- Advertisement -

Аңыз ансамбль – Әулиеатада

220

- Advertisement -

Қазақ ән өнерінде халықтың көңілінде жатталып қалған, аңызға айналған өнер ұжымдары бар. Солардың қатарында «Дос — Мұқасан» ансамблінің орны бөлек. 1968 жылдың жаз айында құрылған бұл өнер ұжымы содан бері көрерменнің ықыласына ие болып, музыка әлеміндегі өз өрнектерімен жүректерге жол тауып келеді.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов. Ол Қордай ауданында дүниеге келіп, Кенен баба ғұмыр кешкен топырақта қайталанбас балалық күндері өткен азамат. Құрылғанына биыл 55 жыл толуына және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайыновтың 75 жылдығына орай «Дос-Мұқасан» ансамблі «Далам менің!» атты концерттік бағдарламамен туған топыраққа арнайы келді. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен ән кешіне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, ансамбль ұжымын және мерейтой иесі Мұрат Құсайынұлын құттықтады.

– Бүгін – ерекше күн. Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің концертіне келіп отырмыз. Өнерлерін көріп отырмыз. Біздің аға буын және замандастарымыз осы «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерін тыңдап өстік. Ансамбльдің жолы – аңызға айналған тарихи жол. Қазақ даласына және алыс- жақын шет мемлекеттерге кең тарады. Бүгін біздерге концерттік бағдарламамен келіп отырған ансамбль ұжымына алғысымыз шексіз. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайыновты мерейлі жасымен құттықтаймыз және барлық жақсылықты тілейміз, – деп облыс басшысы өнер қайраткеріне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Мұнан соң «Дос-Мұқасанның» орындауындағы халық әндері, Абай Құнанбайұлы, Шәмші Қалдаяқов және Нұрғиса Тілендиевтің әндері әуелей қалықтап, жүректерге жетіп жатты. Көпшіліктің аталған өнер ұжымына деген ықыласы ерекше болса, біз мұны жоғарыда аталған әндердің сөзін жазған Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Шөмішбай Сариевтерге де құрмет деп түсіндік. Концертті танымал журналист Гүлмира Нәлібай жүргізді.

Өнер кешінде әнші-композитор Мұрат Құсайынов: «Бірнеше әнім махаббат тақырыбына арналған. Оның ішінде асыл жарым Сабираға арналып, оған сезімімді жеткізген «Әсем жұлдыз» әнім ерекше» дей келе, аталған әнді жеке дауыста орындап берді.

Сәті келгенде, ансамбльдің құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақжол Мейірбеков пен Есқайыр Абаханов, Данияр Құсайынов, Сергей Литвиненко болғанын айта кеткеніміз жөн. Оларға да көпшілік зор құрмет көрсетті. Концерт барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Ғани Мәтебаев пен Оңал Азаматова, жас әнші Арай Болат та өнер көрсетті.

Жүздеген жүректерді тербеген тағылымды концерт «Дос-Мұқасан» ұжымының орындауында халыққа кең тараған «16 қыз», «Куә бол, айым», «Той жыры» әндерімен түйінделді. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелініп, барша көрермен концертке ризашылықтарын ұзақ қол шапалақтарымен білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support