- Advertisement -

Болмысы бөлек Болат еді

287

- Advertisement -

Көп жыл замандас ретінде қатар жүріп, ұзақ жыл араласып, дос болған, әркез ой-пікір бөлісіп, сырлас болған жан туралы өткен шақта қалам тарту жеңіл емес екен. Күні кеше ғана сардар мінезімен салиқалы, байыпты пікір айтып, мына өмірдің қиындығы мен жақсылығын, жетістіктеріміз бен қуаныштарымызды бірге бөлісіп жүрген аяулы азамат, қарымды қаламгер-журналист, шебер стилист-публицист Болат Мәуленовтің өмірден озғанына да үш жыл болыпты. Одан кенет көз жазып қаламыз деп кім ойлаған. Өткен өмір – көрген түстей екен ғой…

Адамның өмірінде «дос» деген ұғым бар. «Тегіңді, жынысыңды, туысыңды Алла тағала маңдайыңа жазып береді. Ал сенімді дос таңдау әркімнің өзіне беріледі», – дейді білгіштер. Әркім өзінің мына мың құбылған сайқымазақ, беймаза өмір жолында мыңдаған адамды ұшыратады. Солардың арасынан досты өзің таңдайсың. Ол, әрине, жеңіл дүние емес. Балалық бал дәурен, студенттік жалындаған жылдар, еңбек жолдары бізге достар ұсына білді. Әр досыңның адамдық асыл қасиеттері – мінезі, ой-орамы, сана- түйсігі, талғамы, түсінігі, рухани байлығы сенімен үйлесім табуы керек. Достардың да достары бар. Біреу сені үлкен қызметің үшін, екіншісі сені қалың қалтаң үшін жақындасып, дос болғысы келеді. Уақыт келе өмір сынағынан, өмір елегінен өтіп, біреуі нағыз досқа айналса, екіншісі уақытша амал дос болып жүріп, кейін көзден ғайып болады. Сондай нағыз достардың бірі мен үшін Болат Мәуленов болды.

Болат облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетіне 1976 жылы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеттің журналистика факультетін тәмамдап, дипломды маман болып келді. Оның алдында бірер жыл ауылы Сарысу ауданының «Түгіскен» (қазіргі Тоғызкент ауылы) совхозында, одан кейін әскер қатарына алынып, үш жылдық парызын өтеп, біраз өмірлік тәжірибе жинап, еңбекке ысылып, сол кездегі астанамыз әсем Алматыға оқуға, өзі армандаған ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, дипломды маман болып Таразға оралып, облыстық газетке орналасты. Ол білімді журналист ретінде шымыр, тартымды, ойлы мақалалар, очерктер жазып көпшіліктің көзіне түсті. Баттал Жаңабаев, Бақытяр Әбілдаев, Мейірхан Қуанышбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Елен Әлімжан, Арғынбай Бекбосын, Сағат Арынов сынды сақа журналистер Болаттың қабілетін танып, қамқорлықтарына алып, әрдайым қолдап, қанаттандырып отырды.

Қызметтен қолым қалт еткен сәттерде қолыма қалам алып, ойда жүрген дүниелерді қағазға түсіретін ежелгі әдет бойынша газет қызметкерлерінің біразымен таныс болатынмын. Сол кезде «Еңбек туы» газетінде бір шоғыр жас журналистер – Мұса Рахманбердиев, Мұрат Сыздықов, Доқтырхан Тұрлыбеков, Мақұлбек Малдарбеков, Толымбек Әлімбеков болды. Редакцияға келіп- кетіп жүріп, әлгі жас журналистердің біразымен таныстым. Солардың арасында көңілдері мен ой-пікірлерімен, талғамы мен түсінігімен, ішкі рухани дүниелерімен маған жақын Болат пен Доқтырхан болды. Келе-келе олармен етене араласып, сыйласып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, жақын, нағыз жарасымды дос болып кеттік. Болаттың жан жары Шолпанға үйленген бақытты кезінде де, ұлы Думанның өмірге келген қуанышын да және келіні Ақмаралдың босаға аттаған тойында, басқа айтулы отбасылық қуаныш-шараларын бірге бөлісіп едік. Балалары да көз алдымызда өсіп-жетілді, білім алды. Тіпті анда-санда бас қосып, бірге табиғат аясына демалысқа да шығып тұрдық.

