылы қаратаулықтарды күнделікті жаңалықтармен хабардар етіп, шағын қаланың толғақты мәселелерін жан-жақты көтере білді. Елдің теледидарға деген қызығушылығы арта түсті. Солар «Дәулеттің бағдарламасын көрейік» деп, «ҚТД – Қаратау теледидары» хабарларын көру үшін телеэкранға телміре қарайтынды әдетке айналдырды.

Ол сол уақытта облыстық телевидениенің Талас, Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін де қоса атқарды. Елмен бұрынғыдан да етене араласатын жағдайға жетті. Қызғылықты хабарларды үсті-үстіне жасайтын кәсіби тележурналист ретінде танылды. Осылай Дәулет Төлепбергенов журналистиканың үш бірдей саласы – баспасөз, радио, телевидениені жан-жақты меңгерген бірегей маман болды. Қай-қайсында да өзінің іскерлік қабілет-қарымын, журналистік шеберлігін көрсете білді.

Тележурналистика мен кино өндірісі қоңсылас кәсіп емес пе? Тәжірибе жинақтағаннан кейін Дәукең деректі киноға да ден қойды. Сөйтіп, Бетпақдалада әкесінің ақ таяғына ие болған қаршадай қыз Ақбала туралы «Дала қызы» атты деректі фильм түсірді. Ақбала ат құлағында ойнайды, машина, тракторды қоса тізгіндеген, оның сыртында құралайды көзге атқан мерген болып шықты. Фильмде осының бәрі жан- жақты ашылады. Көрермендер тарапынан өте жақсы бағасын алған жарты сағаттық осы фильм «Қазақстан» телеарнасынан да әлденеше рет көрсетілді. Одан кейін Дәулеттің «Көкала», «Долана» деректі фильмдері де мамандардың назарын айрықша аударған дүниелер болды.

Бала кезінде балуандығымен ел назарына айрықша іліккен Дәулет Орынбайұлы ел үшін еткен әлгіндей еңбектерімен де елеусіз қалмады.

– 2003 жылы Талас аудандық мәслихатының депутаттығы үшін ауданға танымал сегіз азамат бәсекеге түстік, – дейді өзі. – Нағыз додалы сайлау болды. Әлгілердің арасынан сайлаушылардың ең жоғары даусын мен жинадым. Елге берген сөзімде тұрып Ақкөл, Үшарал, Көшек елді мекендеріне апаратын жолды жөндетуге төрт миллион теңге қаржы бөлдіруге және ауылдарға ауыз су, ішкі көші-қон, кәсіпкерлігін дамытамын деушілерге жеңілдетілген несие бөлгізуге ықпал еттім.

Міне, осыдан кейін ол аудандық мәслихат депутаты болып екінші рет тағы да сайланады. Бес жыл аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы міндетін абыроймен атқарады. Әлбетте, көпшіліктің көзіне көрінетін, көкейінен шығатын осындай жұмыстардан соң Дәулеттің Талас ауданының Құрметті азаматы болуы заңды емес пе?!

 

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

публицист-жазушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support