- Advertisement -

Ине сабақтайтын бала қайда?

48

- Advertisement -

Бала кезімізде «Әй, менің инемді кім сабақтайды?» деген апамның сөзіне бәріміз өре түрегелуші едік.

…Бүгінде ондай бала қалды ма?

Иә, немеренің дені иненің «көзіне» көз жеткізе алмайтын халдеміз. Біз қазір ата-әжеміздің, әке-шешеміздің ғана емес, өзіміздің көзілдірігімізді іздеп қарманып жүрміз. «Жаман ауру» ретінде тіркелмесе де, жанарымызға қатысты кез келген ауру, көру қабілетіміздің нашарлауы, мына өмірге шынының арғы жағынан қарай бастағанымыз алаңдайтын ахуалға айналып кетті. Дүниежүзі ғалымдары 2050 жылы жаһанның жартысынан көбінің көру қабілеті нашарлайтынын жариялап еді. Мына түрімізбен жартысын да жолда қалдыратын түріміз бар. Өкінішті, әрине.

Еліңді қалай қорғайсың, алыстан көзің көрмесе?

Өмірімізде ерекше орын алатын сезім мүшесінің бірі – көз. Онсыз мына әлем қараңғы түнек болар еді. Мұны бәріміз мойындаймыз. Сөйте тұра, қадіріне жете алмай жүрміз. Күнделікті қажет ақпараттың 90 пайызын жанарымыз арқылы аламыз.

Мектептегі әрбір үш баланың бірінің көз ауруы бар деген уайымымызға әскерге шақырылған зіңгіттей жігіттердің мәселесі қосылды. Соңғы жылдары комиссияға шақырылған елу адамның үш-төртеуі ғана әскери қызметке жарамды болып шығады екен. Ең өкініштісі, ел қорғауға қауқарсыз жандар арасында әскерге шақырылғандарға жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына қазір көз аурулары қосылған. Мамандар басқа ауру түрлері ішінен көз ауруы бірінші орынға шыққанын жасырмайды. «Әскерге шақырылғандардың арасында көздері алыстан көрмейтін жастар өте көп. Бірақ, ол әскерге мүлдем жарамсыз деген сөз емес. Тек «минустары» өте жоғарылары ғана өтпей қалады. Енді өзіңіз дәл қазіргі мектеп оқушыларына қараңызшы, көзілдірікке тәуелді.

Екі оқушының бірі сондай. Бізге де мектеп бітіріп келіп отырған сол оқушылар ғой», дейді әскери медициналық басқармасының көз дәрігері Жұлдыз Қарсыбекова.

Оның айтуынша, таңнан қара кешке дейін смартфоннан көз алмайтын балалар да бар. Сабақта да, үйде де телефонға тәуелді. Міне, сондай балалардың жанары жүз пайыз әлсірейді. «Қарапайым ғана мысал айтайын, адам күнделікті өмірде күніне 30 мың рет көз жыпылықтатады. Әр жыпылықтаған сайын одан ылғал бөлінеді. Ал біз телефонға ұзақ телміріп отырғанда осы рефлекс бұзылады. Міне, осыдан көзіміздің жанары құрғай бастайды. Қауіптің бәрі осы құрғаудан туып жатыр», дейді ол.

Оқушылардың 50-60 пайызының көзі көрмейді

Жыл өткен сайын көзі нашар көретін балалардың саны артып барады. Әсіресе, пандемиядан кейін смартфонға жіпсіз байланған цифрлы заман ұрпақтарының көру қабілеті күрт нашарлапты. Дәрігерлер жүргізген медициналық тексерудің қорытындысы бойынша 70 мыңнан астам оқушының көру қабілеті нашар. Екі жыл бұрынғы статистикада бұл жағдай үш есеге кем еді. Сарапшылардың пікірінше, балалар денсаулығының нашарлауына гаджеттер мен компьютерді жиі қолдану және шамадан тыс ақпарат ағымы кері әсер етіп отыр. Сондықтан, Үкімет Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне оқу үрдісінде денсаулыққа зияны аз технологияларды іріктеп, енгізу туралы тапсырма берген болатын.