Шамамен өткен жүзжылдықтың 80 жылдарының басында болар, мен достарымды мамыр айында өзімнің кіндік қаным тамған қасиетті Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбасқа «маевкаға» шақырып, Болат- Шолпан, Қалжан-Сағынкүл және бала- шағаларымызбен барғанымыз есімде. Ол өңірдің құлпырған керемет, ғажап табиғатына, таудың таза саф ауасына, мөп-мөлдір таза суы мол бұлақтарына, теңіз толқынындай құлпырған даланың әсем қызғалдақтарына, тағылымды тарихы мен аңыз әңгімелерге қаныққан Болат досым: «Түу, мына сенің өскен өңірің қандай керемет, табиғаты бай, тарихы мол. Тектен-тек заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов 1954 жылы осы Көкжон өңірін аралап, көркем де әсем табиғатына сүйсініп, тың игерушілер жайында «Түркістан солай туған» деген көлемді очерк жазыпты», – дегені есімде. Содан кейін де Болатпен талай сапарлас болдық, кездесулер мен тойларды бірге өткердік. Ол қай тақырыпқа әңгіме қозғамасын, оны бос көпіртпей, асықпай-аптықпай, қызбалыққа салынбай негізге сүйеніп байыпты айтатын, салмақты, дәйекті ойларын жеткізетін. Әр кездесуіміз, басқосу мәнді де сәнді, мазмұны терең әңгімелерге жалғасатын. Оның білімінің терең екенін, көп оқып, көп ізденетінін, сауаттылығын көпшілік мойындайтын.

Шынында, Болат досымыздың азаматтық болмысы, өмірлік ұстанымы, адамгершілік қасиеттері бөлек, дара еді. Ол адамдықтың биік үлгісі бола білді. Бұл, сірә, табиғаттың, Құдайдың оған берген тектіліктің, бекзаттылықтың көрінісі болу керек. Әдебиет, өнер, қоғам тынысын терең білетін, жан-жақты сараптама жасай білетін қабілеттілігі ерен, өмірін ізгілікке арнаған сауатты, өз ортасында беделді қаламгер еді. Базбіреулер сияқты жалпақтауды, жағымпаздануды жаны сүймейтін, өтірік, жалғанға жоқ еді. Тек шындықты, иә, шындықты жаны сүйетін еді.

Облыстық газетте біраз жыл беріле жемісті еңбек етіп, қаламы төселгеннен кейін ол облыстық телевидение және радио комитетіне ауысып, бас редактор болып қызмет етті. Облыс жаңалықтары мен қордаланған көкейкесті проблемаларды көпшілікке жеткізіп, өңірдің дамуына, экономиканың өсуіне айтарлықтай үлес қосты. Бірер жыл республикалық «Ауыл», «Дала дидары», «Айқын», «Заман-Қазақстан» газеттерінің облыстық тілшісі болып, өңір тіршілігін көпшілікке көрсете білді. Әріптестері оның қаламынан шыққан тартымды, ойлы дүниелерді тамсана оқып, «Біздің Болат мықты стилист-журналист» деп сыртынан мақтап отырғанын талай көрдім. Ол өзіне қаламгер-журналист ретінде үлкен талаптар қойып, әр мақаласын өзегіне жеткізе пісіріп, илеуі мен иіруін келтіріп, пысықтайтын. Өткір сюжеттер, детальдар, шымыр ой орамдары, тартымды сөз тіркестері кімді болмасын қызықтыратын. Замандастары мойындаған журналистика шеберінің біріне айналып еді біздің Бөкең. Ол аз жазса да саз жазатын, үлкен жауапкершілікті сезініп, кірпияз болатын. Көптеген жас журналистер оны өзіне ұстаз тұтты, одан жазу шеберлігін үйренді.

Зейнеткерлікке жасы жеткеннен кейін ол қол қусырып, үйбасты болып отырып қалмай, Тараз мемлекеттік М.Х.Дулати атындағы университеттің «Университет тынысы» газетінің бас редакторы болып, қажырлы еңбек етті. Сөйтіп, қаламы қолынан түспей жастардың білімді, саналы, тәрбиелі, еңбексүйгіш болып өсуіне, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерінің мол болуына барынша үлес қосты, шама-шарқына қарай қоғамдық істерге белсенді қатысты.

Кейде маған телефон шалып, жұмыс аяғында жұмысыма келетін. Өмірде кездесіп жатқан түйткілдер жайлы әңгіме айтып, ой-пікір бөліскенді ұнататын. Жаны таза азаматпен көптеген мәселелерді талқылап, ой таразысына салатынбыз. Көп сөйлеп, кісіні мезі етпейтін. Болмысы бөлек жан еді. Кетіп бара жатып: «Әңгіме- дүкен құрып, ой, шіркін, бір жеңілдеп қалдым-ау…», – деп ризашылықпен жымиып күлетін. Күлкісінің өзі ғанибет еді. Болаттың жаны да, ары да, ойы да, ісі де таза болатын. Ол туған топырағын, кіндік қаны тамған жерін, өскен ортасын, жалпы тұтас елін жан-тәнімен қалтқысыз сүйді. Жақсылыққа қуана білді, келеңсіз істерге түңілді. Қаламынан талай зерделі, ойлы, мәнді, әсерлі, жарқын дүниелер туды. Санай қалсаң, сірә, сан жетпес. «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа, жарқылдаған алмас па!» деген сөз осы біздің Болаттай дегдар азаматтарға айтылғандай. Ол әділдікті ту еткен талантты журналист болды.

Соңғы бір кездескенімізде: «Таяуда Қарағандыға барып, курстас досым көрнекті журналист Мағауияны жерлеуге қатысып келдім. Жыл өткен сайын курстас достарымның саны сиреп барады. Сол өкінішті. Әнеубір күні жазушы досым Мұса Рахманбердиев түсіме кірді. Газетке ол туралы естелік мақала жазсам деп ойлап жүрмін. Жерлесім, көп жылдар облыстың білім басқармасын басқарған Жатай Жұмәділов жайлы да қалам тербеу ойымда бар…» деген болатын. Көп уақыт өтпей- ақ облыстық «Ақ жол» газетінде Мұса Рахманбердиев туралы оның көлемді, мөлдіреген, әдемі естелік мақаласы жарық көрді. Онымен танысып болып, телефон шалып, мақала жайлы өз пікірімді білдірдім. Әңгімеден-әңгіме жалғасып, өткен- кеткен өміріміз жайлы қозғадық. Мына уақыт деген дүниенің ешкімге дес бермей, уыстағы құм секілді сусып өтіп бара жатқанын күрсіне еске салды. Қайдан білейік, мына тынымсыз тіршілікпен алысып жүріп, өмірдің асау сәйгүліктей зулап өте шығарын. Кейде сол уақыт шіркіннің қай сәтте аяқталарын, өмір қоңырауының соңғы соғуы қашан боларын кім білсін?! Бір күндік жалғанда «Әттең… әттең…» деп, санымызды соғып, өзегіміз өртеніп, өкініп жүреміз. Орыстың жазушысы Лев Толстой: «Ұмытпа! Сен мына өмірдің тұрғыны емес, жолаушысысың» депті. Онысы рас екен. Ерте ме, кеш пе, ф әнилік өмір таусылады. Өмір мәңгілік емес. Ол – хақ.