Бұрын әр сыныпта бірнеше бала ғана көзілдірік тақса, қазір сыныптың жартысынан көбі көзілдіріксіз жүре алмайды екен. Көз дәрігері Самал Ерімбетованың айтуынша, баланың таңнан кешке дейін сағаттап телефонға үңілуі оның денсаулығына әсер етпей қоймайды.

Дәрігерлер 1-сынып оқушыларының көру қабілетін тексергенде жартысынан көбінде осындай жағдай кездесіпті. Бұрын, статистика бойынша 35 пайыз баланың көзі нашар көрсе, бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрап отыр.

Көз – көйлек емес!

Медициналық статистикаға сәйкес, миопия диагнозы оқушылардың үштен бірінде және мектепке дейінгі балалардың 20 пайызында расталған. Оқушыларда алысты көрмеу және астигматизм жиі кездеседі. Облысымыз бойынша жоғары сынып оқушылары арасында көру органдарының патологиясы 45 пайыз, орта буын 5-9 сынып оқушылары арасында – 42 пайыз, бастауыш сынып оқушылары арасында 13 пайызды құрап отыр. Мамандар балалардың мектепке жаңа барғанда тек 4 пайызында ғана көз аурулары анықталса, мектепті тәмамдағанда олардың үлесі 50-60 пайыздан асатынын айтады. «Дәл осы кезеңді «технологиялық төңкеріс» десек те болады. Дәрігерлік тексерістерден кейін қаншама баланың көзілдірік киіп жүргенін білдік. Тіпті, көзілдірік киіп үлгермегендерінің де көру қабілеті мақтанарлықтай емес. Әсіресе, сығырлық (миопия) пен алыстан көрмеушілік (близорукость) көп кездеседі», дейді балалар офтальмологы Ирина Мельникова.

Дәрігердің алаңдауында негіз бар. Өйткені, миопия дегені тұқым қуалайтын ауру болса, алыстан көрмеушілік көп жағдайда қолдан жасайтын ауру. Оны дер кезінде емдемесе, көз тартыла түседі екен. Оны ота арқылы емдеп аламын десе қателеседі. Қазіргі жастардың көп қолданатын линзасының да пайдасы шамалы. Оны ауыстырып, киіп, шешіп жүргенде қандайда бір инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. Оның соңы жанардың суалуына, соқырлыққа апаруы мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер көздің көйлек емес екенін ескертіп, тіпті, көзінің көруі нашар болса тек көзілдірік кигені дұрыс дейді.

Ислам не дейді?

Көз – асылында адамзат баласына берген Алланың ұлы нығметі. Өкініштісі сол, ең ғажайып жаратылыстың қадіріне жете алмай жүруіміз жанға батады. Қос жанарыңмен мына мөлдіреген әлемге назар салуды ғана ойламай, оны тек жақсы нәрселерді көруге арнау керек. Ғалымдар ұзақ уақыт көзді бейнекамералармен де салыстырып келді. Алайда, ол тек инженердің жетістігі ғана. Ол екеуінің ұқсастығы бары рас, бірақ салыстыруға келмейді. Адамның ақылымен ойлап табылған жасанды техникалар да көз құрылысын жасауға қауқарсыз.

«Бір тақуа пенде Жаратушының алдына 500 жылдық үздіксіз құлшылығымен барса керек. Алла тағала: «Менің мейіріміммен жәннат бағына кір» дейді. Сонда «Жоқ, мен өзімнің 500 жылдық амалыммен кіремін» деген пендесіне Жаратушы иеміз таразы қойып, оның бір басына бес ғасырлық құлшылығын және бір басына адамның көз нығметін қояды. Екі бірдей көз емес, бір ғана көзді таразылайды. Сол кезде бір ғана көздің нығметі пенденің сонша жылдық құлшылық амалын басып кетеді. Осыдан-ақ Алланың адамға берген байлығын түсінуге болады», дейді «Нұр-Мүбәрак» университетінің студенті Әмина Есболқызы.

ТҮЙІН

Салмағы 8-ақ грамм жанарыңызға өзіңіздің жаныңыз ашымаса, сіздің де осы тізімнен табылуыңыз әбден мүмкін…

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support