Болатты да тағдыр өз ықпалына көндірді. Оны алдына қойған мақсаттарына жеткізбей, тіпті, қоштасуға бір сәт мойын бұрғызбай, кенеттен келген ажал деген қасірет, 72 жасқа қараған шағында ортамыздан жұлып алып кетті. Өкінішіміз өлшеусіз. Болаттың орта жолда өмір бәйгесінен шығып қалғаны қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді ауыртты, санамызға салмақ түсірді. Соңғы ақтық сапарға шығаруға келген қарақұрым ел-жұртты көріп, досымыздың үлкен жүректі сыйлы азамат болғанына көзіміз жетіп, «тәуба!» дедік.

Досымызды қасиетті қара жер құшағына тапсырғанымызға, санап отырсақ, міне, үш жыл болыпты. Тағдырға талас бар ма? Болат мәңгі бақилық өмірге аттанды…

Оның алдына қойған мақсаттары аз емес еді-ау. Соның бірі – өз қамқорлығына алып, балабақшаға, мектепке жетектеп апарып жүрген немерелерінің болашағы жарқын, парасатты, мәдениетті, білімді, ойлы, ішкі дүниелері рухани бай болып өскенін көргісі келетіні еді. «Немерем Нарбұланды шахмат клубына бердім, ондағы мақсат – ойлау қабілеті жақсы дамысын дегенім ғой» деген болатын бір әңгімесінде. Өмір кенеттен үзілді. Әттең, амал не?! Қолдан келер қайран жоқ. Өлім алдында дәрменсіздігімізге жан дүниең құлазиды, жүрегің езіледі.

Сүйікті жары Шолпан өмірлік серігі Болатты жоғалтқанына қатты күйзелді, мына кең дүниеде орын таппай «аһ» ұрды, кеңістік тарылды. Көп ұзамай емі жоқ ауруға шалдығып, ота жасатып қиналды. Бірақ, тағдыр айдауына көндіріп, бір жыл өтер- өтпестен Болаттың артынан кете барды. Мәңгілік тыныштықты Болаттың жанынан тапты…

«Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Көңілді демеу ететін Болат досымыздың артында қалған жарқын істері, қағазға түскен шырайлы шығармалары, жаққан отын өшірмей отырған отбасы, өмірін жалғастырып жатқан ұлағатты ұрпағы. Осыны ойлап, сәл болса да еңсе көтереміз.

«Жақсы әкеден жаман ұл тумайды», дейді қазақ атамыз. Рас болу керек. Бөкеңнің ұлы Думан кішкентайынан зерек болып өсті. Жастайынан қолына қоңыр домбырасын алып, мәнерлеп ән салды. Тіпті, республикалық «Әнші балапан» байқау-жарысына, студенттік кезінде институттың атынан көңілді тапқырлар клубына қатысқаны күні кешегідей есімізде. Бұл күндері Думан Болатұлы облысымыздағы белгілі заңгер-сот қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент. Болат досымның отбасына біткен қадір мен қасиет, кісілік пен парасаттылық ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне кәміл сенемін.

…Базбір сәттерде қолыма Болат Мәуленов досымның 2019 жылы баспадан шыққан «Мұз бен гүл» деген кітабын алып, көз жүгіртемін. Оның көп жылдар бойы там — тұмдап, тірнектеп жиған, көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген, оқушыларының жүрегінен орын алған, дәуір шындығын арқа еткен шығармаларын оқи отырып, көңілге медет табамын. «Қайран, Болат! Артыңда жазған мына кітабың қалды, өзің мына жарық дүниеде жоқсың…». Көңілді шер басады, ауыр ойлар жан дүниеңді әлем-жәлем етеді. Шерхан ағамыз айтқандай «Бір кем дүние…» деп досымды еске алып, терең күрсініп, мұңға батамын…

Халық арасында «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөз бар. Егер олай болса, Болат досымыздың жарқын өмірін парасатты ұлы Думан мен жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек немерелері Нарбұлан, Шахмардан өмір сабақтастығын-эстафетасын абыроймен жалғастыра бергей!

Өмір көші еш үзілмесін деп тілейміз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support